Ең қысқа әңгіме • 23 Қаңтар, 2025

Естірту – есті дәстүр, ерек ғұрып

102 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың қай салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жөн-жоралғысын алып қарасаңыз да тәнті болмасқа лажыңыз жоқ. Ұлтымыздың осынау ұлағатты құндылықтарында терең мағына, тәрбиелік мән-мәніс, өмір қағидаларына темірқазық боларлық қасиет тұнып тұр ғой, тұнып тұр. Әттең-ай, әттең, осы байлығымыздың мейілінше мұртын бұзбай тұтынар ел қайда? Мұның басым бөлігі мына өзгермелі, жүйткіген әлемнің жасық та жылтырақ, жарнамасы жаналқымнан алған дүниесымақтарының тасасында еленбей қалып бара жатқандай.

Естірту – есті дәстүр, ерек ғұрып

Иллюстрациялық фото: qasym.kz

Сол салт-дәстүрлеріміздің арасында қазаны естірту ғұрпы да жыл өткен сайын өзінің қанық бояуынан ажырап бара жатқан сықылды.

Жаңылмасам, 1982 жылғы қаңтардың басы. Мен қысқы демалыстамын. Кеңшардың отарын бағып Жиектің бойындағы қыстауымыз – Үш құдықта отырғанбыз. Қас қарайып қалған шақ. Апам екеуміз есік алдында жүргенбіз. Сол сәтте үсті кісіге толы, үш аяқты төрт мотоцикл бірінен соң бірі тізбектеле келіп үй алдына тоқтады. Бір мотоцикл біздікі. Рөлінде көкем. Келген адамдардың барлығы таныс. Көршілес қыстаулардағы қойшылар әйелдерімен келіпті. Мен үйге қонақ келгеніне қуанып қалдым. Апам әлгілер көліктерінен түсіп жатқанда тездете үйге кіріп кетті. Бәріміз үйге ендік. Апам үй ішін заматта реттестіріп, көрпешелер төсеп қойыпты. Дастархан жайып үлгермеген. Шағын бөлменің ішін май шам кәдімгідей жарық қылып тұр.

Келген қонақтар қаз-қатар тізіліп отырды. Төрге жайғасқан Әбділ қария апама қарап қысқаша әлдене деді. Мен ұқпай қалдым. Сол сәтте шешем дауыс сала жылап келіп берсін. Мен аң-таң отырмын. Әйелдер жағы апамды құшақтап, басу айтып, жұбатып жатыр. «Құдай алдынан жарылқасын», «Жаны жаннатта болсын», «Иманы серік болсын», «Жасы келген кісі ғой», «Бекем бол» деген мазмұндағы сөздер жиі қайталанды. Сонда барып нағашы әжемнің өмірден озғанын түсіне қойдым. Кісілер дастархан жайдырмады. Біршама уақыт апамның көңілін аулап отырды. Шешем жылауын аздап саябырсытты.

Бұл апам үшін ауыр қайғы еді. Міне, осы ауырлықты ауыл аралас, қой қоралас отырған ағайын арнайы келіп апама естіртіп, қазаны алғаш естіген сәттегі салмақты бірге көтерді, сабырға шақырды. Осылайша апам алғашқы қаралы соққыны ағайынмен бірге қабылдады. Жұрт кеткен соң көкем мен апам тез жиналып «Орал» мотоцикілмен жолға шығып кетті.

