Мектеп • 21 Қаңтар, 2025

Шағын аудандағы жайлы мектеп

696 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда бір күнде екі бірдей жайлы мектеп пай­далануға берілді. Кейінгі жыл­­дары бой көтерген «Бе­реке», «Аэропорт» шағын аудан­д­арында ашылған білім орда­­ларында 2100 бала қазақ ті­лінде білім алатын болады.

Шағын аудандағы жайлы мектеп

Жайлы мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров, білім саласының басшылары, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

«Береке» шағын ауданында жиыр­ма мыңға жуық халық тұрады. Бала­лардың сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалып, білім орда­­сы арнайы құрылғылармен жаб­дық­тал­ды. Ұлы ағартушы, ғалымдар ме­­кені Тобыл-Торғай жерінде ұлы жо­балардың әрі қарай жалғасаты­ны­на сенімдіміз. Сапалы білім және өскелең ұрпақты тәрбиелеу еліміз­дің басты құндылықтары. Прези­дент саясатының арқасында елі­міз­де сапалы білім алу үшін қолайлы жағ­дай жасалып, өткен жылы 1200 орын­­дық екі мектеп салынды. Биыл төрт жарым мың орынды қамти­тын жеті мектептің құрылысы аяқта­ла­ды. Осындай маңызды әлеуметтік нысандардың нәтижесінде облыста­ғы оқу орындарының тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді. Облыс­тың білім саласы көптеген жетіс­тік­ке жетті. Өңіріміз республика­лық пәндік олимпиададан үшінші орында, халықаралық байқауларда ал­дыңғы қатардамыз. Бұл жерде осы қабілеттеріңізді одан әрі шыңдап, үлкен армандарға жол ашылғалы тұр», деді әкім.

ап

«Береке» шағын ауданының тұр­ғыны Ермек Қалқаева жаңа мектеп­ке екі бірдей немересін жетектеп әке­ліпті. Кезінде Науырзым ауданында, кейін Қостанайда мұғалімдік қызмет атқарған ардагер ұстаз балаға өз ана тілінде білім берудің маңызды екенін жақсы біледі.

«Жаңа мектеп бізге ұнады. Ұлт­тық сипатта тәрбие, білім береді әрі өзімізге жайлы. Жанымызда орна­ласқан. Іші жарық, бөлмелері кең, жақсы жабдықталған. Балалардың са­палы білім алуына жағдай жасалған. Саналы тәрбие алып шығатынына сенеміз. Өзім де ұстаз болғанмын. Қы­рық жылға жуық уақыт матема­тика пәнінен сабақ бердім. Әлі мектептен кеткен жоқпын. Немерелерім­­ді оқытамын. Сегіз немерем бар. Қа­з­ір­гі бағдарламада бұрынғыдан айыр­­ма­шылық көп. Жаңаша үйрету­ге, ­жа­ңаша тәрбиелеуге тырысамыз. Әр ата-ананың арманы – балаларының білім алып үлкен азамат болғаны», дейді ардагер ұстаз.

Бұған дейін орыс-қазақ сыныптары аралас мектептерде оқып келген бірсыпыра бала енді таза қазақ тілінде білім беретін осы мектепке қабылданатын болады. «Береке» шағын ауданының тұрғыны Дәмір Ахтиямов та балаларын үй іргесінде ашылған жаңа мектепке беріп жатыр.

«Бұл мектеп осы жердегі тұр­ғындар үшін жайлы деп ойлаймын. Осының алдында қызымыз №27 мектепте оқып еді. Ол бізге алыс. Ал жаңа мектеп жанымызда тұр әрі іші жарық, кең, оқуға сай заманауи үлгі­де жабдықталған. Ең бастысы, үйге жақын, бала да шаршамайды, біз де уақыт үнемдейміз. Бұрын екінші балам Абай мектебінде оқыды. Кейде сабағына жалғыз жіберуге тура келеді. Сондай кездерде жолдың арғы бетіне қалай өтті екен деп алаңдап отыратынбыз. Қазір мектебіміз үйге тиіп тұр. Сондықтан Президентіміздің бастамасымен салынған жайлы мектептер балаға ғана емес, ата-аналарға да аса қолайлы», дейді тұрғын.

Жаңа шағын аудандардағы жайлы мектептердің құрылысына рес­публика бюджетінен 14 млрд теңге қаржы бөлінген. Облыстық білім бас­қармасының мәліметінше, биыл ­өңір­де 4,5 мың бала білім алатын тағы 7 мектеп салынады.

 

Қостанай облысы