Медицина • 28 Қаңтар, 2025

Емдеу орындары көбейді

31 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында өңірдегі ауылдарда 62 стационарлық медициналық нысан пайдалануға берілді. Жыл басында тағы осындай екі нысанның құрылысы аяқталды.

Емдеу орындары көбейді

Қазірде «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­ламасы аясында Үржар ауылында 10 төсектік күндізгі стацио­нар мен 50 адам қабылдайтын дәрі­гер­лік амбу­латория салу жоба­сы іске асырылып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков ауыл­дағы бейінді мамандар тап­шы­лығын шешу бағытында да мақ­сат­ты жұмыстар жүргізіліп жат­қанын мәлім етті. Тіс дәрігері, хирург, акушер-гинеколог сияқты мамандарды толықтыру мәселесі келешекте шешімін таппақ.

«Кадр тапшылығы мәселесін шешуге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлу қарас­ты­­рылған. Біз биыл аса тапшы мамандықтардың тізімін анық­тау жөніндегі жұмысты жалғас­ты­рамыз. Кадрлар даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебі­нен облыстың 80 дәрігері шетелде тәжірибесін шыңдады. 15 маман Ресей, Германия, Әзербайжанның жетекші ме­дициналық мекеме­ле­рін­де тағы­лымдамадан өтті. Бұл бағ­дар­лама біліктілікті арттыруға, ауыл медицинасы жұмысына заманауи тәсілдерді енгізуге бағыт­тал­ған», дейді басқарма басшысы.

Облыста ауыл тұрғындарына 9 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетеді. Олар 173 елді мекендегі тұрғындардың ден­саулығын бақылауға алған. Өткен жылы 64 435 адамды тексерумен қамту жоспарланса, іс жүзінде 56 233 тұрғын медициналық көмек­ке жүгінген.

Ауыл медицинасын дамыту­дың негізгі бағыттарының бірі – ма­териалдық-техникалық базаны жаңарту. 2024 жылы 1,3 млрд теңгеден астам сомаға 200 меди­ци­налық техника сатып алынды. Биыл 1,2 млрд теңгеге 182 жаб­дық­тар сатып алу жоспары жүзеге асырылады.

 

Абай облысы