Тағы бір көрініс. 1986 жылғы 27 тамыз. Ауылымыз – Шағада тұрамыз. Түске таман көкем машинасын жылдам жүргізіп аулаға келіп кірді де апама қалаға киетін киімдерін шығарып қоюды тапсырды. Жүрісі асығыс. Көкем үй киімін киіп машинасын тексеруге тысқа шығып кетті. Әлденеге сезіктенген шешем көкемнің көйлегінің төс қалтасына қолын салып тілдей қағаз алып шығып: «Мә, мынаны оқы, не жазылыпты?» деді. Хат танып, әжетке жарағаныма қуанып сары қағаздағыны тақылдап оқып шықтым. Телеграмма екен. Мәтін орысша өте қысқа жазылған. Маған түсініктісі «Оразбай Сарсенбаевич» дегені ғана болды. Бұл көптен бері науқастанып жүрген нағашы көкем, яғни шешемнің ағасы. Мен оқып болар болмас апам аңырап дауыс сала жыласын. Сасқалақтап сыртқа атып шықтым. Мұндайды кім күткен? Есік алдына шыға бергенімде апамның жылаған дауысын естіген көкем телеграмдағыны оқып бергенімді сезе қойғандықтан маған алара бір қарады да ауланың есігіне қарай жүрді. Сол кезде аулаға молда көке бастаған ауылдың үлкендері, олардың соңын ала бір топ әйел, шешемнің абысын-ажындары көрінді. Көкем бұларға алдын ала ескертіп, апама ағасының қайтыс болғанын естіртуді ұйымдастырып келген екен ғой. Мен оны қайдан білейін. Олардан бұрын қазаны «естіртіп» қойып пүшайман жеп қалдым. Бәрі ішке кірді. Қазаны естіп қойған анам аңырап жылап отыр. Келген әйелдер басу айтып, сабырға шақырып жатыр. Бір кезде бәрі тыныштала қалды. Өйткені молда Пірмахан жәкем тамағын кенеп сөйлейтінін ишараттаған еді. Содан жәкем қазаға, өлімге қатысты аз-кем уағыз айтып, өлімнің қақ екенін, басқада сабырға шақырар сөздерін айтты. Осыдан кейін барып шешем біршама басылып, келген қайғыға көндіккендей болды.

Бұлар менің өзім куә болған естірту ғұрпының шағын көріністері еді.

Ілгеріде бір ағайынымыздың басынан мынадай бір жайт өткен-ді. Ол кісі алаңсыз мал жайып жүреді. Бір кезде ауылының екі аяқты мотоциклге мінгескен екі жас баласы бұған жолығып жол сұрайдыдағы кетерлерінде, «Айтпақшы, сіз естімедіңіз ба, анаңыз қайтыс болды ғой» дейді де жөндерімен кетеді. Анасының қазасын айдалада естіген ағамыз атының үстінде екі бүктеліп қала береді. Сол сәттерде ауылдан атының қан сорпасын шығара бір ағайыны қазаны жасырып, қайғыны елмен бірге көтеруі үшін бұған: «Шешең қиналып жатыр, тез жет» деп айтуға келе жатқан-ды. Ал бұл әлгілерден бәрін естіп қойған. Қайғылы хабарды ағайын-туыспен емес жалғыздан жалғыз естіді. Содан бері ол кісі үйіне қарай келе жатқан қарайған көрсе болды «бір етжақынымның қазасын естіп қалмасам жарар еді деп» мазасы қашатын болыпты.

Бір келіншек үлкен сауда орталығы алдында ебіл-дебілі шығып жылап отыр. Өксігін баса алар емес. Жанашырлық таныта жылауының жай-жапсарын сұрасақ, туған әпкесінің қазасын естіп отыр екен. Оған біреу түйеден түскендей етіп дүк еткізе әпкесінің бұ дүниеден қайтқанын телефон арқылы айта салған ғой. Жанында жұбатар, сабырға шақырар ешкім жоқ байғұс келіншек еңірегенде етегі жасқа толып кеткен. Сәлден кейін бір ер кісі ертіп кетті. Ол: «болды енді, көшеде аңырамай, жұрттан ұят болады», дейді әкіреңдей сөйлеп. Ұялшағын қара, өзінің.

Бүгінде қазаны естірту дәстүріне көбіне мән бермей, жеңіл қарайтын болып бара жатқандаймыз. Қазаны телефон, әлеуметтік желілер арқылы естірте салу амалына көшкендейміз. Негізі, естірту ғұрпы қимас, ең жақын, бірге туған жандардың қазасына қатысты жүзеге асырылатын ғұрып екені белгілі ғой. Мұндайда қазақ «тас түскен жеріне ауыр» дейді. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол...», дейді Абай. Сондықтан, қаралы хабарды жеткізу, естірту дәстүріне селқос қарамау, әдепке жүгіну қажет-ақ.

Кімнің болсын анасы, әкесі, атасы, әжесі, перзенті, бірге туған бауыры қайтыс болса, оны жанындай жақынына естіртуде ата-баба жолынан таймаудың, тиісті ғұрыптарды барынша орындаудың қаншалықты маңызды екенін түйсініп жүргеніміз абзал. Өйткені, ең жақын жаннан айырылғанда жететін қаралы хабардың қайғылы алғашқы соққысы кімге болсын оңай тимейді. Сол сәттерде қайғыға батқан адамның қасында жанашыр жандар болуының өте қажет екенін басына түскен ғана біледі. Ал көреген бабаларымыз естірту ғұрпының жолын тегіннен-тегін көрсетіп кеткен жоқ.