
Фото: gochina.ru/
Әуеде неше айналып, тұман-тұманның арасынан Бейжіңнің «қақпасын» таба алмай, Тяньзинь қаласына беттегеніміз бекер болмаған сияқты. Жергілікті жұрт тап осы шаһарды «астанаға кірер қақпа» деп атайды екен. Әрі Мин әулетінің тұсында Тяньзинь атанған тарихи өлкенің атауы ханзуша «аспан өткелі» деген мағына беретін көрінеді. Бұл жердің халқы да ырымға қырын қарамаса керек, сапарымыздың созылыңқырап кеткенін жамырасып жақсылыққа балады.
Тяньзинде май-суын қамдап, аптығын басып алған соң ұшағымыз діттеген жерге қайта бағыт алды. Бұл кезде Қытай астанасында тұман сейіліп, осы жолы әуежайын адаспай таптық. Қытайдың Сауда министрлігі Орталық Азия елдерінің медиа өкілдеріне арналған семинарға шақырған соң келген бетіміз еді бұл. Астана әуежайынан кешқұрым уақытта көкке көтерілген ұшағымыз осылайша Бейжіңге жарты тәуліктен соң, түс әлетінде жетті.
Таңалагеуімде әуелі Сиань қаласында бірер сағат аялдап, аяқ суытып алғанбыз. Қияндағы Сианьда біздің делегацияны өздері аттай қалап, арнайы шақырған соң кеденнен кедергісіз өтеміз деген ойымыз іске аспады. Шала ұйқы, жолсоқты қалпымызда қатаң тексерістен кейін ғана транзит аймағына өттік. Әсіресе шетелге жиі барып-келіп жүрген әріптестеріміз кедендік бақылауда ұзақтау «тергелді». Тәртіп солай, түсінеміз. Бір жарым миллиардқа жуық халқы бар елді ұйытып ұстап тұру да оңай болмаса керек.
«Бұрын Қытайда болып па едіңіз?» дейді бірге сапарлап бара жатқан журналист Еркін Шәкірұлы, Бейжіңге табанымыз тиген заматта. Ертеректе Үрімжі, Алтай қалаларында, Шыңжаң өлкесінің қандастарымыз көп шоғырланған ауылдарында болғанбыз, ал Бейжіңге тұңғыш рет келуіміз.
Жылына 10 мың көлік шығарады
Демалыс күні болған соң ба екен, бәлкім, іркес-тіркес салынған айналма жолдардың себі де шығар, әуежайдан қонақүйге жеткенше көлігіміз жолда көп кідірмеді. Десе де бұл 20 миллионнан астам тұрғыны бар қалада көлік кептелісі жоқ деген сөз емес. Қытай астанасы үшін де көліктің көптігі аса өзекті мәселеге айналған. Сол себепті де Бейжің десе, бірден ойыңа ығы-жығы халық, иін тірескен көлік келетіні рас.
