Тұлға • 23 Қаңтар, 2025

Ғибратты ғұмыр

154 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақтау, оны жаңа дәуір талабына сай жаңғырту, әсіресе мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсу сияқты өткір мәселелер қазіргі қо­ғамымыздың зиялы қауымын толғандырады. Сондай абзал азаматтардың бірі – саяси ғылымдар докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір.

Ғибратты ғұмыр

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Кешегі Екінші дүние­жүзілік соғыс қар­саңын­да дүниеге келген ұрпақтың тағдыры көбіне ұқсас. Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылында дүниеге келген Әбдіжәлел Қошқарұлы үшін де өмір жолы әке-шеше даярлап берген старт алаңы бола қоймады. Екі жасында туған әкесі Қошқар Оразов та, баласы етіп бауырына салған анасының ағасы Бәкір Сопбеков те 1942 жылы соғысқа аттанды да, оралмады. Алайда он төрт жасына дейін ескіше де, жаңаша да сауаты бар, көп жыл шаруашылықта мұ­рап болып қызмет еткен Сопбектің Ах­метінің тәрбиесінде болғаны, адал еңбе­гімен өз жолын өзі саралауына оң ықпал етіп, бүгінгі болмысына негіз жасады.

Әбдіжәлел Бәкір 1963 жылы Н.В.Го­голь атындағы Қызылорда педаго­ги­ка­лық институтының (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) Тіл-әдебиет факультетін қызыл дипломмен бітіріп, бір жарым жылдай мамандығымен жұмыс істеді. Алайда институтта қоғамдық бел­сен­ділігін байқаған замандастары қала­лық комсомол ко­митетіне жұмысқа шақырды да, ширек ғасырдан аса уақыт комсомол, партия органдарында бо­лып, саяси жұмыстың дәмін татты. Өмірінің қалған жылдары мемлекеттік және жоғары оқу орнындағы қызметтермен ұшта­сып, жалғасып келеді.

«Ерте тұрған еркектің ырысы ар­тық» деген қағиданы берік ұстанған, сы­пайылық пен кеңдік, шыншылдық пен зиялылық, мейірбандық бен тазалық сияқты асыл қасиеттерді бойына жиған, адалдық пен әділеттілік басшыға да, қосшыға да тән болуы керек деп түсінетін Әбдіжәлел Бәкір өмірде байсалды, сезімтал, кішіпейіл, ізденімпаз, досқа адал, орынды әзілі де бар. Міне, осындай жанды мен 1975 жылдан облыстық комсомол комитетінің хатшысы кезінен білемін. Ол – маған замандас, әріптес, дос. Ойлап қарасам, оған да елу жыл болып қалыпты.

Кезінде жастардың саяси һәм қоғам­дық мектебі болған комсомолдың жас кадрларды даярлау мен олардың қа­лып­тасуында өзіндік орны болғанын айтсақ, артық болмас. Комсомол жүйе­сінде, арасында бір жыл Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебіндегі оқуы бар, тоғыз жылдан соң облыстық пар­тия комитетіне ауысып, онда он жеті жылдан аса қызмет етіп, оның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілген Әбді­жәлел сол кездері Қазақстанның белгілі ғалымы, этноәлеуметтану ілімінің негі­зін салушылардың бірі, философия ғылымдарының докторы, профессор М.Сужиковтің жетекшілігімен ұлтаралық қа­тынастар тақырыбына дис­сер­тация қорғап, философия ғы­лым­дарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Бұл оның кейінгі ғылыми ізденіс­теріне бас­тау болды.

Алдымен патшалық Ресей­дің отарында, кейін кеңестік ке­зеңнің қыспағында болған еліміздің азаттық алып, өз би­лігі өз қолына көшуі қоғамда демократиялық өзгерістердің қарқын алуына оң ықпал етіп, рухани сілкіністерге алып келгені белгілі. Соны бағытты қолдаған сан алуан қоғамдық қозғалыс­тар мен саяси партиялар жаппай құрылып, ұлттық мүддеміз­ді биік деңгейге көтере бастады. Осы жылдары саяси-қоғамдық жұмыста ширек ғасырдан аса болған Әбдіжәлел республикада бой көтерген Қазақстан демократиялық партиясының аудан­дық, қалалық ұйымдарын құрып, өзі облыстық ұйымының төрағалығына сайланды. Кейін осы партияның атынан кәсіби Парламент Мәжілісінің алғашқы, 1995 жылғы сайлауына қатысып, депутат болды. Бұл лауазым 1999 жылы Мәжіліс сайлауында жалғасын тапты.

