1944 жыл. 16 шілде. Адамзат адамзат болғалы бергідегі бүкіл Еуропаны, Солтүстік Африка мен Шығыс Азияны қамтыған ең ұлы, ең қанқұйлы соғыс 1943 жылдың соңына қарай өзінің апогейі – шырқау шегінен өткендей еді. Әйтсе де, олай болмай шықты. Бұрынғыдан да үлкен ауқымды жалыны шалқып, отты құйыны жер-көкте де, суда да ойнақ салды. Оларды 1944 жылдың көктемінде қабылданған жазғы науқанды өткізу және «Багратион» дейтін атпен Белоруссияны азат ету операциясын жүзеге асыруды көздейтін Жоғарғы Бас қолбасшы ставкасының түпкілікті шешіміне сәйкес кеңес қарулы күштері күшейткен еді. Төрт майданның күш-қуатымен жаудың «Центр» армиялар тобын талқандау стратегиялық міндеті қойылған. Ал оны орындау фашистерді бүкіл Белоруссиядан және Шығыс Польшадан қуып тастауға мүмкіндік беретін еді. Үлкен дайындықтан соң басталған «Багратион» операциясы орасан үлкен – бет алдынан 1200-ден аса шақырым және 600 шақырым тереңдіктегі аумақты алып жатты.
Осынау отты кеңістікте дұшпанның 1 миллион 200 мың жауынгерімен шайқасуға тура келетін ұрыстарда негізгі бағыт Минск болса, найзаның ұшында 2-ші Беларусь майданы, оның 31-ші армиясы да бар еді. Бұл армияның 174-ші Қызылтулы Борисов дивизиясы құрамындағы 628-ші Қызылтулы полкында Ақәділ Суханбаев та оқ пен оттың ортасында жүрген болатын еді. Әскери қызметті 1940 жылы Сібірдегі Том қаласында бастаған ол соғысқа едәуір тәжірбиелі, шынығып-шыңдалған жауынгер ретінде кіріссе, сұрапыл жылдардың бәрінде солдат тағдырының барша қияметін: қанды шайқастағы сәтсіз шабуыл мен шегіне қашуды да, қоршауда қалу мен, тіпті, контузия алып, тұтқынға түсуді де, одан құтылуды да бастан кешірген-ді. Ар-намысына дақ түсірмей өткерген. Бірақ, бүгінде ол бұрынғы ауылдың ашық-жарқын комсоргы емес-ті. Бой-тұлғасы етек-жеңін, оқ пен от тескен шинелі тарлық етердей іріленіп, мінез-құлқы түнеріңкі болмаса да, мейлінше байсалданған. Бұрынғы балғындау жайдары жүзге суық сұс біткен, алшақтау екі қас арасы жиырылып тігінен терең сызық түссе, тығыз қап-қара шаш арасына ұрлана кірген ақ талшықтар да едәуір-тін.
Иә, майдан өмірі бірінші батальонның екінші ротасындағы бөлімше командиріне де оңай тиіп жүрген жоқ еді. Қар мен жаңбыр, шаң мен батпақ, аяз бен аптап, өліктің мүңкіген иісі, шылқыған су окоп пен траншея... Оларға қоса әрі ең қауіптісі – үнемі, күндіз де, түнде де сені іздейтін ысқырған оқ пен ызыңдаған бомба, снаряд жарықшағы, ұлыған мина және... және солармен қабаттаса келетін қорқыныш... Бір жолы бөлімшедегі ең жас жауынгер Миша Лобацевичтің: «Сіз шынымен-ақ қорықпайсыз ба?» деген сұрағына сұрақпен жауап бергені бар: «Сен, Миша, мені шынымен-ақ жаны жоқ деп ойлаймысың, а?..».