«Япыр-ай, не деген жылдам еді?» дейді әріптесіміз таңданысын жасыра алмай, дәл қасымыздан көз ілеспес жылдамдықпен жолаушылар пойызы жүйткіп өткенде. Біріміз байқап, біріміз қарап та үлгермедік, пошымы бөлек жүрдек пойыз лезде көзден ғайып болды. Елдің қазіргі даму қарқынын сол пойызға ұқсаттық. Автомобиль экспорты жөнінен алпауыттарды шаң қаптырып, көш бастаған ел әне-міне ұшатын көлігін нарыққа шығармақшы. Гуанчжоу қаласында зияткерлік базаның құрылысы аяқталып қалды, ол жылына 10 мың көлік өндіреді деседі. Көлік кептелісінен мезі болғанда қанатын жайып жіберіп, ұшып кетіп бара жатқанымыз елестеді. Қазір Қытайдың электромобильдері мен гибрид көліктері тіпті Тесланың өзін тықсырып, алаңдатып қойғаны рас. Қайбір күні Қорғас жаққа жолымыз түскенде көргенбіз, көрші елден көлік тасығандардың қарасы қалың. Әсіресе Алматыда тоқпен жүретін көлік көп. Өзіміз де Қытайда жасалған бір көлікті тізгіндегенімізге көп бола қойған жоқ, жаздың аптабында маң далада суы қайнап, жолда қалдырғаны болмаса, жайлылығы жөнінен жапон мен кәріс көлігінен кем соқпайды-ақ. «Отандық көлікті өздері мінбейді» деуші еді, әне, көшесінде толып жүр ғой» дейді, жылт еткеннің бәрін мүлт жібермей смартфонына мұқият түсіріп келе жатқан Еркін әріптесіміз. Қытай төрағасының өзі Hongqi атты отандық автокөлікті мінбеуші ме еді, мұнысы «тамшы тамса да, өзімізге тамсын» дейтін емеурін емей не? Ресми таксиі де бірыңғай Beijing көлігі. Сірә, «өз көліктерін менсінбейді» деген жаңсақ пікір болса керек. Жалпы, Қытай көлік жасағалы ғасырға жуық уақыт болыпты (алғашқы көлігі 1931 жылы шыққан), қазір мұнда 700-ге жуық көлік маркасы бар екен.
Айыз қандырған пойыз
Бейжіңге келген күннің ертеңіне пойызбен Сучжоу қаласына аттандық. Қытай астанасынан бұл шаһарға дейін 1300 шақырым, әрі қарай Шанхай тиіп тұр (100 шақырым). Бейжің–Шанхай бағытында темір-жол арқылы жылына шамамен 100 млн жолаушы жүреді екен. 2018 жылдан бері осы бағытқа сағатына 350–400 шақырым жылдамдықпен заулайтын әлемдегі ең жүйрік пойыздың бірі қатынайды.
Фото: zh.wikipedia.org
Магниттік левитация әдісімен жердің бетінде қалықтап жүретін теміржол көлігі Сучжоуға жеткенше тура мағынасында табанымызды жерге тигізбеді. Шамамен Астана мен Алматыдай жерді төрт жарым сағатта жүріп өттік. Найқалып-шайқалып жүретін пойызға әбден үйреніп қалғандаймыз, шалғай жер екен деп, асықпай шайымызды демдеп алып, енді бір көсіліп әңгіме бастап жатқанда, шолтаң ете қалды, тіпті. Қалықтап жүрген соң қозғалғанын да сезбейді екенсің, сонша жылдамдықпен зымырағанда құлақ тұндырардай гуіл-шуылын да естімедік. Әр стансада 2-3 минут қана аялдайды, қалың нөпір адам қалай жылдам түсіп-мініп үлгеретіні қызық көрінді. Жолаушылар да ізетті, «соңғы рет пойызға мінуің бе еді, болсаңшы» деп ұрсысып жатқан ешкімді байқамадық. Елп еткенге желп етіп, көрінгенге таңдана қоюымыз қиын еді, бұл пойыз шынында таңғалдырды. Жалпы теміржол көлігі туралы түсінігімізді өзгертті. «Туризмді дамытам десең, жолыңды түзе!» дегенді айтпай-ақ ұқтырды.
Жасанды интеллект жарысы
Журналистерге арналған семинарда негізінен елдің ақпараттық-технологиялық, сауда-саттық пен туристік әлеуеті туралы баяндалды. Бейжіңдегі коммуникация университетінің профессоры Чжан Циннің айтуынша, елдегі барлық салада жаңа технологияларға мейлінше басымдық беріліп отыр. Түрлі шектеулерге қарамастан, Қытай әсіресе жасанды интеллектіні дамытуға білек сыбана кірісіп, оған қаржы аяп жатқан жоқ. Тіпті кей көрсеткіштерімен бұл бағыттағы көшбасшы елдер АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония мен Үндістаннан дара шығып, дес бермей тұр. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметінше, генеративті жасанды интеллект жобаларына патент алуға тапсырыс беру жөнінен Қытай алда келеді. Бұл ел 2014–2023 жылдар аралығында 54 мың өнертабысты тіркетіпті. Әсіресе 2017–2023 жылдары тіркеуден өткен патент саны сегіз есе көбейген. Генеративті ЖИ негізінде ChatGPT, Google Gemini, ERNIE секілді бірқатар сервис жұмыс істейді. Қазір ол өндіріс, биомедицина, көлік, телекоммуникация және қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылып жүр.