Аппараттық қызметте ысыл­ған Әбді­жәлел Бәкір заң шыға­рушылық жұмыста да белсенділік танытты. «Мәдениет туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұ­қаралық ақпарат құралдары туралы», «Жарнама туралы», т.б. заң­дар жөнінде құрылған жұмыс топ­тарына жетекшілік жасап, олар­ға қазақ халқының ұлттық мә­де­ниеті мен тілін, мүддесін қор­­ғайтын бірнеше заңдық норманы енгізуге көп күш-жігер жұмсады. Мысалы, ол – «Тіл туралы» заңның 18-бабының екін­ші бөлігіндегі «Қажетті тілдік ортаны жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың мен­шік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлар­дың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиын­тық көлемінен кем бол­мауға тиіс» деген құқықтық норманың авторы. Кезінде осы норманың жүзеге асуының өзі оңай бола қойған жоқ. Бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қажырлы қыз­метінің арқасында көптен қа­лыптасып қалған қасаң үрдіс­ке тос­қауыл қойылып, отандық телеарналарда қазақ тіліндегі хабарлардың үлес салмағы артты. Кешегі Парламент алаңында оның белсенділігін сол кездегі Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай «Тілдің табанды тарланы» десе, Мәжілістегі әріптес ағасы, халқымыздың қайсар қа­лам­гері Шерхан Мұртаза «Қа­зақ тілінің пәруана жанашыры» деп атаған еді. Сол кездегі Аста­нада­ғы жалғыз №4 қазақ мек­тебінің болғанын арнайы депутат­тық сауал тақы­рыбы етіп, кейін бұл бағыттың қоз­ғалысқа түсуіне әсер етті.

Шынында да, Ә.Бәкір мем­лекеттік тілдің әлеуметтік-саяси қыр­ла­рын жүйе­лі түрде зерттеп келеді. Оның Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ға­лымымен «Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекеттік тілі туралы» заң жобасын дайындауға белсенді атсалысуын да осы ба­ғыт­тағы нақты еңбегі деуге бо­лады. Ол – тіл мен ұлт мәселе­сі бойынша ондаған ғылы­ми-пуб­лицистикалық мақаланың, «Ана тілім – абыройым менің», «Тіл тұғыры» және «Ана тіліміз­дің айдарынан жел ессін десек...» жинақтарының авторы. Пар­ламент Мәжілісінің, комитеттің отырыстарында сөй­ле­ген сөз­дері, жасаған баян­дама­лары, депутаттық сауалдары мен сайлаушылармен жазысқан хаттары, заңдар туралы және ғылыми мақалалары «Ел сенімі» және «Депутат әлемі» атты кітаптарына арқау болды.

Тоғыз жыл Мәжіліс депутаты бол­ған, ғылым кандидаты Ә.Бәкір заң шығарушы органның мәселелерін ғылыми әдебиеттер мен ресми құжат­тар­дан ғана біліп қоймай, көп мәселені өз көзімен көріп, ой елегінен өткіз­ді. Мемлекеттік биліктің аса маңыз­ды саласы парламентаризмнің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастыруға, тәуелсіз Қазақстанның кәсіби Парла­ментінің қалыптасуын арнайы зерттеуге әкеліп, осы тақырыпта 30-дан аса ғылыми еңбек жазды. 2006 жылы диссертация қор­ғап, саяси ғылымдар докто­ры дә­режесіне ие болды. Зерттеушінің белгілі өрісі, бас­ты ғылыми еңбегі – «Қазақстан Республикасы кәсіби Парламен­тінің қалыптасуы: сая­саттанулық талдау» атты моногра­фия болған­нан кейін осы еңбекке арнайы тоқталғанды жөн көрдік. Жалпы, бұл монография – кешен­ді зерттеу, отандық саяси ғылымға қо­сылған жаңа үлес.

