
Хакім өмірі мен шығармашылығын түгел қамту мүмкін емесі белгілі, алайда тұтасымен абайтануға арналған сөзжұмбақтарды біз де тұңғыш тамашалап ғажап күй кештік. Шынында оқулықтарға қосымша етіп енгізіп көрсе қайтер еді деген ой да жылт етті. Авторы Қалибек Алтыбаевтың да ойы осы, көпшілік арасына кең таралса, Абай айтқандай, «біреуден біреу алып, елге тарар» ма еді?» дейді.
Жоғарыда біз кроссвордты – матаусөз, сканвордты – бағдарсөз, тағы басқасын тиісінше өзіміз аудармадық. Бұларды қажетінше қазақшалап алған Талаптан Иманбаев пен осы сөзжұмбақтардың авторы Қалибек Алтыбаев. Мәселе, аталған сөздерді аударғанында емес. Бүгінде жасы 83-ке келген Қалибек атаның өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері сонау Зайсанда жатып Абай әлеміне бойлап, ақынның туып-өскен ортасы мен айналасы, шығармашылығы мен оны насихаттаған зиялыларды барынша қамтып, матаусөз (кроссворд), бағдарсөз (сканворд), сөзден сөз (анаграмма), сан сөз (криптограмма), тізбесөздер (чайнворд) құрастырып шығарған ерлігінде. Бұлары бірен-саран, жалғыздан емес, әрқайсысының алды елу-алпыстан, соңы онбес-жиырмадан. Мұның бәрі осы күнге дейін Абай шығармашылығы мен айналасына қатысты шығарған жеті кітабына топтастырылыпты. Барлығы ойланып табатын, зейін мен зердені оятатын, тіпті, мүмкін шығармашылық пен қазақылыққа үндейтін ақыл-ой еңбегі десе жарасады.
1961 жылдан бастап сөзжұмбақтары мерзімдік басылымдарда жариялана бастаған Қалибек Алтыбаев Абай әлеміне жастайынан құныққан. Хакім мұраларына 80-жылдардың соңынан бері назар салып, әлгіндей сөзжұмбақтар құрастыра бастағанын айтады. Оған дейін «Сан сұраққа саяхат» атты кітабы жарық көрген сөзжұмбақшы мұндай іспен айналысқандар арасынан Талаптан Иманбаев пен Жанат Елшібекті атайды. 1991 жылы Абай еліне саяхаттап барған дерекшінің алғашқы «Абайдың алып айдынынан» кітабының қолжазбасын оқып, оң бағасын берген – атақты абайтанушы Төкен Ибрагимов. Алғаш бұл еңбегінің қолжазбасын ұстап, қайтерін білмей жүргенде, 1991 жылы Семейде танысқан Абайдың жиені Балтабек Ерсәлімовпен сөйлеседі. Ол кісі Төкен Ибрагимовке ұсынып көруге кеңес береді. Бірақ абайтанушы жарамаса, көңіліне қарамайтынын айтады. Солай ұсынған еңбегін алты ай өткенде, бір жиында Төкен Ибрагимов жақсы атап отырғанын Балтабек Ерсәлімов естіп қалады. Содан кейін және алты ай, барлығы бір жыл өткенде, кітабының алғысөзі жетеді ғой авторына. Сөйтіп, 90-жылдардан бастап шұғылданған еңбегі 2001 жылы «Абай қорының» қолдауымен жарыққа көреді. «Бұл өзі сыншы, сынақшы, емтиханшы кітап. Автордың сөзжұмбақтар сұрақтары білгір деген, танымал абайтанушылардың өзін кей тұстарда сасқалақтатып тастардай шұғыл бұрылысты. Ал бұл «Сөзжұмбақ» үшін жанды қозғаушы қызғылықты және тұтқиылдық, тапқырлықтың жаны тәрізді. Өнер үшін мәнділік те осынысында.
Осы кітапта Абай әлемін («Абайдың алып айдынынан») таныту мақсатында автор қолданып отырған 24 матаусөз, 9 тізбесөз, 26 сөзден сөз, 42 сан сөз, 9 топтама («Шахмат атының жүрісі») сөзжұмбақтың түр-тәсілдері – кездейсоқ қолданыстар көрінісі емес.
Осы кітабының өзімен-ақ автор үлкен абайтанушы, Абай әлемін насихаттаушы екені мақтанарлық қасиет. Әр оқушының, әр оқытушы мен мұғалімнің қолында, оқу орындары мен кітапханаларда тұруға тиіс көмекші, кеңесші кітап», депті Төкен Ибрагимов.
Әрине, мұндай ұсынысқа біз де бейілміз. Ағылшын сөзі «кроссворд» дегеннің өзі қиюластыру, тоқылған, тепе-тең деген мағынаны білдіреді екен. Жалғыз-ақ рет оқып өтіп кеткен дүние есте қалмауы мүмкін, ал ойланып, іздене отырып тапқан дерек пен ой көкейден өше қоймасы анық емес пе? Оқушының талабын ұштар тиімді тұсы да осы ма дейміз.
Автордың «Абай әлеміне саяхат» атты сөзжұмбақтар жинағы 2018 жылы Қазақстан рекордтар кітабына еніпті. «Хакімді түсіну қиын. Мен еңбектерімде Абайды төте жолмен, қысқаша сұрақ-жауаптармен таныстыруды мұрат тұттым. Данышпанның туған жері, өскен ортасы, ата-анасы, жеті атасы, шәкірттері, өлеңдері, шығармашылығы, тағысын тағылар... Абайдың айналасы деген бітпейтін әлем ғой. Жалғыз-ақ осы тақырып аясында менің кітаптарымда 4 мың сұрақ бар екен. Сөзжұмбақтың түрі көп қой. Интернет шыққалы бұл да қалып барады, бірақ. Меніңше, өзім құрастырған кроссворд, сканворд, чайнворд, анаграммалар арасында ең байыптысы әрі барынша ойландыратыны – криптограмма, өзімізше сан сөз деп аудардық. Кәдімгі тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнағандай ойландыратыны осы сан сөз» дейді Қалибек Алтыбаев.
Мәселен, «Шахмат атының жүрісімен» топтамасы да өте қызық. Онда атауларды тауып, торкөздерді шахмат ойынындағы аттың жүрісімен басып өту керек. Әрбір атау қасына нүкте қойылған әріптен аяқталып отырады. Бір торкөзді екінші рет қайталауға болмайды. Мысалы, мұның бір сұрағы мынадай: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» өлеңіндегі баскиім» немесе «Жігіт сөзі» өлеңіндегі сұлу қызға теңелген дала құсы» деген сияқты. Сөз жоқ, бұларды шешу үшін оқушыға әлгі өлеңдерді оқуға тура келмей ме? Арғы жағын парықтау оқырманның өз еншісі деп білеміз.