
Сурет: gazeta.ru
Абай облысының Полиция департаментіне қарасты бөлімнің басты міндетіне зардап шеккендерге жедел көмек көрсету, тиімді шаралар қолданумен қатар әлімжеттіктің алдын алу мәселесі де кіріп отыр. Жаңадан құрылған бөлім келешекте жаза басқандарды бірден жазаға тартуды ғана қарастырмай, келеңсіз жағдайға тап болған отбасы мүшелерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, оңтайлы қызмет атқаруды мақсат етіп отыр. Бұған қоса аталған бөлім зорлық-зомбылық туралы арыз-шағымдарға дер кезінде жауап қатып, жедел әрекет етуді, жиі қайталанатын оқиғалардың алдын алу мен зардап шеккендерге білікті заңгерлік, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетуді міндет етіп жүктейді.
Өткен жылы өңірде 3 548 тұрмыстық құқық бұзушылық әрекетінің жолы кесілген. 3,5 мыңнан аса адам профилактикалық есепке алынды. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күн санап өршіп тұрғанының, ұдайы күрестің өзектілігінің айқын дәлелі болса керек. Жаңа құрылған бөлім дағдарыс орталықтарымен, медициналық мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді. Бұл жәбірленушілерге кешенді көмек көрсетудің жүйесін құруға және әр кезеңде қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтады мамандар.
«Бұл бөлімнің құрылуы – жай бастама емес, бұл өңіріміз үшін аса маңызды қадам. Әрбір зорлық-зомбылық оқиғасының артында нақты адам тағдыры тұр. Сондықтан біздің мақсатымыз – тек әрекет ету емес, осындай жағдайлардың алдын алу. Қазір бөлімді жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр: штат 36 инспектордан тұрады және олар осы маңызды міндетті орындауға толық дайын болады», дейді бөлім бастығы, полиция подполковнигі Виталий Каверин.
Бөлімнің жедел желісі тәулік бойы жұмыс атқарып, зорлық-зомбылыққа тап болғандардың немесе осындай жағдайдан құлағдар әрбір азаматтың арыз-шағымын қабылдай алады.
Абай облысы