Еліміз Еуразиялық экономикалық одақ аясында әрекет етіп келеді. Алда Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту міндеті қойылған. Қазіргі жаһандық деңгейдегі тұтынушылар үшін жаһандық күресте еліміз қаншалықты бәсекеге қабілетті деген сұрақ әрбір қазақстандықтың көкейінде жүргені анық. Осыны және өзге де сауалдарды қаперге ала отырып, біз Парламент Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерболат МҰҚАЕВҚА жолығып, бірқатар сұрақтарымызды қойған едік.
– Ерболат Рахметұлы, әлемдік нарықта отандық өнімдер қаншалықты бәсекеге шыдас бере алады дей аламыз?
– Отандық өнімдердің барлығы бәсекеге қабілетті деуден аулақпын, бірақ сұранысқа ие тауарларымыз да бар. Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы қажеттігін Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты өз Жолдауында айқын атап көрсетті. Қазір елімізде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдары жүргізілді. Сол бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өндеу өнеркәсібінің алты саласы таңдап алынған-ды. Олар: металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдары және тамақ өнеркәсібі. Бағдарламаның екінші кезеңінде оңтайландырылған 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетте еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы туралы мемлекеттік бағдарламаға 230,2 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде 2015 жылға 102 миллиард теңге қарастырылса, 2016 жылға – 52 миллиард, ал 2017 жылға 45 миллиард теңге бөлінетін болады. Егер бірінші кезеңді қарастырып көрер болсақ, Елбасының өзі де атап кетті, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде бізде 400 жаңадан бұрын-соңды Қазақстанда болмаған өнімдер шығарылуда. Бұған салынған қаражаттың 70 пайызы шетелдік инвестиция екендігін де реті келгенде айта кету керек. Бұл капитал Қазақстан экономикасын нығайтуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған.
– Қазақстанда көптеген кәсіпорындар ашылып жатқанын ескерсек, инфрақұрылымдық жобалардың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Осы жағын тарқата кетсеңіз.
– Иә, елімізде 770 кәсіпорын ашылғандығын да тілге тиек ете кеткен жөн. Бұл ретте 75 мың адам бұрын-соңды болмаған мамандықтар бойынша жаңа жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, өндіріс секторын алатын болсақ, бұл салада 1 миллионнан астам адам жұмыс істеуде. Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық дамуға теміржол, автожол сияқты инфрақұрылымдарды салу қолға алынды. Бірінші кезеңге арналған өткен бесжылдықта 4 мың шақырым автожол және 1700 шақырым теміржол жаңадан салынды немесе қайта жөнделді. Енді 2017 жылға дейін жол саласын дамыту мақсатында бюджетте 3 триллион теңге қарастырылып отыр. Осы қаржыға 6,5 мың шақырым жол салынып немесе жөндеуден өтеді. Соның 3 мың шақырымы І категориядағы жол болмақ. Орталығы Астана қаласы болып табылатын аймақтық ХАБ құрылатын болса, сонымен бірге Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс және Орталық – Батыс бағыттары дамытыларын ерекше айта кетейін. Сонымен бірге, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізіне Алматы – Өскемен, Қызылорда – Жезқазған және Атырау – Астрахань жолдарын қосу көзделуде. Осының барлығы индустриялық-инновациялық бағдарламамен ұштасып жатыр.
– Өткенде Елбасының өзі «Қазақстанда жасалған» деген брендпен отандық өнімдер сауда орындарына шығуы керек деген идея тастады ғой. Осы бағытта алға жылжушылық бар ма?
