* Президент почтасынан
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар әлі де келіп жатыр
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Муннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевты лауазымына ресми кірісуімен құттықтады.
«Қазақстан мен БҰҰ көптеген салаларда тығыз әрі жан-жақты қарым-қатынас орнатты. Біздің қарым-қатынастарымыз Қазақстан халқының және бүкіл өңірдің игілігі үшін бұдан әрі де дами береді деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Ксавье Беттель Люксембург Ұлы Герцогтігі Үкіметінің және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
«Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды нығайту мақсатында Сізбен және Сіздің Үкіметпен бірлескен жұмысты жалғастыра беретініме қуаныштымын. Өзара мүдделестік танытқан екіжақты мәселелерді менің Астанаға мамыр айында болатын сапарым кезінде Сізбен талқылау мүмкіндігін тағатсыздана күтудемін», – делінген жеделхатта.
Люксембург Премьер-министрі Қазақстан Президентіне жауапты лауазымдағы жұмысына табыс тіледі.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Италия Президенті Серджио Маттарелладан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
С.Маттарелла Италия халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты жеңісімен құттықтады.
«Қазақстан мен Италия арасындағы дәстүрлі энергетика және басқа да салалардағы жемісті ынтымақтастығымыздың бағыты дұрыс. Қазақстан Сіздің басшылығыңыз арқылы Еуропалық одақпен қарым-қатынастарын, сондай-ақ, Астана мен Рим арасындағы байланыстарды нығайтуды жалғастыратынына сенемін», – делінген құттықтауда.
Италия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және бүкіл елімізге бақ-береке тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Сингапур Республикасының Президенті Тони Тан Кенг Ямадан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Сингапур Президенті ел халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты жеңісімен құттықтады.
«Сингапур мен Қазақстан арасында жақсы достық қарым-қатынас орнаған. Сіздің басшылығыңызбен екіжақты ынтымақтастықтың нығая беретініне сенімдімін. Халықтарымыздың игілігі үшін өзара ықпалдастықты дамыту мақсатында бірлесіп жұмыс істейміз деп үміттенемін», – делінген жеделхатта.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Израиль Мемлекетінің экс-президенті Шимон Перестен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Ш.Перес Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет игілігіне арналған көпжылдық қызметі көшбасшылықтың үлгісіне айналғанын атап өтті.
«Сіздің өз еліңізге деген адалдығыңыз Қазақстанды территориясы үлкен мемлекеттен мазмұны бай елге айналдырды, – делінген жеделхатта.
Израильдің экс-президенті Қазақстан Президентінің еңбегі мен жұмсаған күш-жігерінің нәтижесін халықтың лайықты бағалағанын айтты.
Ш.Перес еліміздің татулығы мен өркендеуіне тілектестігін білдірді.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Мұхаммад Наваз Шарифтен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
М.Н.Шариф Пәкістан Үкіметі мен жеке өзінің атынан құттықтауында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы айқын жеңісі мен сайлаушылардың жоғары белсенділігі Қазақстан халқының өз Көшбасшысының ел мемлекеттілігін табысты дамытудағы еңбегін халықтың даусыз мойындайтынын, сондай-ақ жасампаз әрі көреген саясатқа деген сенімнің жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтеді.
Пәкістан Премьер-министрі Қазақстан Президентінің елдің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін атап өтті.
«Сіз ұсынған бес реформа экономиканың одан әрі өсуіне, орта таптың нығаюына, Қазақстан халқы бірлігінің күшеюіне, елдің өркендеуі мен халықаралық аренадағы беделінің артуына септігін тигізетініне сенімдімін», – делінген құттықтауда.
М.Н.Шариф Қазақстан мен Пәкістан қарым-қатынастары дәстүрлі достық, тарих, мәдениет және бауырластықтың көпғасырлық байланыстарына негізделгенін айтты.
«Елдеріміздің арасында өзара тиімді ынтымақтастық үшін зор әлеует бар. Екіжақты ынтымақтастықтың өзара мүдделілігі бар нақты мәселелерін Сізбен бірге талқылау мүмкіндігін тағатсыздана күтемін», – делінген жеделхатта.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Бруней Даруссалам Мемлекетінің Сұлтаны Хассанал Болкиахтан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Х.Болкиах Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Бруней Сұлтаны екі елдің игілігі үшін ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуге мүдделілігін танытты.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббастан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Махмуд Аббас Палестина Үкіметі мен халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен шын жүректен құттықтады.
«Біз Қазақстан Республикасымен барлық саладағы ынтымақтастығымыз бен туысқандық ниеттестігімізді нығайту және дамыту, екі ел халқының мүддесі үшін қарым-қатынастарымызды одан әрі жаңғыртуды жалғастыра беру жолын ұстанатынымызды тағы да айтамыз», – делінген жеделхатта.
Соңында Палестина Президенті Мемлекет басшысына мықты денсаулық пен бақыт тілеп, Қазақстан халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Үндістан Республикасының Президенті Пранаб Мукерджиден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
П.Мукерджи Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
«Сіздің сайлаудағы жеңісіңіз – Қазақстан халқының Өзіңізге деген зор сенімінің айғағы. Қазақстанды мықты әрі өркендеуші мемлекетке айналдыруға бағытталған қажырлы еңбегіңіз өз жемісін беретініне сенімдімін», – делінген хатта.
Үндістан Президенті ортақ мүдделілік бар бірнеше салада өзара тиімді қарым-қатынастардың орныққанына қанағаттанатынын жеткізді. Ол сондай-ақ Үндістанның екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыратынына сендірді.
Соңында П.Мукерджи Қазақстан Президентіне мықты денсаулық және табыс тілеп, еліміздің дамуы мен өркендеуіне ниеттестік білдірді.
* * *
Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Венесуэла Президенті Николас Мадуродан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Николас Мадуро Венесуэла Үкіметінің және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
«Венесуэла Боливариан Республикасының халқы мен Үкіметі Орталық Азия халықтарымен, әсіресе Қазақстан Республикасымен көпполярлы және көпорталықты әлемдік тәртіп құру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниеттес екенін білдіреді», – делінген жеделхатта.