Үкімет • 21 Қаңтар, 2025

Депутаттар кездесулері қорытындыланды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросы өтті. Онда сенаторлар 23 қаңтарда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ депутаттардың желтоқсан, қаңтар айларында ұйымдастырылған өңірлерге сапарлары кезіндегі жергілікті тұрғындармен кездесулері қорытындыланды.

Депутаттар кездесулері қорытындыланды

Сурет: oimaqnews.kz

Палата төрағасы сенаторлар халық­пен кездесулерде көтерілген өзекті проб­лемаларды депутаттық сауалдарға арқау етіп, оларды шешуге белсенді атсалысу керек екенін атап өтті.

«Жергілікті тұрғындармен кездесулерде азаматтарымыз өздерін алаңдат­қан өзекті мәселелерді көтер­ді. Өңірлер­дің мүддесін қорғайтын палатаның депутаттары ретінде сенаторлар аймақтарды дамыту мәселесіне ерекше мән беруі қажет. Сол себепті алдағы уақытта іссапарлардың нәти­жесі бойынша маңызды депутаттық са­уалдар жарияланып, азаматтардың ұсыныстары палатаның заң шығару қызметінде ескеріледі деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар бюрода осы аптада өткізілетін іс-шаралар талқыланды. Бұл аптада ЕАЭО-ның ішкі шекарасында шекаралық өткізу пункттерін реконструкциялау және салуға, салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерге, азаматтарды әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру­ге үйрету үшін орталықтар құру және олардың жұмыс істеуіне қатыс­­ты мәселелер бойынша мүдделі мем­лекет­тік органдармен кездесулер жос­пар­ланған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру және меди­циналық сақтандыруды дамыту мәселелеріне арналған Сенат коми­тетінің кеңейтілген отырысы өтеді.

Отырыс кезінде бюро мүшелері палатаның алдағы бейсенбіде болатын отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды шығарды. Бұл заңның нормалары мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесін нығайту, бала құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған.