
Маңызды шаралардың бірі, еліміздегі ең ірі Бұқтырма көпірінің ашылуы – толықтай отандық инженерлер мен жұмысшылардың еңбегі. Көпір облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін оңтайландырып, көптеген саланың дамуына лепті үлесін қосатыны сөзсіз.
– Президенттің Катонқарағай мен Зайсанда әуежай салу туралы тапсырмасы өңірдің дамуына үлкен серпін берді. Сонымен қатар көрші елдермен өзен байланысын жандандыру аясында кеме көлігін қалпына келтіруді де жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Егер бұл жоба жүзеге асып жатса, Шығыс Қазақстан түкпірдегі тұйық аймақтан көлік-логистикалық хабқа айналып, Ресей мен Қытай арасындағы ең қысқа, әрі жылдам көлік бағытына ие болады. Жалпы, аймақтың барлық әлеуметтік-экономикалық индикаторында оң өзгеріс бар. 2022 жылы облыс бюджеті 366 млрд теңгені құраса, былтыр бұл көрсеткіш 580 млрд теңгеге жетті. 2022 жылы даму бюджеті 90 млрд болса, былтыр 130 млрд теңгені құрады. Облыс әкімінің айтуынша, жергілікті салық жақсы динамика көрсеткенімен, 36 пайыздан аспайды. Сол тұрғыда бұл бағытта қосымша кіріс көзі алгоритмін күшейту керек.
Облыс экономикасының негізгі бөлігі, шамамен 40%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру қолға алынған. Осы бағытта халыққа лайықты жұмыс беретін, табыс әкелетін, қомақты салық түсімдерін қамтамасыз ететін салалар бекітілді. Тұтыну мен өндіріс балансын сараптап, көрші облыстар мен мемлекеттердің нарығын зерттей келе, табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, экспорттық әлеуетке қажетті түзетулер енгізілді.
Барлық қала, ауданда экономикалық өсу нүктелерінің бес жылдық жоспары, ауылдық округтерге қатысты жол карталары бекітілді. Кейінгі бір жылда 46 жаңа өндіріс іске қосылды. Оның ішінде жалпыұлттық пул аясында 45 млрд теңгеге 10 жоба жасалды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында кадр тапшылығын азайту мақсатында облыста құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, су көлігі салаларына қатысты түрлі бағдарламалар қарастырылып жатыр. «Отбасы банкімен» бірлесе отырып, «Шығыс маманы» қолжетімді ипотекасы іске қосылды.
– Экономиканың табиғи ресурстарға тәуелділігін азайту жөніндегі Үкімет саясаты аясында жер қойнауы байлықтарының мемлекет пен халыққа барынша пайда әкелуін қамтамасыз ету бағытында да жұмыс атқарылып жатыр. Екі жыл ішінде кәсіпорындармен жасалған 14 келісімшарт негізінде әлеуметтік төлемдер 34 есе көбейді, – дейді аймақ басшысы.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп» ұлттық жобалары әлеуметтік нысандарды салудың жаңа стандарттарын енгізді. Бұл жұмыстар әсіресе ауылдық жерлерде мықтап қолға алынды. 2026 жылға қарай халықты 100% сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары да рет-ретімен жүзеге асырылып жатыр. Еліміздің су ресурстарының 40 пайызы Шығыс Қазақстанда. Былтырғы қиын жағдайларда алдын ала жасалған шаралардың нәтижесінде елді мекендер топан судан зардап шеккен жоқ. Шығыс орман қорына да бай екенін еске салсақ, табиғи өрттің алдын алу, болдырмау да – басты назарда. Бұл тұрғыда соңғы екі жылда тиісті қызметтің техникалық базасы күшейтілді.
Облыс басшысының айтуынша, халықтың бастамасымен «Өскемен тынысы» қоғамдық экобюросы ұйымдастырылып, экопроблемалар күн тәртібінен түспейтін күлбілтелі мәселе болып белгіленді. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы мен «Жасыл аймақ» өңірлік бағдарламасы да азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеруде ерекше рөл атқарды. Бұл акцияға әсіресе жастар белсене қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы