Шымкент • 26 Қаңтар, 2025

Шымкентте алты жасар жиенін өлтірген әйел сотталды

522 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте кішкентай қыздың қолын байлап, ваннаға батырып өлтірген әйелге үкім шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте алты жасар жиенін өлтірген әйел сотталды

Іс Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында ашық сот отырысында қаралды. Әйелге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлімі «Кәмелетке толмаған адамды өлтіру» бойынша айып тағылды.

Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында болған. Қала тұрғыны әпкесінің қызы екеуі Ақпан батыр көшесіндегі жалға алынған пәтерде болған.

- Жиені Е (2018 жылы туған) оянып, жылай бастаған кезде, айыпталушы ашуланған. Әйел баланың қолы мен аяғын байлап, ұрып-соққан. Салдарынан бала есінен танып қалған. Кейін айыпталушы ваннаны суға толтырып, жиенін суға батырып өлтірген. Осылайша қасақана кісі өлтіру қылмысын жасаған, – деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.

Прокурор әйелге 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленушінің заңды өкілі айыпталушыны кешіріп, қатаң жаза тағайындамауды сұрады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.

Сот К.-ны кінәлі деп тауып, оны 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жазасын орта қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.