
Сурет: sport.insure
1963–2020 жылдар аралығында бұл жарыс Федерация кубогі деп аталатын. Ғасырлар тоғысында өз атауын Билли Джин Кинг кубогі деп өзгертті. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Билли өткен ғасырдың 60-70 жылдары әлемдегі ең үздік теннисшілердің санатында болды. Уимблдонда – 6, US Open додасында – 4, Аустралияның ашық біріншілігі мен Ролан Гарроста бір-бір реттен топ жарды. WTA турнирлерінде 67 мәрте теңдессіз деп танылды. Осындай орасан зор табысының арқасында әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Кингтің жұптық сайыстағы нәтижесі тіптен керемет. «Үлкен дулыға» санатындағы бәсекелерде 18 рет бас жүлдені олжалады.
Кортпен қош айтысқаннан кейін Билли Джин Кинг қоғам қайраткері ретінде танылды. Спорттағы әйелдердің теңдігі жолында күресті. Осының барлығын ескерген сала басшылары аталған жарысты Кингтің есімімен атауды құп көрді.
Билли Джин Кинг (Федерация) кубогін ең көп АҚШ құрамасы олжалады. Америкалықтардың 18 турнирде асығы алшысынан түсті. Чехия (Чехословакияны қоса алғанда) 11 додада дараланды. Аустралия жеті рет алдына жан салмады. Испания, Ресей, Италия өздерінің мықтылығын бес бәсекеде мойындатты. Францияның үш мәрте мерейі үстем болды. Германия екі жарыста жеңіске жетті. Бельгия, Канада, Словакия, Швейцария, ОАР бір-бір рет бас жүлдені еншіледі. Былтырғы жылы Испанияның Малага қаласында өткен бәсекеде Италия құрамасына тең келер команда табылмады. Апеннин түбегінің арулары финалдық ойында Словакияны сан соқтырды.