
Сурет: istockphoto.com/ Max Zolotukhin
Негізгі капиталға салынған инвестиция 92,9 миллиард теңге, бұл көрсеткіш те бұрнағы жылға қарағанда 12%-ға өскен. Жеке кәсіпкерлер салған қаражаттың арқасында қалада 35 жаңа орналастыру нысаны, оның ішінде 23 қонақүй, 4 глэмпинг, 8 хостел ашылған. Бұл да болса қордағы қонақүйлерге 836 бөлме қосып, туристерді қабылдау инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтқан.
«Mastercard» компаниясының мәліметінше, 2024 жылдың 11 айында Алматыға туристердің қанағаттану индексі 67-ге көтерілген, бұл да туризмнің жағдайы 2,7%-ға жақсарғанын білдіреді. Туристер алдымен атап өткен негізгі факторлардың қатарында қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасы бар.
Ең бастысы, былтыр Алматыда туризм саласы мамандарының біліктілігін арттыруда бітқатар шаруалар атқарылды. Шілде мен қараша аралығында көлік торабы, туристермен жұмыс істейтін 400-дей қызметкер ағылшын тілі курстарына тартылды.
Қараша айында туризм саласына қызмет ететін 420 маманға арналған фасилитация дәрісі өткізілді. Дәрістер Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі (WTTC) ұсынған халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қыркүйек, қазан айларында Республикалық жедел-құтқару жасағы (РЖҚЖ) құтқарушыларына арналған бастапқы дайындық бағдарламасы бойынша оқыту ұйымдастырылды. Алматы сияқты таулы аймаққа бұл жаттығулар аса көкейкесті екендігі айтпаса да түсінікті.
Алматы халықаралық туристік индустриядағы мәртебесін нығайта отырып, алдағы уақытта саяхатшыларға жаңа мүмкіндік тудыруға ұмтылады. Биыл таулы жерлердегі, қалалық инфрақұрылымды дамытуға 697,4 млн теңге бөлініп отыр. Жоспарда навигациялық нысандары бар 10 тау маршрутын құру, жету қиын жерлерде күн панельдері бар 3 кемпинг-аймақтарды жайластыру, «Алма-Арасан» шипалы бұлағын жаңарту, туристік нысандардың тактильді үлгілерін дайындау, ақпараттық орталықтарға, тотемдер мен терминалдарға қызмет көрсету кіреді.
Өткен жылы Алматы қаласының туризм басқармасы он бағытты, атап айтқанда, «Тұйық су» альплагеріне апаратын соқпақ жолды, Юннат көлі – Бутаковка – Орман асуын, Юннат соқпақтарын, «Аққайың» шипажайы – Кіші Алматы шатқалын, ҮАӨ – Погребецкий шыңын, Тұйық су альплагері – «Тұйық су» мұздығын, Бутаковка шатқалында 2 шақырымдық соқпақты абаттандыруды аяқтады. Өзендерге өткел жасалып, мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындықтар мен сәкілер орнатылды. Медеудегі бақылау палубасы мен Қаракүнгей жотасы («Серкебай» шеңбері) жаңғыртылды.
Алматының таудағы туристік бағыттарын абаттандырудағы жүйелі қадамдар өзін-өзі ақтай бастағаны қуантады. Мұның жарқын мысалдардың бірі – тау туризмін жақсарту жөніндегі кешенді жұмыстар аясында 2023 жылы Малыш шыңында орнатылған орындық. Малыш шыңы туристер мен табиғат әуесқойлары арасында өте танымал. Бірақ бұл бағытқа қызығушылықты арттыруға қосымша екпін қажет болғандықтан, қазір осы орындықтар кәдімгідей әжетке жарап, туристер дамылдайтын әдемі мекенге айналып шыға келді.
АЛМАТЫ