
Фото: Ақорда
Президенттің айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге құраған. Нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтап, соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткішті көрсеткен. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керектігін баса айтты.
«Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кететінің тілге тиек етті.
«Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.