Спорт • 22 Қаңтар, 2025

Спорт федерациялары әр тиын үшін есеп беруі керек - Нартай Аралбайұлы

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кейінгі 6 жылда Қазақстандағы спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге жұмсалған. Алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған, деп жазады Egemen.kz.

Спорт федерациялары әр тиын үшін есеп беруі керек - Нартай Аралбайұлы

Фото: liter.kz

Қомақты қаржы құйылғанмен байрақты бәсекелерде жоғары нәтиже байқалмаған. Әлемдік спорт рейтингінде Қазақстан 2014 жылы 25-орында болса, 2023 жылы 42-орынға түсіп қалған. Бұрын бөлінген ақшаның 60 пайызы Олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағытталғанын айтқан депутат  Нартай Аралбайұлы жоғары жетістіктер спортының нақты анықтамасы бекітілгенін хабарлады. 

«Енді жоғары жетістіктер спортына - Олимпиада, параолимпиада, сурдлимпиада, азия, параазия және ұлттық спорт түрлері ғана енеді. Бұл бүгінге дейін тіркеліп кеткен 180-нен астам спорт түрін 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Мәселен соңғы 6 жылда 49 млрд теңге  алған «Барыс» хоккей клубы, соңғы 6 жылда 50 млрд теңге алған «Астана» футбол клубы сынды командалардың әр тиын үшін есеп беретін күні тууы тиіс. Осынша ақша алғанына қарамастан аталған командалардың өз инфрақұрылымдары жоқ. Бір ғана «Астана» футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимараттарды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған», деді депутат.

Ел спортына серпін беруге бағытталған қаржының біраз бөлігі легионерлерді ұстауға жұмсалатынын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеген еді. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 126 шетелдік спортшыға азаматтық берген, бірақ олардың әрбір екіншісі кейін өз еліне қайтып кеткен. 

«Бұдан бөлек кей федерациялардың заң жобасы енді спорт түрлерін шектейді дегені де шындыққа жанаспайды. Себебі заң жобасында 1 федерацияда 1 спорт түрі ғана болады деп жазылды, бұл бір жүйені қалыптастыру үшін керек. Себебі кей федерациялардың құрамына 5-10 спорт түрі тіркеліп кеткен. Туризм және спорт министрлігі заң жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын көбейтуі қажет. Мәдениет және ақпарат министрлігі жалған ақпарат таратып елді дүрліктірген ақпарат құралдары мен интернет қолданушыларға тиісті шара қолдануы қажет. Спорт федерацияларының ақпараттық жұмысқа қанша қаржы жұмсайтынын тексеру керек», деді Нартай Аралбайұлы.