Қорқыныш... бұл өзі... жағдайға қарай келеді, кетеді... Кейде, тіпті, мойныңа сұп-суық жылан орағандай оған да бойың үйренеді екен. Ал енді өлімге Ақәділ еш үйрене де, көндіге де алмай-ақ қойды. Қазір ғана өзіңмен сөйлесіп, әлденені айтып әзілдесе күліп отырған немесе қауашақтағы ботқасын асықпай, алаңсыз жеп отырған майдандас серігің кенет... бір жағына қарай қылжия салады... Болды, бітті, жас өмірдің жалыны өшті, арман, мақсат-мұраты да енді жоқ... Мерт болғандар қаз-қатар немесе асығыс жағдайда бірінің үстіне бірі жайғастырылатын бауырластар мүрдесі мекені болмақ немесе бас жағында қызыл жұлдызы бар жеке кішкене, қоянжота төмпешікке айналмақ... Мұндай өлімнің соғыстағы сұмдық заңдылық екенін түсінсе де, әсіресе, өз бөлімдері әлденеше рет жаудың терең тылында қоршауда қалып қойғандағы, жау тұтқынындағы өмір мен өлімнің аяусыз арпалысып, алдағы бір минутыңның өзі немен тынарын білмеу қатты батқан. Тағы бір айрықша азаптаған – алыстағы аяулыларына – анасына, туыстарына... және асыл жар, асық жар Айтайға апталар, айлар бойына өз жағдайы туралы бір ауыз сөзбен хабар беруге мүмкіндіктің болмауы. Ал ауылдағылардың мұның дерегін әр күннен, әр сағат-минуттан үміттің әлсіз, талмаураған шырағын медеу көріп күткендегі жан азаптарын бұл да өте өткір сезінумен жүрді...
Өстіп жүргенде Ақәділ басына зор бақыт, егер қан майданда бірдеңені бақыт деуге болса, біраз бұрын оқыс қонды. Ауылға ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы хатын жөнелте алды. Көп кешікпей Айтайдан хат алғандағы қуанышы... Оған: «Мұндай да шексіз зор қуаныш болады екен-ау!» деп өзі де таңданған. Хат сағынышты жардың одан да зор махаббатың, іңкәр жүрек лүпілін жеткізіпті. Атыс-шабыстың ара-арасында алдымен қолға алатыны да сол хат. Он қайтара, жүз қайтара оқыған шығар. Әр сөзі жүрегінде жатталып, жаңғырып жатты. Әрі-беріден соң тозуға айналған қағазды танауына апарады, бейне бір туған өлке – Әулиеатаның ауасы, аяулы Айтайдың жұпар лебі, ыстық демі жетердей...
Жауған оқ, тіміскілеген ажалды елеместен жігіт жаны серпілді, желпінді!..
Бұл аралықта «Багратион» да ойдағыдай жүріп жатты. Шілденің 3-і күні кешке қарай Минскіні ұстап тұрған гитлершілдердің 4-ші армиясы толықтай дерлік талқандалып, 100 мыңнан аса солдаттары мен офицерлері тұтқынға түсті. Белоруссияның от-жалынды қара түтін басқан астанасы азат етілді. Бірақ, барлық құрылыстар, көпірлер, парктер, театрлар қиратылған. Тұрғын үйлер орамдарының орнында сынған шыны, кірпіш, майысқан сояу-сояу темір сырықтарға толы алаңқайлар қалған. Соған қарамастан, көздеріне жас үйірілген сан мың адамның қуанғаны да тек соғыста ғана кездесетін бір түрлі бөтендеу көрініс еді.
Минскіге солтүстік беттен жалындағы жаудың астан-кестеңін шығарып басып кірген бронетанк әскерлерінің маршалы Ротмистровтың 5-ші гвардиялық танк армиясының соңынан оқ бората қаптаған құрамалар мен бөлімдердің арасында 628-ші полк те бар болатын. Жауды қуумен қалаға жеткен ол сонда шеп құрып, жайғаса бастаған. Осындай шақта әлденеден ақсары жүзі алаулап кеткен Лобацевич Ақәділге жүгіріп келіп, алқына тіл қатты: «Жолдас командир! Біздің үй осы жерден жарты-ақ шақырым жерде! Жүгіріп барып келейін, рұқсат етіңізші?» Мынадай тосын жағдайға сүйінген Ақәділ взвод командирінен рұқсат алды да бөлімшесімен Михаилдың соңынан ерді. Ондағы ой: жауынгердің ата-анасы бар болса, интернационал бөлімше – қазақ, украин, орыс, татар, өзбек, қырғыз бәрі бірге құттықтау, ал қайғылы бірдеңе болса бәрі бірге жас солдатты жұбату...
