Суицид • 28 Қаңтар, 2025

Финляндия суицидпен қалай күресті?

168 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Финляндияда кейінгі 20-30 жылда суицид саны екі есеге азайған. Елдің статистикалық орталығының мәліметі бойынша 80-жылдары өзіне қол жұмсағандардың саны көп болған, жылына шамамен 1 500 жағдай тіркелген. Ал осыдан соң суицид жылына 800-ге дейін қысқарып отырған. Фин елі бұл кеселмен қалай күресіп, алдын алды?

Финляндия суицидпен қалай күресті?

Сурет: azbyka.ru

Ұлттық бағдарламаның жемісі

Еуростаттың мәліметінше, Еуропадағы суицид бойынша елдер рейтингінде Фин­лян­дия – бесінші орында. Бұл тізімді Лит­ва бас­тап тұр, содан кейін – Латвия мен Мажарстан.

Финляндияда жыл сайын жүз мың адам­ға шаққанда – 13, Францияда 14 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Германия мен Швеция суицид статистикасының ортасында тұр. Тізімнің басында тұрған Литвада жыл сайын жүз мың адамның 30-ы суицид жасайды. Яғни лит­валықтар финдерге қара­ғанда суицидтен екі есе көп өмірмен қоштасады. Еуропадағы ең аз көрсеткіш – Кипр мен Грекияда.

Финляндияның Yle ұлттық телерадиоха­бар компаниясының ақпараттық сайтына бер­ген сұхбатында Хельсинки университетінің профессоры Эркки Исомется Финляндияда 80-жылдары әлемде бірінші болып суицидтің алдын алу жөніндегі ұлттық бағдарлама әзір­ленгенін айтады. Бұл жұмыс елдегі суицидтің түрлері мен себептерін зерттеуден басталған. Ұлттық бағдарлама әзірлеуге 2016 жылы Финляндияның психикалық денсаулық мәселелері жөніндегі арнайы комиссиясы елде суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізу туралы талап қойған. Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта фин дәрігерлері суицидтік көңіл күйі бар науқастарды танып алатындай қосымша дайындықтан өтуі керек. 2018 жылдың 1 наурызында Хельсинки мен Куопио қалаларында суицидтің алдын алу орталықтары ашылған. Ондағы мамандар өз-өзіне қол жұмсауға бейім адамдарға, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруге тырысқандардың туыс­тарына медициналық және психологиялық қолдау көрсетеді.

Эркки Исометсяның айтуынша, халықара­лық суицид статистикасында бұрын КСРО құрамына кірген елдердің көрсеткіштері анық көрсетілген. Бұрын олар туралы жеке деректер болмаған.

«Қосымша ақпарат пайда болған кезде, бұл Финляндияның әлем картасындағы орнын жақсырақ анықтауға көмектесті. Финляндияда осы көрсеткіш бұрын Еуропадағы орташа көрсеткіштерден жоға­ры болғаны рас. Статистикалық орта­лықтың мәліметі бойын­ша, Финлян­дияда ең көп суицид 80-жыл­­дардың аяғында, юппи дәуірінің басын­да болған. Осыдан кейін көрсеткіш тұрақ­ты және күрт төмендеді», дейді сарапшы.

Ғалымның пікірінше, суицидтің төмендеуі­нің нақты себебін анықтау мүмкін емес. Дегенмен хронологияны байланыстыруға болатын факторлар бар.

«Әлемде бірінші болып суицидтің алдын алу жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеумен қатар Финляндия депрессияны емдеді. Тиімді терапия мен емдеудің басқа түрлері де жасалды. Депрессияға қарсы шыға­рылған жаңа дәрілердің жанама әсер­лері аз болды, сондықтан дәрігерлер оларды тағайындаудан қорыққан жоқ. Менің ойымша, дәрі-дәрмек қолдану депрессияны емдеуге көмектесті. Осылайша, Финляндияда суицид азайды», деді фин ғалымы.

Кейбір сарапшылар өз-өзіне қол жұмсау­дың себебін экономикалық көрсеткіштермен немесе жыл мезгілімен байланыстырады. Алайда Эркки Исомется мұны жоққа шығар­майтынын, бірақ олар суицидтің себебіне жатпайтынын айтады.

