9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Үлкен-кіші, немере-шөбере – бәріміздің жүрегімізді тебірентетін ерекше күн.
Атам Нұркен Есхожин 1925 жылы туған. Қарағанды облысы Нұра аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен, 1943 жылы 30 қаңтарда біздің үйден, менің әжемнің, яғни жеңгесінің қолынан әскерге алынып, соғысқа кетеді. Ленинград және Беларусь майдандарында 219 полктің атқыш-минометшісі, кейін зенитшісі болады. Одан соң 312 полкте взвод командирінің орынбасары, яғни сержант дәрежесінде соғысады.
Соғыстан 1948 жылы аман-есен Қорғалжынға қайта оралып, үйленеді. Бала сүйіп, соғыс зардабынан жан-жаққа тарап кеткен туыстарын жинайды, қанатының астына алып, тәрбиелейді. Бейбіт өмірде үлгі болатындай өмір сүрді. Әсіресе, тың көтеру кезеңінде, шаруашылықтың бас агрономы ретінде тың совхозы құрылғанда, оның өндірістік-әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге көп еңбек сіңіреді. Көп жыл ауданның тұқым инспекциясын басқарып, астық өнімдерінің артуына еселі үлес қосады. 1997 жылы 28 мамырда 72 жасында дүниеден өтті.
Атам бізге соғыста марапатталған ордендері мен медальдарын, суреттерін, хаттарын көрсетіп, қайсысын қай жерде алғанын, не үшін бергенін айтып отыратын. Көп сөзі жоқ атам: «Отан аман, ел тыныш болсын, сендер соғысты көрмесеңдер екен», деп тілек тілейтін. Біз, немере, шөберелері атамыз соғысқа қатысқан батыр, көптеген марапаттары бар деп мақтанатынбыз. Кезінде мектептегі кездесулерге шақырып, әңгіме айтқызатын. Өскіндерді патриоттыққа тәрбиелеуде үлгі-өнеге ретінде көрсетілетін.
Биыл Жеңістің 70 жылдығына байланысты ресейлік «Подвиг народа» деген интернет сайттан атамның біз білмейтін ерен ерліктері туралы оқып, қатты тебіреністе болдық. Ол кісі көрсеткен ерен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, 5 медальмен марапатталған. Соғыстан кейінгі мерекелік медальдар өз алдына. Атамның наградалары мен марапатқа ұсынылған қағаздарын оқып отырып, қайран ата, өзіңе қандай ұмытылмас ескерткіш орнатып кеткенсің деп ойға шомамын. Ауылдан соғысқа 18 жасында аттанып, сұрапыл шайқастарда ауыр жарақат алғанына қарамастан қайтадан сапқа тұрып, жауып тұрған оқтың астында, екі күнде 31 жаралы жауынгерді құтқарып, ерлік көрсеткенің не деген ержүректік, қайтпас қайсарлық десеңізші!
Отбасылық мұрағатта, Қарлығаш тәтеде атамның марапаттары сақтаулы. №58 қызыл әскер кітапшасына бас қолбасшының жеті марапаттау хаты тіркеліпті. Ерлігің әрдайым есімізде, келешек ұрпаққа үлгі болып жадымызда жаңғыра бермек!
Димаш ЕСҚОЖИН.
Қарағанды облысы.