– Қазір байқап отырсаңыз, көптеген кәсіпорындар өз өнімдерін жылжытуда сәтті қадамдар жасап келеді. Өзім білетін мына Батыс Қазақстан облысында «Кублей» деп аталатын консерві шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Сол кәсіпорын экологиялық таза балық пен жылқы және сиыр етінен неше түрлі консервілер шығарып, тез сатылып кететін өнімдер қатарынан табылып жүр. Қазір бұл кәсіпорынның өнімдері ресейліктердің сұранысына да ие екенін айта кету керек. Тағы бір мысал келтіре кетсем, жолға төсейтін шағыл тастар Ақтөбе облысында шығарылады. Оны Оралға тасып жеткізу үшін 550 шақырым жол жүру керек. Әрине, мұндай кезде шағыл тастың өзіндік құны қымбаттайды. Мұндай тығырықтан шығу үшін қазір жергілікті жерде қолдан жасалған шағыл тастарды шығара бастады. Бұл да бір жаңалық. Бұрын әйнекті Ресейден алып келетін. Қазір оны өзімізде шығару үшін Қызылорда және Ақтөбе облыстарында шыны шығаратын жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл ретте теміржол желісіне төселетін рельстер де осы Ақтөбеде қолға алынған. Бұдан басқа елімізде вагондар шығарып, жеңіл автокөліктер құрастырылып жатқаны баршаға аян. Ресей валютасының бағамы құлдырауынан сол елден 30 мыңнан аса жеңіл автокөлік жеткізіліпті. Қазір өзімізде жылдық 4 пайыздық ставкамен несие бере бастаған еді, барлығы да отандық өнімдерді алуға көшті. Сондай-ақ, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысында 2015 жылы құны 43,7 млрд. теңге тұратын 2 жоба енгізіліп, 98 жұмыс орнын құру жоспарлануда. «Конденсат» акционерлік қоғамы «Еуро-5» экологиялық санаттағы бензин өндіруді қолға алуда.
– Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындамыз. Біздің кәсіпорындар өздерінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдей алды ма?
– Жоғарыда айтып кеткендей, кейбір бағыттар бойынша дәлелдей алды. Өзімізде шығарылатын сүт және ет өнімдері шетелдік өнімдермен салыстырғанда бірде-бір кем емес. Әрине, әлі де жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отыр. Жақында ғана Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстанда шығарылған жейде, костюм-шалбар мен туфли киіп келіпті. Тағы да осы жерде бір мысал айта кетейін, Тараз қаласында жүн өңдеу зауыты ашылды. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Амангелді Момышев деген кісі басшылық жасайды екен. Онымен сөйлескен кезімде болашақта италиялық желі қойып, костюм тігуді қолға алғалы жатқан жоспарларымен де бөліскен-ді. Шымкентте кілем тоқылатынын да реті келгенде айта кеткен жөн. Бұл өңірде фармацевтика саласы жолға қойылған. Қытайда шығарылатын кейбір дәрі-дәрмектерге қарағанда, айтарлықтай сапалы. Ағзада қант мөлшерін түсіру үшін «Сиафор» деген дәрі қолданады. Соның орнына қазір дәрігерлер шымкенттік дәріні ұсынатын болып жүр.
– Еліміз қанша дегенмен аграрлық мемлекет екені белгілі. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті оңтайландыру барысына белсенді қатыстыңыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін қаржы туралы не айтасыз?
– Иә, ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әлемдік дағдарысқа байланысты жүзеге асырылған бюджетті оңтайландыру кезінде былтырғы бөлінген қаражат деңгейі биыл да сақталып қалды. Соның арқасында мал басының өсіп отырғандығын көріп отырмыз. Сол мал басының көбеюі есебінен ет және сүт өнімдерінің көлемі де арта түскен. Ал астығымызға қатысты айтар болсақ, онда ол бәсекеге барынша қабілетті. Әсіресе, еліміздің батыс өңіріндегі астықтың сапасы өте жоғары. Оның қамырлылығы 29-30-ға дейін барады. Біздің астықты сатып алып отырған Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сияқты елдер тегіннен-тегін алмайды. Мысалы, Өзбекстан өздерінде астық өндіргенімен, оның сапасы төмен болғандықтан біздің астықпен араластыруға мәжбүр. Өйткені, нан пісіруде біздің астықты қоспаса сапалы нан шықпайтыны белгілі. Жалпы, әр мемлекет өз өнімдерін өткізуге тырысады. Бұрындары Бразилия, Австралия және өзге де елдер еттерін сатып алып жүрдік. Шынын айтқанда, сапалы отандық өнімдерге жарнама жетпей жатады. Таза табиғи ортада жайылған мал мен жері тар елдерде күтілген малдар етінің дәмі тіпті де бөлек қой. Осы тұрғыдан келгенде қазақстандық еттің құнарлылығы өте жоғары. Соңғы жылдары суытылған ет дайындайтын цехтар ашыла бастады. Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында осындай ет өнімдерін шығаратын зауыт іске қосылғалы жатыр. Аталған кәсіпорын салқындатылған марқа етін шығаруды қолға алатын болады. Мұндай зауыт Қарағанды мен Қостанайда да бар. Мұнда тек салқындатылған құс етін шығарады. Мұндай ет шетелдерден келіп жатқан мұздатылған еттерге қарағанда әлдеқайда сапалы. Жалпы, сапалы өнімдер ғана саудаға лайық деп айтқым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».