Медиа саласының дамуына да жасанды интеллектінің ықпалы зор. Қытайдың Синьхуа агенттігі, CCTV телеарнасы секілді танымал медиаресурстар виртуал жүргізуші, сурдоаудармашы тәжірибесін енгізгеніне біраз уақыт болған. Әсіресе Бейжің Олимпиадасы кезінде жергілікті телеарналар едел-жедел ақпарат тарату үшін ЖИ көмегіне жиі жүгінген. Расында, VR студия, сахна, мәтінді бейнеге немесе дыбысты мәтінге айналдыру секілді қызметтер заманауи журналистиканың жұмысын көп жеңілдетіп тұр. Әсіресе біз сияқты газет тілшілеріне бұрын диктофонға жазылған аудионы қағазға түсіру машақат болатын, қазір дыбысты әп-сәтте мәтінге айналдырып, ал оның мазмұнына қарай видео, фото жасайтын сервистер баршылық. Әйтсе де, қолымызды ұзартып, жұмысымызға септесіп тұрғанмен, жасанды, сезімсіз дүниеге ішің жыли қоймайды екен, бәрібір. Ұйымдастырушы тарап «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп бәйек болып, бар жетістігін алдымызға тосқанда, виртуал концертке құмарымыз қанбай, рухани ләззаттана алмағанымызды жасырып қайтеміз. Әйткенмен, бұл да уақыттың еншісіндегі мәселе екені даусыз. Қазіргі қарқынмен сезімін, эмоциясын білдіре алатын милы машиналар да көп кешікпей санатқа қосылатын да болар.
Бұдан кейін өзбек, түрікмен, тәжік, қазағы бар, бір топ журналист Сучжоу қаласында робот-камера шығаратын компанияның жұмысымен таныстық. Әдетте телеарнада студиялық бір бағдарламаны оператор, режиссер, жарық беруші, монтажер, дыбыс режиссері сынды кемінде оншақты адам түсіретіні белгілі. Жүргізушінің ізінен қалмай өзі түсіріп, дыбыс пен жарықты да өзі теңшейтін «ақылды» камералар сол мамандардың біразын жұмыссыз қалдыратын түрі бар.
Қытайда электронды сауда саласы да өрістеп тұр. Осы күнде әлемге танымал «Alibaba», «AliExpress», «Pinduoduo» секілді маркетплейстердің жарнамасын қысқа күнде қырық мәрте естиміз. Пандемиядан кейін олардың тіпті тасы өрге домалады. Сондай компанияның бірінде болып, интернет сауда дегенің расында игілікті іс екеніне тағы да көз жеткіздік. Дегенмен мұндай жұмысты дөңгелетіп, ұқсата білу үшін де еп керек. Жер түбінен түймедей затты сұратып, тиынға тапсырыс берсең де, қиынсынбастан жеткізіп беретініне, тіпті алмай, қайтарып жіберсең де, қабақ шытпастан иіліп, ізет танытатынына еріксіз риза боласың. Саудада ғана емес, көпшілікке қызмет көрсету орындарының бәрінде солай, алушының айтқаны заң. Ақша тапқың келсе, ерінбе, еңбек қыл, қызметіңді түзе, бітті! Айтпақшы, әлгі компанияда TikTok секілді әлеуметтік желі арқылы стримге (тікелей эфирге) шығып, күн-түн демей, мың-мың қол, миллион ми сауданың көрігін қыздырып, берекесін көріп отыр.
