Әлем • 24 Қаңтар, 2025

Тайганы жайлаған духа қауымы

75 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Моңғолияның таулы табиғаты мен жергілікті халқының тарихына қызығушылық танытсаңыз, әлеуметтік желіде үнемі алды­­ңыздан шығатын ерекше бір халық бар. Олар – Тайгада тір­­­шілік ететін түркітектес духа жұрты. «Духа» сөзі «тухамен» қатар тарихта «туга», «тува», «тыва», «тофа», «туба» деп те кездеседі. Сондықтан оларды «моңғол тывалары» немесе «туба­­лары» деп те атайды. Ал моңғолдар духаларға «цаатан­дар» деген ат берген. Моңғол ғалымдарының еңбектерінде «цаа­тан» сөзі­нің мағынасы «ақ затқа ие болу», яғни «ақ бұғы бағу­шылар» дегенге саяды.

Тайганы жайлаған духа қауымы

Моңғолияның Хөвсгөл аймағы – моңғол тайпасы дархадтардың ежелгі мекені. Олар духаларды «Хөвсгол ұйғырлары» немесе «Хөвсгөл урянхайлары» деп те атайды. Бұларды қызғыздардың ата-бабалары деп те жатады. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ақ кеме» романындағы мүйізді ана бұғының екі баланы үстіне мінгізіп, Енисейден Ыстықкөлге дейін келетін ақ бұғы оқиғасын білсеңіз, бұл да шындыққа жанаса ма деп қаласыз. Жалпы, бұл халықтың шығу тарихына байланысты болжамдар мен қызықты деректер өте көп. Оның қайсысы шындыққа жанасады, қайсысы аңыз, ол жағын енді тарихшы-ғалымдар айта жатар. Дегенмен олар кезінде Ресей мен Моңғолия шекарасы бекітілмей тұрып, екі ел арасын еркін мекендеген әрі Тайганың нақ иелері екені анық.

Моңғолияда тұратын духа­лар тарихтан жылдан-жылға ысырылып барады. Олар Хөвсгөл айма­ғына қарасты Цагааннуур елді мекеніне жақын оңтүстік және солтүстік Тайгада бұғы бағып, әлі де емін-еркін көшіп-қонып жүре алады. Дегенмен жылдар өткен сайын бұлар да жергілікті халықпен араласып, отырық­шы өмірді игеріп жатқандай. Үлкендер Тайгада тіршілік етіп, тыва тілінде қанша сөйлегені­мен, жастар Цағаннурдан білім алғаннан кейін арман қуып үл­кен қалаларға кетеді. Мәселен, 2000 жылы Тайгада тұратын духалардың саны ресми санақ бойынша 303 адам болса, 2010 жылы 282 адамды көрсеткен. Ал 2020 жылы олар 200-ден сәл ғана асқан. Тайгада маған сұхбат берген шаман апамыз «қазір көшіп-қонып жүрген духалар 100-ден шамалы ғана асады» дейді. Өйткені бала­лардың барлығы Цағаннурда мектеп-интернатта білім алады екен. Бірақ тыва тілінде сабақ беретін мамандар мүлде жоқ. Сондықтан балалар моңғол тілінде білім алады.

ап

Цағаннурдағы мектеп директоры – Оуинбадам Жулу ханым Ресейдегі Тыва автономды респуб­ликасында жоғары білім алған ұстаз. Бірақ балалығы солтүстік Тайгада өткен. Өмірлік жолдасын Цағаннурда мектеп интернатында жолықтырған. Ол да – цаатан, оңтүстік Тайгадан келген екен. Оуин­бадам ханымнан сұхбат алып отырғанымызда Тайгада тұра­тын үлкен әпкесі келді. Біз жете ал­ма­ған жерден апамыз атпен келіпті. Сол сәтте үшеуміз фотоға түстік.