Шүкір, қартаңдау әке-шеше бар екен. Терілері сүйекке жабыса әбден арыған, әлсіреген олар жартылай қираған, ыс пен оқ-дәрі исі сіңген кішкене ғана үйден табылды. Лобацевичтер қуанышында шек болған жоқ. Күліп, жылап-сықтап біраз мауықтары басылғанда селдір аппақ қудай шашы дудыраған егде әйел даусы дірілдей Ақәділге тіл қатты:
– Мишамыз үшін, оны сақтағандарың үшін сендерге рахмет, балам!... Өзіңнің ата-анаң бар ма, қайда олар?»
– Анам бар, Қазақстанда, шешей – деп жауап берді Ақәділ.
– Ой, қандай алыстан келгенсіңдер бізді құтқару үшін!.. Анаңа сәлем айт, біздің алғысымызды жеткізгейсің, балам... – деп ана дірілдеген салқын саусақтарымен Ақәділдің қолын қысты.
Мынадай күтпеген кездесу, оқыс қуанышқа тап болған жауынгерлердің әрқайсысы-ақ өз үйін, ата-анасын еске алысып, қарт Лобацевичтер үшін солдаттық паектарынан дастарқан жасады. Ақәділ болса мына қауышуды миллиондаған адамдар тозағына түскен трагедияның аяқталып келе жатуының, өзінің де туған ел-жұрт, қимас жандарымен жолығуының алғашқы, жылы жақтан жетер ақ қанатты жыл құсы сияқты жақсы нышанындай қабылдады...
Алайда, ұрыс уақытша толастаған екі күннен кейін көтеріңкі көңіл күй желге ұшқандай ғайып болды. Өйткізген Курск-Орел доғасындағы қырғында аяғына оқ тиіп, ауылға кемтар, ақсақ боп оралған бұрынғы пулеметші Сүлеймен Шілдебаев досының хаты еді. Сұмдық жайды жазыпты: ауылдан майданға кеткендерден қазірдің өзінде отызға тарта боздақ опат бопты. Олардың арасында зеңбірек командирі Әшім Бекбосынов, взвод командирінің көмекшісі Бекжасар Жұмағұлов, сапер Есіркеп Қазақбаев, атты әскер Әбдіман Төлбасов сынды құрбы-құрдастардан басқа бұрын бірінен кейін бірі колхоз бастығы болған Байсақ Тойбеков пен Көпбосын Қапалбаев ағалары бар екен... Ал әкесі Суханбайдан кейін ауыл молдасы болған Мәдібай екі аяқтан бірдей, Рысбай бір көзінен айырылса, Нұртай мен Бекдүйсеннің беті-бастары қатты жараланыпты... Үрке тулаған жүрек кеудені ұрғылады. Ішін бірдеме өртеп бара жатқандай күйдіреді. Шамасы ауыр қазалар хабары туғызған қапа, кек алуды тілеп қайнаған қан-зығырдан, жауға деген шексіз өшпенділік – осының бәрі қосыла келе бір тозақы отқоспаға айналғандай лаулайды. Тегінде Ақәділ кекшіл емес-ті. Өшпенділік дейтін де, шынтуайтқа келгенде, алғашқы солдаттың өлгенін және түгел өртеніп, тек пешінің қара күйе мұржалары сорайған алғашқы деревняны көргенде ғана пайда болған. Рас, жеккөрушілігі бар-ды. Әсіресе, қилы-қилы әділетсіздікті өте ұнатпайтын. Ол кімнен болса да. Бұрынырақта, интернатта әлсізге тиіскен, күштілерді талай рет жұдырықпен жөнге салғаны да бар. Енді ойласа оның бәрі мына өшпенділікпен салыстырғанда жай ойын екен ғой.
