
Фото: kisi.kz
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және орнықты даму бөлімінің бас сарапшысы Ерлан Жакупов Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында одан әрі дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар көлік-логистика саласына баса назар аударғанын еске салды. Атап айтсақ, Президент еліміздің халықаралық аренадағы бәсекелестік артықшылықтарын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі ретінде Транскаспий дәлізін дамытудың және транзиттік әлеуетінің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, Үкімет ұсынған мәліметтер бойынша, 2024 жылы жүк тасымалының көлемі тұрақты өсім көрсетіп, 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаны құраған. Әсіресе, тасымалдау көлемі 2,7 есеге өскен Транскаспий бағыты бойынша контейнерлік тасымалдау секторында айтарлықтай өсім байқалған.
Сарапшының пікірінше, бұл жаһандық логистикалық тізбектерге негіз болатын негізгі көлік артерияларының динамикалық дамуын көрсетеді.
«Атап айтқанда, биыл «ҚазМұнайГаз» Қашаған кен орнынан Ақтау порты арқылы Баку портына мұнайдың бірінші транзитін сәтті жүзеге асырды, бұл энергетикалық бағыттарды әртараптандырудағы маңызды қадам болды. Бұл жоба Транскаспий бағытының әлеуетін нығайтуға және жаһандық логистикалық желінің негізгі элементі ретінде аймақтың маңыздылығын арттыруға көмектеседі.
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Орта дәліз бойынша Каспий теңізі арқылы тасымалдау көлемі үш есе артып, 11 миллион тоннаны құрайды, оның 4 миллион тоннаға жуығы контейнерлерде тасымалданады. Транзиттік жүктердің негізгі бөлігі Еуропа мен Қазақстан, сондай-ақ Еуропа мен Қытай арасындағы сауданың бір бөлігі ретінде осы бағыт арқылы өтеді», деді Ерлан Жакупов.
Ерлан Жакупов осы өршіл мақсаттарға қол жеткізу үшін көлік инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыру қажет екендігін тілге тиек етті.
«Logistics Performance Index (LPI) рейтингінің «көлік инфрақұрылымы» қосалқы индексінде Қазақстан 2018 жылғы бағалаумен салыстырғанда позициясы жақсарып, 138 елдің арасында 80-орынға ие болды (2018 жылы 81 орын). Дегенмен, позицияларды одан әрі нығайту және жүк тасымалы көлемінің өсуін ынталандыру үшін айтарлықтай күрделі салым қажет. Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) болжамдарына сәйкес, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсарту үшін қажетті инвестицияның жалпы көлемі Қазақстан үшін 5,5 миллиард еуроны және жалпы аймақ үшін 18,5 миллиард еуроны құрайды», деді Е.Жакупов.
Осылайша, Ерлан Жакупов көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту елдің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың және жаһандық экономикалық процестерге интеграциясын арттырудың негізгі факторы болатынына тоқталды.