02 Мамыр, 2015

Ұлттар бірлігі өмірден осылай көрініс табуда

475 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_7200Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Сондай мәдени игі іс жуырда Алматы қалалық сотында да ұйымдастырылды. «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» атты шараға Алматы қаласының барлық ауданының әкімшілік, экономикалық, қылмыстық соттарының мамандары тегіс қатысты. Мұндай шара сот мамандарына еліміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың әдет-ғұрпын танып-білуіне көмектеседі. Әрі Қазақ елінде тату-тәтті тұрып жатқан түрлі халықтар арасындағы береке-бірлікті бекіте түсуге де сеп. Осындай мақсатта ұйымдастырылған шарада Медеу ауданының сот қызметкерлері – орыс ұлтының, Наурызбай ауданы – ұйғыр ұлтының, Бостандық ауданы – чешен ұлтының, Алмалы ауданы – грузин ұлтының, Медеу ауданы тәжік ұлтының салт-дәстүрлерін сахналық көріністер арқылы паш етті. Ән-жыр мен көңілді биге де кезек тиді. Шара барысында сөз алған Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай әріптестерін Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтады. Жаңа құрылған Наурызбай аудандық сотының қызметкерлері Ассамблеяның 20 жылдығына арналған мерекелік жиынға ерекше дайындалған екен. Ұйғыр ұлтының «қыз ұзату» және «келін түсіру» дәстүрін сахналағанда қол соқпаған адам қалмады. Себебі, сырттан қараған адамға олардың сот қызметкерлері екені еш байқалмайды. Құдды, театр әртістері секілді. Әсіресе, күйеу жігіттің бейнесін сомдаған Жігер Әзімбаев пен қыз құрбысының рөліндегі Гүлмира Қалымбетованың өнері жұрт көңілінен шықты. Бас құданы сомдаған Еркін Есенбаев та елдің разылығына бөленді. Тіпті, наурызбайлық сот мамандары ұйғыр ұлтының саз аспаптарында ойнап, жиылған көпті таңғалдырды. – Елдің бірлігі мен қоғамның тұрақтылығынан артық байлық жоқ. Бұл – Елбасымыз еңбегінің жемісі. Алайда, оны әрі қарай дамыту, еліміздегі түрлі этнос­тар арасындағы достық пейіл, ағайындық ниетке дәнекер болар шараларға атсалысу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Сол себептен де бұл мерекеге ай бұрын дайындалдық. Ол еңбегіміз ақталды, – дейді Наурызбай аудандық сотының төрағасы Ұлан Есбергенов. Жиын соңында мерекелік шараға қонақ ретінде қатысқан алматылық түрлі этнос өкілдері сөз алып, игі іске ұйытқы болған ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сансызбай ЖӘКЕН. АЛМАТЫ.