Оқиға • 23 Қаңтар, 2025

Ақтөбеде емші емделуге келгендерге несие алғызған

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбеде халықты алдап, пайда тапқан емшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбеде емші емделуге келгендерге несие алғызған

Фото: Ашық дереккөз

Емші өзінен көмек сұрап келушілерге несие алғызып, оны өзінің шотына аударып алған. Жәбірленушілердің әрқайсысы 1 млн-нан 30 млн теңгеге дейін ақша аударған.

«Тергеу барысында ақтөбелік емші науқас баласын емдету, мешіт салу, массаж бөлмесін ашу үшін халықты алдап несие алғызғаны анықталды. Оған сенген адамдар өз атына онлайн несие алып, ақшаны оның шотына аударған. Емші келушілерді несиені өзім төлеймін деп сендіріп, бірақ уәдесінде тұрмаған. Құрбандардың көпшілігі әйелдер. Келтірілген шығын шамамен 100 миллион теңгені құрайды», деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Емшіге алданғандардың көпшілігі өздерін гипноздың құрбаны болдық деп ойлайды. Қазір бұл іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші тіркелген. Дегенмен, олардың саны әлі де артуы мүмкін.

Қазіргі таңда күдікті уақытша қамауға алынған.