Минск төңірегіндегі аумақтардан ысырылған герман әскерлері жекелеген бағыттарда қарсылық көрсеткісі келгенімен бүкіл майдан шебі бойынша Шауляй, Каунас, Гродно, Белосток, Брестке қарай шегініп бара жатты. Соғыс театрындағы осындай өзгерістерді ескерген Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің ставкасы 4 шілдеде қажетті дайындық жасалған соң шабуылды жалғастыру туралы бұйрық берді. 2-ші Беларусь майданына Новогрудок, Гродно, Белосток қалаларын жаудан босату міндеті қойылса, 31-ші армияның еншісіне ескі қала әрі ірі теміржол торабы Гродноны азат ету тиді. Әскери барлау мен партизандардың берген мәліметі бойынша жау да осы қалада табан тіреп қалуға жанталасатын сияқты. Барлық резервін, тіпті, шаруашылық, санитарлық бөлімдеріне дейін жұмылдырып, бекініс салып жатқан көрінеді. Бірақ, бұған қарамастан, кеңес әскерлері Гродноға қарай қызыл жебедей атылды. Солардың бірінің ұшы 628-ші Қызылтулы қаланы алғанмен кейін Гродно аты берілген атқыштар полкы болатын. Оның құрамындағы Ақәділдің автоматшылар бөлімшесі 16 шілденің кешіне қарай қала сызығын бірінші болып аттады. Ұрыс барысында жаудың екі зеңбірегін тартып алып, расчетті жер жастандырды, Неман өзені көпіріндегі бірнеше атыс ұяларын жойды. Фашистерден азаттық алған гроднолықтардың алғаш құшақтап сүйгендері де солар болды. Жаппай қуаныш көзге көрінбес бір ғажайып толқындарымен де, мойнына оралған алтын шашты беларусь қызының білегі түрінде де Ақәділ жүрегін тербеді. Бірақ, ол жеңімпаз-жауынгер бақытын молынан сезінген сол сағаттарда жауға деген өшпенділікке ғана емес, күллі жарық дүниеге деген махаббатқа да толы жүрегінің соңғы рет соғуына дәл екі-ақ апта қалғанын қайдан білсін...
* * *
1944 жыл. 31 шілде. Осының алдындағы тәуліктің кешіндегі күн батар-батпаста бөлімшесі шегінген жаумен атыса жүріп Август орманының қалың нуынан шағын бір алаңқайға шыға келгендерінде Ақәділдің алғаш көзіне түскені – снаряд қопарған апанның шетінде қалқайып тұрған үшкіл көрсеткіш тақтайша болды. Бетіндегі қара жазу латынша. Бірақ қырқыншы жылға дейін латын әрпін қолданған барша қазақ секілді Ақәділге оқу қиын болған жоқ: «Стежельцовизне-2». Оқыды да қуанғаннан айқайлап жіберді:
– Жолдастар, қырандарым менің! Біз Польша шекарасына шығыппыз!.. Біз кеңестік Отанымызды азат еттік, ура-а-а!..
Алаңқай Ақәділдің, оған қосылған ұрыс қызуынан әлі арылмаған жауынгерлер даусынан жаңғырықты. Бұйрықсыз-ақ бәрі, жаралылар да аспанға оқ атып, салют берді. Содан соң бір-бірімен көрісіп, құшақтасты. Көздеріне жас алмағаны жоқ...