Зерттеуші мемлекеттік билік­тің бөлінуі туралы классикалық теорияларды ғылыми-әдістеме­лік негізге ала отырып, парламентаризм институтының мемлекеттік органдар жүйесін­дегі орнын жан-жақты қарастырды. Қазақтың дала демократиясының белгілі кө­рі­ністері болған хан, билер кеңе­сінен бастау алған, кешегі социализм кезеңіндегі Жоғар­ғы Кеңес, қазіргі саяси-құқықтық мәртебе­сі айқындалған, аса маңызды қоғам­дық қарым-қа­тынастарды заңдық тұрғы­дан реттеуші, елі­міз­де жүріп жат­қан күрделі ре­фор­малардың құқықтық не­гізін қам­тамасыз етіп отырған кәсіби Парламенттің қалыптасу үдерісі тұң­ғыш рет кешенді түрде жүйелі талданады. Парламент қызметінің ерек­ше­лік­тері, оның құрылы­мы мен функ­ция­лары жіті зер­де­лен­ді. Заң шыға­рушылық жұ­­мыстың сапасын артты­руда тұрақ­ты комитеттердің рөлі, де­путат­тардың белсенділігі мен жауап­­кершілігін арттырудың проб­лемалары нақты көтеріл­ген. Парламент пен мем­лекеттік биліктің басқа тар­мақ­та­ры ара­сын­дағы тежемелік және тепе-тең­дік жүйенің қызмет ету тә­сіл­­­де­рі зерттелген. Заң шы­ға­­­ру­­шы орган­ның өкілеттігін кеңей­­тудің саяси қажет­тіліктері, әсіресе оның бақылау функциясын арттырудың нақты жолдары белгіленеді. Парламенттің әлемдік парламентаризм қағи­даттарына сәйкес құзыретке, шынайы саяси мәртебеге ие болуының қоғамдағы жүргізіліп жатқан күрделі саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық ре­формаларға әсері мол болатыны дәлелденеді.

Парламенттегі тоғызжылдық де­путат­тық қызметтен соң, Ә.Бә­кір он жыл­дан аса Қазақ гума­нитарлық заң университетінде оқытушылық жұмыста болды. Саяси ғылымдар докторы Ә.Бәкір күнделікті оқытушылық қызметпен бірге ғылыми жұ­мыстарға етене араласып, азат­тықты арман еткен «Алаш» қоз­ғалысының тағылымды да мәңгілік идеялары мен тәуел­сіздіктің рухани тамырлары туралы мақалалар жазып, «Тәуелсіздік тағдыры», «Тәуелсіздік түйін­дері: ұлттық мұрат, елдік мүдде» атты тақырып­тарда мақалалар сериясын шығар­ды. «Алаш» қозғалысын жүйелі зерделеу нәтижесінде «Алаш» қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көз­қарастары» деген тақырыпта жоғары оқу орындарына арнал­ған оқу құра­лын дайындап, әлеуметтану ғыдымда­рының про­фессоры атағына ие болды. «Алаш» қозғалысын жүйелі зерт­теу нәтижесінде 2018 жылы «ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақ­стандағы саяси әлеу­мет­тік ойлар» атты көлемді моногра­фия жарық көрді. Кейінгі жылдары Ә.Бәкірдің «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы» атты мақалалар жинағы жарық көрді. Энциклопедиялық білімдар тұлға­ның 2007 жылы жарық көрген үш томдық таң­дамалы шығармалар жинағы­нан сараланған саяси-әлеуметтік ой-тұжырымдары 2023 жылы «Кемел ой иесі» деген атпен жеке кітапша болды. Өткен жылы «Мұстафа Шоқай мұрасындағы қолжазбалардың тарихи деректік құндылығы» атты жоба аясында Қорқыт Ата атындағы универ­ситеттің Ғылыми орталығы даяр­лаған «Мұстафа Шоқай (зерттеулер)» атты монографияның дайын­далуына ерекше үлес қосты.

Сөзімізді жинақтай айтқан­да, мемле­кеттік және қоғамдық жұмысты ұстаз­дықпен, ғы­лы­ми жұмыспен қатар атқа­рып келе жатқан, бүгінде сексен бесті толтырса да, қолынан қаламы түспеген еңбекшіл, жауап­кершілігі жоғары, сондай-ақ алпыс жылдай отасып келе жатқан Қазақстан оқу ісінің үздігі Туғанай Мұқанқызымен ұл-қыздар, он шақты немере-шөбере өсірген өзін­дік дәстүрі бар шаңырақтың иесі Әбді­жәлел Бәкір бүгін де қоғамдық істердің жуан ортасында жүр. Еліміздің қай өңіріне болсын беделді, елорданың, туған облысының сыйлы ақсақалы. Ұлт жанашырының баянды белесі жалғаса бермек.

 

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор