Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Анкарадан.Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 10 желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес Астана қаласының ең көрікті жерлерінің бірі – Есіл өзенінің жағасындағы саябақта түрік халқының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрікке еңселі ескерткіш орнатылған болатын. Алматының әсем көшесіне Түркияның бұрынғы президенті Тұрғыт Өзалдың есімі берілген-ді. Сонымен қатар, Түркияның қазіргі Президенті Абдулла Гүл Қазақстанға жасаған жақындағы сапары кезінде: “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық түркі әлемі үшін атқарып келе жатқан ерен еңбегіне орай шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Біз аса құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа Анкарада ескерткіш орнатамыз”, – деп қазақстандықтарға ғана емес, күллі түркі әлеміне ортақ керемет жаңалықты жария еткен еді. Соның сәті бүгін келді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 17.00-де басталды. Ескерткіш қойылған аумақ маңайы мерекедегідей әсем безендірілген екен. Қазақ пен түріктің жан жадырататын әндері мен әуендері кезек-кезек шырқалуда. Жиналған қауымның қарасы аса мол. Белгіленген уақытта салтанатты рәсімнің ресми бөлігіне кезек берілді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Бағдат Әміреев ескерткішті көмкерген матаны жайымен төмен түсіре берді. Сәлден соң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы жарқырап көріне берді. Дуылдата қол соғып, еңселі ескерткішке, Елбасының мүсін-тұлғасына қызыға да қуана көз тастап жатырмыз. Ескерткіш Анкараның ең көрікті жерінің бірі “Гемчилик” орталық паркінде тұрғызылған. Жалпы биіктігі – 5 метр 10 сантиметр, ескерткіштің тұғыры граниттен, ал мүсін тұлғасы таза қоладан құйылған. Авторы скульптор Гюрсель Чаталтепе. Салтанатты шара Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен әрі қарай жалғасты. Одан кейін, ретімен айтқанда, Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйлеп, осынау айтулы шараға, үлкен оқиғаға байланысты пікірлерін білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастыққа, достық қатынастарға қатысты ой-пайымдарын ортаға салды. Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы ерен еңбегін, қосқан үлесін айрықша атап өтті. Қазақстан басшысына Түркияның төрінде орнатылған ескерткіш соған берілген баға екенін ризашылықпен айтты. Түркі халықтарының алдында сіңірген аса зор еңбегі үшін Анкараның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату жөніндегі түрік ағайындарымыздың шынайы бауырластық шешімін қазақстандықтар аса зор ықыласпен қарсы алды, деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі маңызды оқиғалар барысына жарқын да елеулі үлес қосқан тарихи қайраткер. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихында Түрік Республикасында Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты айрықша орын алады. Бүгінгі күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Президент қана емес, Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, халық санасында ұлт таныған Елбасы болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев дара тұлғалық қасиетінің арқасында қоғамның күш-жігерін жаңа мемлекеттіліктің негіздерін қалауға бағыттап, туған елінің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы сөзінің соңында осынау тарихи шараны жүзеге асырған Түрік Республикасының, Анкара қаласының басшылығына қазақ халқының атынан туыстық, достық ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Елбасымыздың қажырлы еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсеткен туысқан түрік халқына шын жүректен алғыс айта отырып, деді Орал Байғонысұлы, осы тарихи оқиғаның біздің халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге қызмет ететініне сенімдімін. Орал Мұхамеджанов кеше, сондай-ақ Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды әрі қарай тереңдету жөнінде әңгімелесті. Сонымен қатар, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы бастаған қазақстандық делегация Анкара қаласының мэриясында болды. Сол күні, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед пен Түрік Республикасының Туризм және мәдениет министрі А.Гунайдың, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Т.Досмұханбетов пен Түрік Республикасының Мемлекеттік министрі Ф.Нафиз Өзактың кездесулері болды. Ал ескерткіштің ашылу салтанатына Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек қатысты. Суретті түсірген С.МАЙЛЫБАЕВ.Ақтөбе-Астрахань тас жолында 100-ден аса көлік қар құрсауында қалып қойды
Оқиға • Бүгін, 19:40
Жамбыл облысында жеке тұрғын үй отқа оранды
Оқиға • Бүгін, 18:20
Эльжана Таниева спорттық мансабын аяқтады
Спорт • Бүгін, 18:00
Әскери оқу орнының курсанты өрт кезінде батылдық танытты
Қоғам • Бүгін, 17:41
Қатонқарағайда қоңыр аю фототұзақты сындырып кеткен
Табиғат • Бүгін, 17:15
Қысқы универсиада: Қазақстан қоржынына екі медаль түсті
Қысқы спорт • Бүгін, 16:35