«...Таңға жақын дұшпанды деревнядан қуып шығу жөнінде бұйрық алдық. Менің тапсыруыммен Ақәділ өз бөлімшесін ертіп, қара бидай арасымен жаудың сол қанатына шықты да бірден шабуылдады. Мұндайды күтпеген фашистер шегіне бастады. Суханбаев берекесін кетірген жауға қарсы бүкіл рота көтерілді. Жау шегінді. Есесіне фашистер біздің алдыңғы шепті бомбалай бастады. Одан соң танкілер мен жаяу әскерін жіберді. Олар басқа, қанаттас екі ротаны ығыстырып, менің ротам жалғыз қалды. Жау қысқан үстіне қысып келеді. Батальон командирі қарсы шабуылға шығуды бұйырды. Шықтық. Ақәділ мұнда да нағыз ер екенін көрсетті: танк соңынан шұбырған жаудың талайын автоматпен жер құштырды. Дегенмен, күші басым дұшпан бізді ығыстыра бастады. Шегініп, жаңа шепке жайғастық. Айнала жап-жарық еді бұл кезде. Қару-жарақ, оқ-дәріні толықтырып алған соң ұрысқа қайта кірістік. Ақәділ бөлімшесімен жау траншеясына бірінші болып жетіп, оның ішінде қоян-қолтық ұрысты қыздырды. Осыны пайдаланған рота бұрынғы жағдайын қайта қалпына келтірді. Қосымша күш келді. Тағы да ұрысты бастадық. Дұшпан шегінді. Қайтадан шеп құрып, көл жағасындағы жаңа ұрысқа дайындалдық.
Көлден алғашқы болып өту туралы бұйрық алдым. Ақәділ бөлімшесімен әп-сәтте сал жасап алып, шабуылды күтуде. Ол да басталды. Ақәділ бөлімшесіне бұйрық берді:
– Бәрің – салға, қаруларыңды дайын ұстаңдар!
Сөйтіп, өзі бөлімшеге берілген пулемет расчетімен қайыққа отырды. Көлдің орта тұсына жеткенімізде жау пулеметтен, артиллериядан атқылай бастады. Ақәділ:
– Атысты жау пулеметіне аударыңдар! – деп бұйырды.
Фашистер пулеметінің үні өшті. Суханбаев жауынгерлерімен жағалауға бірінші болып жетті. Оның жол ашуын пайдаланған рота бірталай шығынмен болса да көлден өтті. Сөйтіп, біздің рота қиян-кескі ұрысқа кірісіп, бүкіл полктың өтуіне жағдай жасады.
Көп кешікпей Стежельцовизне деревнясына да жақындадық. Полк маршпен тік көтерілді. Ақәділ тағы да алдыда. Таяп қалғанымызда жау бізге оқ жаудыра бастады. Полк ұрысқа бейімделіп, қанат жайды. Шапшаң өткен шайқастың нәтижесінде жау шағын өзеннің арғы бетіне ығыстырылғанмен біз тиімсіз жағдайда қалдық.
Көп ұзамай әлгі өзеннен өтіп, жаудың адам күші мен техникасын барлау туралы бұйрық алдым. Ақәділді жұмсадым. Ол бөлімшесімен тапсырманы мүлтіксіз орындап, қажетті мәліметтің бәрін әкелді.
Арада аз ғана уақыт өтісімен жаңа тапсырма алдым. Өзеннен алғашқы болып өтіп, жау назарын аударып, ұрысқа кірісу, сөйтіп, бүкіл полктың өтуіне қолайлы жағдай жасау.
Рота өте бастады. Тағы да Ақәділ – алда. Жау пулеметтен, минометтен оқ боратып жатыр. Соған қарамастан, рота шайқасқа кірді. Бұта-бұтаның арасымен жылжыған оң қанат әжептәуір нәтижеге жеткенімен ашық алаңқайға тура келген сол қанат, ондағы Ақәділдер жылжи алар емес. Ол үш мәрте бөлімшесін шабуылға бастағанымен бораған оқ бас көтертпеді.
Міне Суханбаев тағы да бұйрық берді:
Тұрыңдар, жүгіріңдер, алға!..
