Майдан етіп дүние төрін,
Темір болат қақтап отқа.
Жекпе-жек кеп өмір-өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Қасым Аманжолов атамыз талай адамның жанын алған сұрапыл соғысты осылайша өрнектеген.
Шын мәнінде, әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген азаматтардың барлығы дерлік жаумен қасық қандары қалғанша айқасты. Қазақстаннан майданға әрбір бесінші адам аттанды десек, солардың қатарында Кенжебай Маймұрынұлы да болды.
Кенжебай Маймұрынов 1911 жылы Алматы облысының Алакөл ауданындағы Жайпақ ауылында дүниеге келген. Үш жасында әке-шешеден айырылған ол алыс жамағайындарының қолында тәрбиеленіп, ержетеді. Тағдырдың талай тәлкегіне түссе де, өзін ешқашан «жетіммін» деп санамаған майдангер азаматтық борышын қабырғасы қатаймай, бұғанасы бекімей жатып өтейді. Ауыр жұмыстарды мойымай көтеріп, жаңа өкіметке адал еңбек етеді.
1942 жылдың мамыр айында майданға жіберу туралы шақырту алып, №176 атқыштар полкіне түседі. Аталған полкте 7 ай бойы күрделі дайындықтан өтіп, 1943 жылдың қаңтар айында майдан алаңына енеді. Өзімен бірге шайқасқан майдандас достарының айтуына қарағанда, Кенжебайдың жүрісі жылдам, жауапкершілігі мол, айтқанынан қайтпайтын қайсар жан екен. Сол себепті де майдан шептерінің арасында құпия хат жеткізуші міндетін атқарған көрінеді.
Сондай бір тапсырманы орындау барысында аяқ астынан фашистердің жол кесуші атқыштарына тап болып, оқ тиеді. Оқ оң жақ балтырын тесіп өтеді. Бір жағынан аман қалуды ойласа, екінші жағынан, құпия хатты жау қолына түсірмеу Кенжебайды өмір мен өлім арпалысына түсіреді. Бақытына орай, дәл сол сәтте аяқ астынан пайда болған партизан отряды келіп құтқарып, санитарлық бөлімшеге жеткізеді...
Содан кейін ол Украинаны неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысады. Жаумен бетпе-бет келген шайқастың бірінде, оның қасына граната түсіп жарылады. Жанталаса үйілген топырақ астынан шықса, жанындағы жолдасы қатты жараланып, арқасынан қан шапшып жатқанын көреді. Жан-жағындағы өзге де майдандас достарының бірі қан жоса болып жараланса, екіншілері қаза табады. Өзі де контузия алып, құлағы мүлдем естімей қалады. Майдангердің айтуынша, Харьковте жақын жолдасы екеуі жау снарядының жарықшағынан ауыр жараланып, санитарлық бөлімде ес жиған. Ауыр жарақаттан соң ІІ санаттағы мүгедек болып, 1944 жылы мамыр айында елге оралады.
Соғыстан соң Кенжебай туған ауылы – Жайпаққа келіп, балдақпен жүріп, колхоз жұмысына белсене араласады. Алғаш шыққан ЧТЗ тракторына мініп, жер жыртып, егін егеді. Майданға бара алмаса да, тылда жүріп, ел ішіндегі ауыртпашылықты қарапайым халықпен бірге көтереді. Жағатал (қазіргі Қазақстан) ауылының Асылғайша есімді азаматшасына үйленіп, шаңырақ құрады. Жеті бірдей ұл-қыздың әкесі атанады.
Иә, соғыс – күйретуші, барды жоқ ететін, тауды жер ететін алапат күш. Сол бір қанды кезең жайттары еске түссе, еріксіз көзге жас үйіріледі. Бүгін біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Аллаға шүкір дейік. Екіншіден, күн өткен сайын ардагерлеріміз азайып бара жатыр. Оларға бүгінде қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Үйсіздерін үйлі, күйсіздерін күйлі етсек, үлкен бір сауапты іс атқарғанымыз болар еді. Біздің кейіпкерлеріміздің де ұпайы түгел дей алмасақ керек. Мәселен, ауылда ҰОС-қа қатысқан ардагерлерге арналған ескерткішке Кенжебай Маймұрынұлының есімі жазылмаған. Ал ескерткіштің өзі ешбір күтімсіз, қараусыз қалған. Елдік намысты таптатпауға үлкен үлес қосқан ардагерлерімізге Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жылында жергілікті билік тиісті деңгейде назар аударады ғой деп үміттенеміз.
Назым ҚАЙРАТ.
Алматы облысы.
Суретте: майдангер К.МАЙМҰРЫНОВ зайыбы Асылғайшамен.