Духалар – қазір Моңғолия туриз­мі­­­нің «қан тамыры». Олар туралы әлеуметтік желіде туристерді тартатын өтірік-шыны аралас ақпарат өте көп. Мәселен, «Цагаш Тайганың патшасы» деген моңғол ақпараттарында жарияланған бір материалда Цагаштың екі әйелі барын, қыста әйелдерімен айлап, жылдап жолығатыны туралы, бұғылар үшін Тайганың ең басына шығып, өзі жалғыз өмір сүре­тіні туралы жазылған. Алайда Тайганың екінші бөлігіндегі духаларға барғанымда ақсақал Оуогдордж Цагашты жақсы танитынын, оның бір ғана әйелі барын айтты. Есесіне, мен барған жерде әлеуметтік желіде танымал, 11 жыл Америкада тұрып, ағылшын және қытайша білім алған моңғол қызы Зая тұрады екен. Бірақ біз келгенде Зая Ұланбатырға бір жұмыстарымен кетіпті де, оның жолдасын көрдік. Армандармен алысқа барып, бірақ бақытын цаатандардан тапқан Зая туралы әлеуметтік желіде деректі фильм көп. Моңғол тілін білсеңіз, өркениеттің ортасында жүріп, табиғаттан әлі де тамырын үзбеген ерекше адаммен өмірін байлап, бақытын тапқан Заяның тағдыры талайды ойландыратын оқиға. Қазір Зая мен цаатан азаматының бір ұлы бар. Олар жазда бұғыларын сауып, қыста оны ерттеп мініп, Тайганың тамаша табиғатында өмір сүріп жатыр.

пр

Оуинбадам Жулу – мектеп директоры

Дегенмен мен үшін бұғы ба­ға­тын адамдарға жету оңайға соқ­пады. Негізі Хөвсгөл аймағы Ұлан­­батыр мен Баян-Өлгейдің орта­сында орналасқан өңір. Бірақ Моң­ғо­лияда жергілікті сұмындарға Баян-Өлгейден автобустардың қа­ты­науы өте қиын. Сондықтан амалсыз алдымен Ұланбатырға жету керек болды. Мен бір күн, бір түн жүріп ел астанасына жетіп, одан кейін таңғы 8.00-де тағы автобусқа отыр­дым. Тек кешкі сағат 10.00 ке­зін­де Хөвсгөл аймағының орта­лы­ғы Мөрин қаласына жеттім. Қатты шаршаған соң Мөринге бір түнеп, ертеңінде түс кезінде Цаған­­нурға қарай жолға шықтым. Жол нашар болғаны соншалық, небәрі 270 шақырым жерге сегіз сағат­тан астам уақыт жүрдік. Алайда жолдың жамандығына қарамастан, жылына духалар­дың өмірі мен бұғы­л­арды көру үшін 500-ден астам турист Цаған­нур­ға арнайы барады екен. Біз ­Тай­га­ға барғанымызда Англия­да тұ­­­ра­тын түрік ғалымы Тұрхан бей­ді кездестірдік. Духа тілін жақсы біледі әрі екі айдан бері Тай­га­да жат­қан­дықтан, жер­гі­лікті халық­пен қарым-қаты­насы өте жақсы. Маған тілмаш болып көмектесіп, бұғылардың ерекшеліктерін де айтып бер­ді. Тағы үш айдан астам уақыт Тайгада тұратынын жеткізді.  

Цағаннур мен духалар тұра­тын Тайга арасы 30 шақырым ғана. Отыз шақырым дегенмен Тайгада жол жоқ. Асты биік болса да, көлік ақы­рын жүріп отырды. Осылайша, біз алдымен Тайгада тұратын 12 от­ба­сының үлкені, ақсақал Оуог­дордж мырзаның күркесіне тоқ­та­дық. Жұбайы Дарима бізге ыстық шәй­­некте қайнап дайын тұрған шай­­дан құйып, оны дәл қазақтар сияқ­­ты бір қолымен шынтағынан ұс­тап ұсынды. Әңгіме барысында көп сөздердің қазақ тіліне жақын еке­нін тағы аңғардым. Түркітектес ха­­лық болған соң ұқсас сөздер бо­ла­­тыны анық, алайда ұқсас дәстүр­ле­­ріне қарап, духаларды қазаққа «бауыр­лас» халық деп толық айта аласыз.