Жауға алдымен өзі ұмтылды. Сол-ақ екен сол қолына оқ тиді. Гранатаның шығыршығын тісімен шығарып лақтырғанда ол жолындағы жалғыз ағашқа соқтығып, жарылды. Пулемет болса оқты төгуде. Екінші гранатаны алды. Екінші, оң қолы да жараланып, граната жерге түсіп кетті. Ақәділ енді жау пулеметіне жақындай түсті. Бір сәт те ойланып тұрмастан пулеметке тұра ұмтылды. Тек:
– О-отан үшін!.. – деген күшті айғайын ғана естіп қалдық.
...Ұрыс біткеннен кейін Ақәділді таптық. Ол жау пулеметінің үстінде жатыр еді...».
Кейінірек екінші ротаның командирі аға лейтенант Петр Корсаков осылай деп еске алған-ды. Ал онда Ақәділдің қаруластары кешке дейін қапысыз бекінген жаумен жағаласып:
– Отан үшін! Сталин үшін! Суханбаев үшін!.. – деп ашына ұран салып, поляк орманын жаңғырықтырған...
Қызыл іңірде қырғын ұрыста көз жұмған ерлерді, ішінде Ақәділ де бар, бауырластар мүрдесіне жерледі. Үш мәрте салют берілуін күткендей-ақ кенет батыстан қатты жел соқты. Август орманының бұлт пен түтін тұтасқан қара аспанмен тілдескендей, бомба мен снарядтан сау қалған заңғар қарағайлары шайқалып, ысқыра шулап кетті. Сол шуылды аздан соң нөсер жаңбыр тамшылары басты. Солдаттардың беті-қолын қан мен терден тазарта сауылдаған тамшылардың жылылығы сонша адамның ыстық көз жасын еске салғандай еді...
Менің Ақәділ ағам жиырма төрт жылға толар-толмас өмір жолын осылай, қас-қағым сәтте жарты аспанды сызып өтіп, ғайып болатын жұлдыздардай аяқтады...
Арада бір апта өткенде полкқа 31-ші армияның қолбасшысы генерал-полковник Глаголевтен бұйрық келді. Суханбаев секілді батырдың денесі қайтадан ең жақын жердегі кеңес қаласына жерленсін деп бұйырыпты. Ондай қала Польша шекарасынан он шақырымдай, Неман өзенінің жағасындағы Друскининкай болып шықты. Барлық әскери құрмет жасалып, азалы рәсім өткізілді. Полк сапының алдында Ақәділдің №2811 ППШ автоматы Михаил Лобацевичке тапсырылып, ол жауды Суханбаевша соғуға ант етті. Солдат сөзінде тұрды: Берлинге жетіп, жәдігер автоматтан соңғы рет 1 мамыр күні оқ шығарды. Амал не... нақ сол күні, соғыстың соңғы күні қазақ Ақәділдің беларусь інісі Михаилдың өзі де мерт болды. Ал автомат кейінірек КСРО Қарулы күштерінің орталық мұражайындағы Ақәділге арналған бұрышқа қойылды. (90-шы жылдардың аяғында ол қаруды Қазақстанға беруді сұрап Парламент депутаты ретінде екі рет хат жазсам да, Ресей жағы келіспеді).
1945 жылғы 28 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Ақәділге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал туған халқы өз перзентінің ерлігін мемлекеттің ең жоғарғы органынан да бұрын бағалаған-ды. «Қарасу» колхозы мен батырдың оқыған мектебін Суханбаев атымен атап қойған. Одан біраз кейінірек Гроднодағы негізгі көшелердің біріне аты беріліп, Друскининкайда шағын мұражайы ашылды. Жамбылда, Алматыда, Сарыкемерде Суханбаев көшелері пайда болды. Әдеби-публицистикалық шығармалардың кейіпкеріне айналды. Майдангер ақын Надежда Новосельцова баллада жазса, оны өзіміздің Сырбай Мәуленов ағамыз тамаша аударды. Осы жолдардың авторы қаһармандық драма жазып, ол М.Әуезов атындағы академиялық және Жамбыл облыстық драма театрларында қойылды. Ал дарынды журналист інім Тұрсынхан Толқынбайұлы «Жай отындай жарқ еткен» атты жап-жақсы кітап жазды.
