
Сурет: seykhuninfo.kz
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін пәтерлерге ерекше назар аударылып, жалпы ауданы 79,5 мың шаршы метр болатын 1070 пәтер сатып алынды. 2024 жылы кезекте тұрған 848 адам жаңа тұрғынжайдың кілтін алды. Атап айтқанда, үйлері апатты жағдайда деп танылған 70 тұрғын, ата-анасынан айырылған 155 бала, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 307 адам, 225 көпбалалы отбасы, 91 мемлекеттік, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жаңа баспана кілті табысталды.
«Облыс биыл да несиелік тұрғын үй құрылысын белсенді жалғастыруды жоспарлап отыр. Көпқабатты үйлермен қатар жеке тұрғын үйлер де салынады. Семей, Аягөз қалаларында жалпы ауданы 54,6 мың шаршы метрді құрайтын 14 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта тағы 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Бұл көптеген отбасыларға тиімді шарттармен жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді», дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Жалпы, өңірде тұрғын үйге сұраныс өте жоғары. Қазірде 19 850 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Әсіресе өмір, еңбек жолын енді бастаған жастардың басты мәселесі баспана болып отыр. Қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі шаралардың бірі «Отбасы банк» АҚ арқылы бағдарламаларды жүзеге асыру болашақта жалғасады. Қазір аймақта жастар мен облыс тұрғындары баспанаға негізгі үш бағдарлама – несие мерзімі 19 жылға дейінгі «Наурыз», сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9%-ға дейінгі «Отау», Тұрғын үй кешенін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясындағы бағдарлама арқылы қол жеткізе алады.
Сондай-ақ Семей қаласы әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Абай жастары» өңірлік бағдарламасын ерекше атап өту керек. Бағдарлама аясында өткен жылы облыстағы жұмысшы жастардың арасынан 19 отбасы баспана кілтіне ие болды. Аягөз ауданының жастарына арналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жастар бағдарламасы да жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, аймақ тұрғындары мен барлық санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары биылғы жылы да сәтімен жалғасатынына сенім мол.
Абай облысы