«Мәселен, 1930 жылдардағы дағдарыс кезінде суицидтің өсуі байқалмады. 90-жыл­дардағы дағдарыс кезінде де көптеген фин күйзеліске ұшырады, жұмысы­нан айырылды. Осы жылдары суицид көбейеді деп күткеніміз де жасырын емес, алайда керісінше азайды. Егер қоғам дағда­рыс кезінде тұрғындарды қолдаса, суицид аз болатыны сөзсіз. Мысалы, 2008 жылы орын алған дағдарыс кейбір Еуропа елде­рін­дегі суицид статистикасына әсер етті, Скан­динавияда сол күйі қалды», деді сарапшы.

Фин ғалымы суицидтің дәлелді факті­леріне де тоқталды. Айталық, ер адамдар әйелдерге қарағанда өмірмен көбірек есеп айы­рысады, солтүстік Финляндияда оңтүстікке қарағанда суицид әрекеті басым. Сондай-ақ суицидтің жартысына жуығы масаң күйде болатын заттарды, есірткі қолданудан және алкоголь ішуден болады.

 

Германияда да жағдай күрделі

Ал Германияда былтыр суицид саны артқан. Енді билік қоғамды бұл кеселмен күресуге шақырып отыр. Жалпы, Германияда жол апаты, адам өлтіру, есірткі тұтынудан емес, өзіне қол жұмсаудан қайтыс болатын­дар көп. Мәселен, Суицидтің алдын алу жөнін­дегі елдің ұлттық бағдарламасы (NaSPro) көрсет­кендей, 2023 жылы Германияда 10 304 адам суицид жасаған. Бұл – кейінгі 19 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Statista порталының дерегіне қарасақ, 2022 жылы суицид саны 1,8%-ға, бір жыл бұрын 11,8%-ға төмендеген.

«Зерттеулер көрсеткендей, суицидке бейім адамдар өлгісі келмейді, олар белгілі бір жағдайға төзіп өмір сүргісі келмейді. Бұл тұжырым суицидпен күрес шаралары кезінде негізге алынуы керек», деген пікірде неміс сарапшысы Уте Левицка. Ол Германияның Денсаулық сақтау министрі Карл Лаутербахты уәде етілген суицидтің алдын алу туралы заң жобасын әлі ұсынбағанын сынға алды.

«Қоғам суицид мәселесінің ауқымын әлі түсінген жоқ. Ауру, ақша жетіспеушілігі, жақын адамынан айырылу, құрдастарымен проблемалар, жауапсыз махаббат пен зорлық-зомбылық – кеселдің негізгі себептері. Суицид туралы ойлар – күрделі мәселелердің салдары. Адамның проблемасымен бөлісетін ешкімі болмаған кезде, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті – оның ішкі күйзелісіне жауап беретін жалғыз жолы», дейді неміс сарапшысы Майкл Витте.

Суицид Германия экономикасына айтар­лық­тай зиян келтіріп отыр. Жыл басын­дағы статистика көрсеткендей, онда жыл сайын 100 мыңнан аса адам өз өміріне балта шабу­ға әрекеттенеді. Ал шұғыл медициналық көмек­ке, емделуге және полиция жұмысына кететін шығындардың құны 178 млн еуроны құрайды. Ал егер ауруханада жатып ем қабылдайтын болса, онда бұл сома 300 млн еуроға дейін барады.

Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде өз-өзіне қол жұмсап, жыл сайын 1 миллионнан аса адам қаза болады. Бұл тіпті қақтығыс, қылмыс және шабуылдардан қайтыс болатындардан көп. Суицидтің басым бөлігі Шығыс Еуропа елдерінде тіркелген, Оңтүстік Америкада және мұсылман елдерінде өз-өзіне қол жұмсауға тырысатын жағдайлар аз.

Ал елімізде күн сайын 10 адам суицид жасауға бел буады. Өмірмен қоштасуға шешім қабылдағандардың негізгі бөлігін 30 жастан асқандар құрайды. Қуаныштысы, балалар арасында суицид төмен. Елімізде өз-өзіне қол жұмсаудан болатын өлім-жітімнің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 18,1-ге жуық. Бұл – экономикалық дамыған елдерге қарағанда едәуір жоғары көрсеткіш.