Әлеуметтік желі демекші, семинар барысында Қытайдың америкалық «Meta» компаниясының ресурстарын (Instagram, WhatsApp, Facebook) неліктен қолданбайтыны туралы сұраққа, жауап қысқа қайырылды: бұл – қауіпсіздіктің мәселесі. Жалпы мұнда сырттан келген туристер VPN арқылы шығатын аталған әлеуметтік желілердің орнын жоқтатпайтын ресурстар аз емес. Мәселен, қытайлық WeChat қосымшасы – мессенджер, мобильді банк, онлайн-аудармашы, әлеуметтік желі секілді, тағы басқа көптеген функцияны (таксиге, жол жүру билетіне, тамаққа тапсырыс беру) атқара алатын өте қолайлы ресурс. «Кісідегінің кілті аспанда» екенін бұл ел жақсы түсінеді және ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тым сақ қарайды.
Мәлім де беймәлім мемлекет
Қытайға сапар алдында осы елге қатысты біздің азаматтардың пікірін білмек болып әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Көлігін мініп, өнімін тұтынып жүрсек те, ежелгі көршімізді етене тани бермейді екенбіз. Ғылыми негіздегі зерттеулер де некенсаяқ. Есесіне, Қытай маңайындағы жұртты жетік танып-білуге ынталы. Әсіресе Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениетін, саяси-экономикалық, географиялық, ұлттық ерекшеліктерін тұрақты зерттейтіні байқалады. Зерттеп қана қоймай, сол елдермен тонның ішкі бауындай жақын болуға алабөтен көңіл бөледі. Айталық Қытай үкіметінің бастамасымен 2004 жылдан бері әлемнің 200-ге жуық елінде Конфуций институты жұмыс істейді. Біздің елде де Астана мен Алматы, Қарағанды, Ақтөбеде осындай бес институт ашылған. Ал қазір Қытайдың бес жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылады екен. Сондай-ақ екі елдің астанасында Қазақстан мен Қытай мәдени орталықтары бар. Былтыр Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалы ашылды. Өткен жылы Қытайда Қазақстан туризмі жылы өтсе, биыл елімізде Қытай туризмі жылы деп белгіленді.
Бүгінгідей құндылығы қым-қиғаш, мидай сапырылысқан қоғамда есік-терезеңді қымтап алып, томаға-тұйық өмір сүру мүмкін емес. Әсіресе көршіңмен тату болғаның абзал. Екі ел арасында визасыз режім енгелі барыс-келіс көбейген, білім іздеген жастар мен кәсіпкерлер жиі қатынайды екен. Кәсіптің көзін іздегендерге Қытай әлі де зерттей түсетін мүмкіндіктер елі екені рас. Сауда-саттық қана емес, мұнда өзге салада да үйренетін үрдіс жетерлік.
Жалпы, Қытайға сапардан қилы-қилы әсер алдық. Кей тұста «жөн екен» десіп, енді бірде «мұнысы қалай?» деп таңырқап, тосырқағанымыз да рас. Азды көбейтіп, жоқтан бар жасап, заманның зәруін өтеп отырған жанкешті еңбекқорлығына таңдандық. Қытай дүниетанымында еңбек – бар игіліктің бастауы, ал жалқаулық һәм масылдық – қылмысқа пара-пар. Шынтуайтында құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнаған тіршілікті баяндатып тұрған темірдей тәртіп пен тынымсыз еңбек. Сондықтан бұл ел жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамай, еңбекпен ғана жетістікке жетуге болатынына кәміл сенеді.
Қытай ойшылы Конфуций «Адамдар табиғатына қарай бірігеді, әдетіне қарай алыстайды» дейді. Аспан асты, жер үстінде тұрмыс-салты, әдет-дағдылары бір-бірімен қиысып, қабыса бермейтін қаншама ел бар, ал соның бәрінің де тілеуі – бейбіт, алаңсыз өмір сүру екені анық. Мына даңғайыр даланы мекен еткен миллиардтан астам халық та тыныштыққа жететін бәс жоқ екеніне шәк келтірмесе керек.
АСТАНА – БЕЙЖІҢ – СУЧЖОУ – БЕЙЖІҢ – АСТАНА