Осылайша, үш күн жолда жү­ріп жеткен духалар маған көп­ші­лік айтқандай «жабайы» болып кө­рінбеді. Олар – дәстүр мен тілін сақтап қалуға барын салған, тіп­ті Моңғолия жерінде тұрса да, әлі күнге дейін тәңірге табынып, таби­ғат­пен қарым-қатынасын үзуден қат­ты қорқатын көшпелі халық. Бұғы – олардың ежелден қолға үйре­т­кен жануарлары. Көктемде төл­деген уақытта сауып сүтін іше­ді, ал қыста сиыр сүтін арнайы ал­дырады екен. Бұғы етінен гөрі кө­бі­несе сиыр етін азық қылғанды жөн көреді. Бұл 12 отбасына ортақ жүз­ден астам бұғы бар. Оларды таңер­тең ерте өріске айдап, сағат үште қора­ға қамап, одан кейін ағашқа бір-бірден бөлек байлайды екен.

ап

Бұғының 6 айлық төлі

Бәрінен де бұғылардың маужырап тұрып ұйқыға кеткен сәті әдемі. Духалар күркелеріне кеткеннен кейін бір мезетте ұйқыға кеткен ғажайыптардың ортасында ұзақ жүрдім. Арасында дрон ұшырған едім, кейбірі үркіп орнынан тұрды. Табиғаттың тылсым үнінен басқа дыбысты жатырқағандары болар. Сен сияқ­­тылардан «қауіп» бар дегендей кейбірі тіпті көзін алартады. Бұғыларды байлап жатқан кезде тіпті бір-екеуі жүгіріп қасыма келіп, қолымды иіскелеп, ештеңе болмаған соң мені «сүзе» бастаған еді. Қатты қорыққан жоқпын, бірақ мүйіздері ағаштың бұғатындай үлкен әрі сан тарау. Бір қызығы кейбірінікі сүйек болса, енді бірінікі қоңыр жүн тәріздес нәрсемен қапталған. Үлкен мүйіздері барлары ағашқа сүйкенген болар, әлгі қабы ысырылып, жіп сияқты салбырап жүр. Көбінің мүйізі әлі түсіп үлгермеген. Бұғының денесінен мүйізі басым шығар. Сондықтан да «киіміме ілініп қалып» үркіп қашса, мерт қылар деген оймен сәл алыстағанмын. Адамға үйірсек келгеніне қарағанда, духалар дәм­ді бір нәрсе беретін болып тұр ғой. Ондай дәмді затты менің қо­лымнан жемеген соң, мені аса жақтырмады әрі жатсынғандары сезіліп тұрды. Әттең Тайгада бір апта қалсам, онда мүмкіндігім болса, мүйізді бұғы аналардың бәрімен жақсы дос бола алар едім.

Бұл жерге асықпай қайта келу керек деген ой түйдім. Бірақ духа­лар бұғылардың оттығы тау­сыла бастаған кезде, қостарын жи­нап, Тайганың кез келген шұ­рай­лы жеріне көшіп кете береді. Сон­дықтан оларды екінші мәрте табу да аздап қиындайды екен.

Бір қызығы, духалар бұғылар­дың мүйізіне түрлі-түсті ленталар байлап қояды. Малды бәрі ортақ қамап, ортақ байлап жүргеніне қарап алғашында ортақ деп ойладым, бірақ кейіннен ленталардың түсіне қарап әр отбасының өзіне тиесілі малы барын аңғардым. Ал түрлі-түсті лента байланған бұғылар бір сәтте маған ертегідегі сантаның шанасына жегілетін әдемі жануарларды да елестетті.

Духа халқы Тайгадағы өмірін ешкімге паш етіп жарияламайды. Тек жыл өткен сайын көш­пе­лі өмірдің сарқытын көргісі келетіндердің қатары көбей­ген. Алайда келген туристер олар­дың адамға, жан-жануарға деген ­шынайы, адал қарым-қатынасы­­нан гөрі түрлі жалған мифтер құ­растырып кетеді. «Олар білім алмайды», цаатандар «жабайы» деген ақпараттар көрсеңіздер, оған мүлде сенбеңіздер. Тайга – шынайы адамдар мен ең әдемі жануарлар мекені. Ол жерде аңыз жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» аппақ мүйізді бұғы аналар тіршілік етеді. Бұлардың көбісі көктемде бұзау­лайды. Шаман апамның духа тіліндегі әңгімесінен «сол кезде келсең әдемі» болады дегенін ғана түсіндім. Тайганы көрген жақсы ғой, бірақ тағы үш күн жол жүріп Баян-Өлгейге, одан кейін Қазақстанға жетуді айтсаңызшы...

 

Серікгүл Сұлтанқажы,

саяхатшы-журналист

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше