
- Боксшы Мерей Ақшалов еліміздің бокс федерациясының (ҚБФ) бас хатшысы болып тағайындалды. Ол 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысты. Бірақ төртжылдықтың басты додасында төрешілердің қитұрқы ойынының құрбаны болды. Бұл жағдай дарынды боксшының сағын сындыра алған жоқ. 2013 жылы Ақшалов екі бірдей байрақты бәсекеде бас жүлдені қанжығасына байлады. Алматыда әлем, Амманда Азия чемпионы атанды. Мерей бұл күндері кәсіпқой рингте атой салып жүрген Мейірім Нұрсұлтановтың туған ағасы екенін де еске сала кеткен жөн.
- Шайбалы хоккейден Латвияда өтіп жатқан қыздар арасындағы (U-18) әлем біріншілігінде еліміздің құрамасы кезекті ірі жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы Нидерландты 10:0 есебімен ойсырата ұтты. Бәсеке барысында Златоцвета Феоктистова покер жасаса, София Муравьева хет-трик авторы атанды.
- Түркияның Антальясында өткен ITF W15 турнирінде германиялық Жоэль Лилли-Софи Стойрмен жұп құрған дарынды теннисші Сандуғаш Кенжебаева бас жүлдені олжалады. Финалда олар Асылжан Арыстанбекова (Қазақстан)/Дарья Шадчнева (Ресей) жұбын 3:6, 6:4, 10:2 есебімен ұтты.
- Ресейдің Екатеринбургінде RCC лигасы жалаң қолмен жұдырықтасудан халықаралық турнир ұйымдастырды. Жарыста Торғынбек «Тор» Әміров күш сынасты. Үшінші раундта жергілікті файтер Матвей Тикиджиевті нокаутқа жіберген қандасымыз аса жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуімен қатар, 1 миллион рубль көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
- Испанияның Кастеллон мен Онда қалалары (171,7 шақырым) аралығын қамтыған «Рута де ла Серамика» жарысын «Астананың» намысын қорғап жүрген франциялық велошабандоз Клеман Шампуссен үшінші орынмен қорытындылады. Португалиялық Антонио Моргадо («UAE Team Emirates-XRG») жарыс жеңімпазы атанса, уругвайлық Эрик Фагундез («Burgos Burpellet BH») екінші орынды иеленді.
- Португалияның Оэйраш қаласында өткен «Челленджер» додасында еліміздің бірнеше теннисшісі бақ сынады. Олардың арасынан ең үздік көрсеткішке Бейбіт Жұқаев қол жеткізді. Бастапқы бәсекелерде нидерландтық Мик Велдхерді, германиялық Кристоф Негритті, португалиялық Гаштау Элиашты, өзінің отандасы Дмитрий Попконы жеңген Б.Жұқаев ширек финалда эстониялық Марк Лаялға жол берді – 7:5, 6:7, 4:6.
- Ұзақ жыл бойы футзалдан Алматының «Қайраты» мен еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырып, биік белестерді бағындырған Какау күні кеше ғана БАӘ құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Біздің елден кеткеннен соң бразилиялық маман Кувейтте еңбек етті. Сол командамен бірге Батыс Азия кубогін жеңіп алды. Одан кейін Ирак құрамасы мен Румынияның «Юнайтед Галати» клубтарын баптады.
- Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» қатарынан 12 ойында ұтылып, өз жанкүйерлерін жерге қаратқан еді. 13-кездесуінде астаналықтар әйтеуір әупірімдеп жүріп, көздеген мақсатына қол жеткізді. Өз мұз айдынында Новосібірдің «Сибирь» клубын қабылдаған жерлестеріміз овертаймда 4:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл бәсекеде Никита Сетдиков хет-трик жасаса, тағы бір шайбаны Виктор Антипин соқты.
- 28 қаңтар – 1 ақпан аралығында Сауд Арабиясында «АльУлаТур» көпкүндігі өтеді. Аталған аламанда «Астананың» намысын Евгений Федоров, Антон Кузьмин, Алессандро Ромеле, Николя Винокуров, Александр Винокуров, Лев Гонов, Пьер-Анри Бассет сынды велошабандоздар қорғайды.