
Басқосудың тақырыбы айтып тұрғандай атақты қаламгердің ұлт тарихы тақырыбында жазған ірі шығармалары «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» екені анық. Есенберлиннің тарихи тақырыпқа қалам тартқан қайраткерлігі туралы жазушы Әнуар Әлімжанов: «Ілияс Есенберлинсіз қазақ әдебиетін елестету мүмкін емес. Оның романдарының бетіне мұқият үңілмейінше, ұлттың сан ғасырлық тарихына талдау жасау мен ой жүгірту де мүмкін емес», десе, академик-тарихшы Манаш Қозыбаев: «Ілекең – қарышты қаламгер. Ол тапжылмай ізденді, жалықпай еңбек етті. Міне, сондықтан да алаулап жүрегінен қан тамызып, маңдай терін ағызып, халық қуантарлық тарихи туындылар жазды. Өз есімін халқымыздың мәңгілік өлместер кітабына хаттатты, аты мен затын болашақ ұрпақтарға жаттатты, сөйтіп ол біздің зиялылар әулетінің әулиесіне айналды» деген екен («Жан сырым». Есенберлин туралы естеліктер. Алматы, 2001).
Бұл реткі жиын барысында жоғарыда айтылған зор пайымдарды дамыта сөйлеген «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері Жанболат Қазанбаев Есенберлиннің ұлт руханиятын дамытудағы рөлі, шығармаларының қазақ әдебиеті мен қоғамдық тарихты бұқара санасына сіңірудегі әсері хақында әңгіме айтты. Сондай-ақ мәдени іс-шараның маңызын арттырған оқиға – дөңгелек үстелге Ақмола облысы Атбасар қаласында орналасқан жазушы І.Есенберлин атындағы мемориалдық музей қызметкерлерінің қатысуы болды.
Көпшілікке қайраткер жазушының өмір жолы туралы баяндама жасаған Атбасардағы мемориалдық музей директоры Ұлболсын Комбатурова: «Ілияс Есенберлин Атбасар қаласында дүниеге келген. Біздің музей қорына тапсырылған құжаттық деректе жазушының әкесі Есенберлі мен Жұпбай деген егіз адамдар болған. Ағайындылар 1895 жылы Атбасар қаласына үй салып орныққан. Бұл үйдің қаңқасы әлі бар. Мекенжайы – «Есенберлин көшесі, 48». Жазушының жастық шағы осы үйде өткен. Қаламгердің өзінен үлкен апайы Назым Есенберлина және інісі Раунақ үшеуі бір әкеден. Ілиястың бес жасында әкесі, тоғыз жасында анасы дүниеден өтеді. Сөйтіп, болашақ жазушы Атбасардағы балалар үйін паналайды. Кешікпей мұндағы балалар үйі жабылып, Есенберлин Қызылордадағы жетімдер үйіне ауысады. Осылай тар жол, тайғақ кешуде өмір сүрген жазушы есейе келе Алматыдан Тау-кен институтын бітіріп, соғысқа аттанады. Ленинградты қорғау майданында ауыр жараланады. Әскери госпитальда алты ай жатып емделеді. 1943 жылы Алматыға оралып, болашақ жарын жолықтырады. Осылай қилы тағдыр, қиын күндерді бастан кешірген ол ерте шыңдалып, тарихи санасы қалыптасып, үлкен жазушыға айналды», деді.
Дөңгелек үстелдің тағы бір маңызды бөлігі – мемориалдық музей қызметкерлері ұйымдастырған көрме. Онда «Көшпенділер» кітабында жазылған тарихи сюжеттердің молдығына таңданып рахметін айтқан Воронеж қаласы «Волго-донская» көшесі 18-үй, 12 пәтер тұрғыны Н.В.Фоминнің, Ташкент облысы Искандер кентінің тұрғыны П.П.Бутовтың, т.б. хаттары. Сонымен қатар атақты ақын Олжас Сүлейменовтің Ілекеңе арнап жазған қолтаңбасы, жазушыны республика деңгейінде ұйымдастырылған түрлі мәдени-әдеби көпшілік іс-шараларға шақырған хаттар тұр. Сондай-ақ қаламгердің 1979 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Алтын Орда» роман-триологиясы мен журналдың 1981 жылғы санына басылған «Махаббат мейрамы» романы, қаламгердің портфелі, т.б. мұралар қойылыпты. Бұл жәдігерлерді 1999 жылы 24 желтоқсанда Атбасар қаласында музей ашылғанда қаламгердің артындағы жалғыз тұяғы Қозыкөрпеш Ілиясұлы әкеліп тапсырыпты.