
Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметіне 53,9 мың рет жүгінген екен. Инватаксидің сапасы мен қызмет көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, қызметті жетілдірудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Айталық, осыған дейін азаматтар инватаксиге күн бұрын, телефон арқылы жазылатын. Сапарды алдын ала жоспарлап, инватаксиді күтуге мәжбүр болатын. Оның үстіне көлік құралдарының жетіспеушілігі де байқалады. Осы түйткілді шешу мақсатында министрлік ұсынған қанатқақты жоба арқылы инватакси қызметіне такси агрегаторларын тартуға мүмкіндік туды. Мұндағы басты шарт – сапарлардың ақысында артық пайыздың болмауы. Олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылады.
Бұл ретте «Яндекс» компаниясының жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдіргені қуантты. Азаматтар енді «Яндекс Go» мобильді қосымшасы арқылы Инватакси қызметін пайдалана алады. Бұл – қызмет алушыға көлікті тезірек таңдауға, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалауға, жасалған сапарларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуге арналған мүмкіндіктер экраны бар. Жүргізушілер адамды көлікке отырғызарда, түсірерде қалай көмек көрсетуге болатыны туралы арнайы нұсқаулар алады. Биыл жобаны қанатқақты режімде іске асыру жалғасады. Тәжірибені елдің басқа да өңірлеріне тарату жоспарланып отыр.