Оның есімі мыңдаған адамдардың аузымен жалпы есімге айналып кеткелі қашан. Ал жаны жәннатта болғыр Тойтан апамыз өле-өлгенше сүйікті ұлының қазасына сенбей өтті. Күтті. Аналық ұлы жүрекпен күтті... Шамасы, Алла тағаланың өзі ана жүрегін сол үшін өлі перзент болмайтын ғып жаратса керек...
* * *
1974 жыл. 31 шілде. Литва. Друскининкай. Айналасы иілген үйеңкі тал кішкене ғана айнакөл – Друсконистің шығыс жағалауындағы жауынгерлер зираты. Ақәділ аға мүрдесінің үстін пырдай боп қанқызыл алаулы гүлдер жапқан. Бас жақтағы тігінен қойылған тас плитаға «Герой Советского Союза Агадил Суханбаев. 1920-1944 гг.» деп ойып жазылыпты. Жергілікті партия – кеңес қызметкерлерінің бастауымен мұнда келген біз – соғыс ардагері Өмірәлі аға Биторсықов, Михайловка кірпіш зауыты партбюро секретары Валентина Романенко, Свердлов аудандық газеті редакторының орынбасары Қабылбек Құлайысов және мен, облыстық газеттің бөлім меңгерушісі – Суханбаев ерлігінің 30 жылдығына байланысты батырдың мүрдесіне Тойтан ананың бейітінен ала шыққан топырақты сеуіп, ел-жұртынан алғаш рет гүлалқа қою үшін келген арнайы делегациямыз.
Топырақты себу сәті қатты толқытты. «Міне, бірін-бірі өлідей де, тірідей де отыз жыл күткен ана мен бала бірін-бірі тапты, қайта қосылды!..» – деп ойладым мен. Жанар тұманданды... Осындай халде бір құдіреттің кереметімен өзімді үйге жиі келіп тұратын туысқан ағам Ақәділ қолына алып көтеретін, ойнататын, былдырлаған тіліне мәз бола күлетін кішкентай сәбиге айналып кеткендей сезіндім. Сөйте тұрып, алдымда гүл жамылып жатқан ағатайыммен сөйлесе бастадым: «Тәлім мен Теберік аналарым айтып отыратын, сіз әскерге кетіп бара жатып, ұйықтап жатқан үш жасар мені маңдайымнан сүйіп: «Үлкен жігіт бол, бауырым!» деген деп... Міне, сол мен сіздің рухыңызға тағзым етуге келіп тұрмын, ағажан!.. Есітемісіз мені? Әлде... әлде сіз рухыңыз ақ құсқа айналып, шексіз ғаламның бір қиырында жүр ме екенсіз?.. Сіз... сіз екі қолыңыз бірдей жараланғаннан кейін орындалған борыш, ақталған парыз сезімімен ұялмастан елге қайтуыңызға болатын еді ғой. Аяқ-қолдан айырылып, басқа да жарақаттар алып, мүгедек боп келгендер аз ба? Жұрт оларды кінәлаған жоқ, қайта қадір тұтып құрметтеді... Сіз де сөйте алатын едіңіз. Келіп ай дидарлы Айтайға, сізден кейін көп жасамады ғой ол да, үйленіп, бала-шағалы болатын едіңіз ғой... Бірақ, сіз өлім мен өмір беттескен, белдескен сұмдық сәтте басқаша жасадыңыз. Неліктен? Сол сәтте сіздің санаңызды, сіздің жаныңызды, сіздің бірер секундтан кейін жаудың ірі калибрлі пулеметі пәрше-пәрше ететін жалынды жүрегіңізді жай отындай жарқ-жұрқ жарқыратқан қандай сезім? Отанға сүйіспеншілік пе? Әбден мүмкін... Қандыкөйлек серіктеріңізді ажалдан сақтап қалу ма? Бұл да мүмкін... Өзіңіз үшін өзіңіз кек қайтарғыңыз келді ме? Ықтимал... Ар-намыс па? Солай болар... Ата-бабаның ерлік дәстүрі ме? Күмән жоқ, солай... Өйткені, мұндай сезім-қасиеттердің баршасы сізде бар болатын. Солардың бәрі сұрапыл сәтте тоғысып, сізге өмірді емес, ер өлімін таңдауды ұсынған, жоқ ұсынып емес, бұйырған болар... Бірақ, туған халқыңыз сіздің өліміңізді мәңгілік өмірге айналдырып жіберді ғой, жан аға Ақәділ!..».
