Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықты Бірлік мерекесімен құттықтады
Кеше елордадағы «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Нұрлы Жол – жеңіс жолы» атты мерекелік шара өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Мерекелік жиында сөз алған Елбасы алаңға жиналған жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтай келе, өткен сайлауда ел азаматтары өздерінің күш-жігері мен бірлігін бүкіл әлемге танытқанын атап көрсетті. «Көпэтносты халықтың тұтастығы мен тұрақтылығы арқасында Қазақстан зор табыстарға жетті. Ел алдында тұрған міндеттерді орындау үшін бірлікті сақтау керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ, көрсеткен сенімі мен қолдауы үшін барша халыққа алғысын білдірді. «Мені қолдаған барлық қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Маған осы күндері еліміз бен әлемнің сан тарапынан, түрлі сала өкілдерінен мыңдаған құттықтау хаттар мен жеделхаттар, телефон қоңыраулары келіп түсуде. Бәріне үлкен рахмет айтамын. Халыққа қызмет ету – ұлы мәртебе. Мен өзімді осы жұмысқа арнаған адаммын және Қазақстанның алға ілгерілеуі үшін, бізді бүкіл әлем құрметтеуі үшін және ел алдында тұрған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін бәрін жасайтын боламын. Біз мұны елдің және болашақ ұрпақтың алдындағы парызымызды орындадық деп айту үшін атқаруға тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандыққа бақ-береке және табыс тіледі.
Мерекелік шара аясында, сонымен қатар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оған «МузАРТ», «Алашұлы» топтары, Ардақ Балажанова, Маржан Арапбаева, Алмас Кішкенбаев, Сүндет Байғожин, Әсел Сәдуақасова, Диана Шарапова, Евгений Гартунг секілді Қазақстанның эстрада өнерпаздары қатысты. Жиналған қауымға елорданың және республиканың шығармашылық ұжымдары, оның ішінде Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының өкілдері, елордалық цирк, «Жастар», Қуыршақ және Көңілді тапқырлар клубының театрлары, «Наз» мемлекеттік би театры өнер көрсетті.
Бірлік күнін атап өту үшін Астанаға өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері де арнайы келіпті. Олардың арасында Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының өнер ұжымдары бар.
«Қазақ елі» монументі алаңының аумағында мерекеге орай этноауылдар тігіліп, ол жерлерде елорданың ғана емес, басқа да қалалардың этномәдени бірлестіктері өз ұлтының мәдениетін, болмысын, достық дәстүрі мен қонақжайлылығын паш етті.
Бірлік күніне арналған концерттік бағдарламалар мен халықтық серуендер, сонымен қатар, Астананың «Бәйтерек» монументі, елордалық әкімдік алдындағы алаңдарда, Ғашықтар және Студенттер саябақтарында, «Жастар театры» алдында және Есіл өзені жағалауында ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.