Тойтан ананың мүрдесіне төгіп, араластырып жіберу үшін кішкене ақ қалтаға салғалы алған бір уыс қара топыраққа бірер тамшы жас тырс-тырс тамды...
* * *
2004 жыл. 31 шілде. Ақәділ ағаның қаза тапқанына 60 жыл. Ертеңгі шай алдында шәһид кісінің рухына арнап қасиетті Құранның Ихлас сүресін оқыдым. Одан соң облыс әкімі Бөрібай Жексембинге телефон соғып, қабылдауын өтіндім. Ол келісті:
– Бүгін Ақәділ Суханбаевтың қазасына тура 60 жыл... – дедім де үнсіз қалдым. – Жастарға, жастар ғана емес, баршаға патриоттық тәрбие беруде... – деп кібіртіктедім де негізгі айтпағыма көштім: Жеңістің 60 жылдығы келе жатыр, соның қарсаңында Отан қорғауда ерліктің асқан үлгісін көрсеткен Суханбаевқа қалалық әскери комиссариаттың алдындағы алаңқайда ескерткіш орнатылса өте дұрыс болар еді. Мүсінші Сейіткерім Момыштың макеті дайын. Өте әсерлі, кімді де болса ойлануға мәжбүрлейді. Ондай шығарма, сөз жоқ, «жұмыс істейтін» болады. Екіншіден, мұндай ескерткішті орнату – қазіргі ұрпақтың борышы да ғой, Ақәділ кім үшін жүрегін оққа тосты...
Әкім мені мейлінше зейін қоя тыңдап, жауабын қысқа қайтарды.
– Иландырдыңыз. Айналысатын боламыз.
Сөйтіп Кеңес Одағының Батыры А.Суханбаевтың ескерткіші 2005 жылғы 30 сәуірде Таразда бой көтерді.
* * *
2014 жыл. 31 шілде. Ақәділ ағаны еске алу күні. Оның мына жарық дүниеде жоқтығына да, міне, 70 жыл. Тараз жұртшылығының бұл күні ескерткіш жанына жиналып, құшақ-құшақ гүл шоқтарын қоюы, азалы-салтанатты митинг өткізуі, Құранға қол жаюы дәстүрге айналғанына да талай жыл.
Денсаулығым қатты мазалап тұрса да баруға бекіндім. «Ау, бұл парызым ғой, – деп ойладым. – Шамасы, жиналатын жүздеген адамның ішінде бұдан ширегі кем бір ғасыр бұрын Ақәділ ағам батаға бергісіз тілегін арнаған жалғыз мен болармын-ау қайтсе де... Иә-ә, біз, жасымыз да, кәріміз де сардар Бауыржан, сарбаз Ақәділ сынды Батырлар сапындағылардың, сонау қаһарлы заманда омырауын оққа тосып, мерт болғандардың баршасының аруағы алдында қарыздармыз ғой. Сол қарызды сезіну кейде оларды тірілер қатарына қосардай әрі тәтті, әрі мұңды қиялдарға да бастайды-ау...
«Маған кейде оралмаған солдаттар қан майданнан,
Боп көрінер ақ тырнаға – аппақ құсқа айналған...
– деп ұлы Расул Ғамзатов үміттенген. Құдайдың қарапайым пендесі мен де үміттенем...».
Арғынбай БЕКБОСЫН,
жазушы.
ТАРАЗ.