
Сарайды жуықта ғана аталған өлкеге барған сапарымызда көзімізбен көрдік. Киіз пішінді ғимараттың жалпы көлемі – 120 шаршы метр. Үлкен және ішкі екі ордадан тұрады. Үлкен орданың биіктігі 4,5 метр болса, диаметрі 12 метр екен. Ал ішкі орданың диаметрі 6 метр. Сыртынан қарағанда қазақтың қос киіз үйін иықтастырып тіккен сияқты. Бірақ арасын өткел сияқты жалғап тұрған тағы бір бөлік бар.
Үңіліп қарасаңыз: кереге-қанаты сом ағашты шаршылап жасалып, желкөз пішінде торлай қиюластырылыпты. Салдауыр міндетін атқарып тұрған ұзын қарағай уығы сырғауылдан жонылып, жоғарғы ұшы шаңыраққа тірелсе, астыңғы жағы іргенің тұғырына бекітіліпті. Осы салдауыр ауыр уықтардың арасын жеті қысқа уық жалғап тұр. Бұлардың қары кереге басына бекітілген екен.
Ішіне кірсеңіз, еңсеңіз көтеріледі. Кереге бойы екі метр биік. Оны жағалата аймақтың маңдайалды бүркітшілерінің суреті ілінген. Сарайдың еденіне жапырақтап қиып төсеген жас самырсынның иісі мұрын жарады. Сыртта 25 градус суық. Ал атшаптырым алаң жып-жылы. Жанып жатқан пеші жоқ, қайнап жатқан қазаны жоқ, бұл жылу қайдан келіп тұр? Сөйтсек, жылу еденнің астыңғы бөлігі арқылы жүргізілген екен. Табаннан өткен ыстық төбе құйқаңды жылытады.
Кең сарайдың сыртында бүркіт отырғызатын жеке орын кабина-үйшіктер қойылыпты. Оған жапсарлас атқора салыныпты. Сарай шырақшысы Атай Аятханұлының айтуына қарағанда, болашақта мұнда саят аттары бапталады, қыран құстар саясы (питомник) орналасады. Қысқасы, байөлкелік жастар осында келіп, құсбегілік өнердің қыр-сырымен танысады, атқа мініп тақымын шыңдайды.
Осы орайда, сарайдың бой көтеруіне мұрындық болған азаматтардың бірі әрі республикалық «Қазақ құсбегілік одағы» ұйымының төрағасы Бекболат Бұғыбайұлымен тілдескен едік. Ол: «Өз басым біршама жылдан бері өлкеге турист тарту және оған оңтайлы қызмет көрсету ісімен айналысып жүрмін. Шетелдіктерді біздің аймақтың бұзылмаған этнотұрмысы, әсіресе көшпелі салты мен құсбегілік өнері қызықтырады. Өлкемізде жыл сайын тұрақты түрде «Бүркітшілер тойы» өтеді. Өткен жылы бұл іс-шара 24-рет ұйымдастырылды. Осы жылдар аралығында аталған тойды әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген адам келіп қызықтады. Қысқасы, бізде бүркітшілік ұлттық бренд дәрежесіне көтерілді. Бүркіт ұстап баптайтын құсбегілер саны да артты. Сол себепті, өлке құсбегілері бас қосатын бір орда болсын деп осы сарайды тұрғыздық», деді.
Әрине, қазіргі нарық жайлаған заманда ешкім де ештеңені тегін жасап бермейді. Сондықтан істің жүйесі мен көзін табу керек. Сөйтіп, Б.Бұғыбайұлы бастатқан туризм саласының мамандары сарайдың жоба-жоспарын жасап, АҚШ-тың Cultural Sanktuaries Foundation атты ұйымымен байланыс орнатыпты. Бұл ұйымның да алға қойған мақсаты әлемдік этномәдени мұраны қорғау, сақтау, болашаққа жеткізу екен. Осылайша, америкалықтар 80 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген. Бұл ақшаны шашпай-төкпей қолы епті ағайындар мынадай сарай салыпты.
Қазір бұл аймаққа келген туристер сарайға бас сұқпай кетпейді. Өйткені сарай ішінде құсбегілердің аңшылық өнерін насихаттайтын фотодеректермен қатар қыран құстар жабдығы: томаға, аяқбау, балдақ, жемсау, биялай, қытыр, тұғыр, т.б. дүниелерді жинап, алда ашылатын шағын музейдің алғашқы экспонаттары құралып жатыр екен.
Бұл жәдігерлерді ел қатарлы біз де қызықтап көрдік. Атап айтқанда, Қобда бетінде өмір сүрген тұлға Қожамжар төренің қызы атақты құсбегі Алмакөк дейтін апамыз 250 жыл бұрын қолданған бүркітке жем беретін саптыаяғы, қайыңның тошынан ойып істелген шәулі қырандарға жем беруге арналған ыдыс, бір жарым ғасыр бұрын Қайырдан атты бүркітші жасаған томаға, ертеректе өмір сүрген Қошуыт дейтін құсбегінің бұғының жон терісінен жасаған биялайы мен томағасы, т.б. толып жатыр.
Бұл орталық сарайдың тағы бір міндеті – өңірдегі құсбегілік ісін ғылымиландыру. Өйткені өлкеде құсбегіліктің этнографиялық сипаты дамығанымен, оның ғылыми-әдістемелік маңызы қалып барады. Бұл рас. Ғылымға байланбаған іс ілгері баспайды. Сондай-ақ қазіргі таңда әлем бойынша адамдар құсбегілікке қолданып жүрген бүркіттің төрт түрі бар. Олар: дала бүркіті (Aguila chrysaetos), шөл және шөлейт бүркіті (Aguila nipalensis), хан бүркіт (Aguila heliaca), қоңыр бүркіт (Aguila clanga).
Осылардың ішінде Қобда бетінде дала бүркіті (тау бүркіті) басым. Алдағы күндері мамандар жинап, жергілікті бүркіттің популяциясын зерттеу ісін қолға алмақшы. «Мұндағы басты шарт – қолдағы бүркіттерді кезі келгенде еркіндікке жіберіп, өсіп-өнуін қамтамасыз ету. Өткен жылдары осындай еркіндікке жіберілген екі бүркітке JPS (қайда жүргенін анықтайтын құрылғы) орнаттық. Аталған қырандар қыс кезінде біреуі Тибетті қыстаса, екіншісі Иранға дейін барды. Аң мен құста шекара жоқ. Олар қай жер ыңғайлы, сол жерде өмір сүреді екен», дейді Б.Бұғыбайұлы.
Демек бұл сарайды болашақта қазақтың құсбегілік өнерін зерттейтін ғылыми орталыққа айналдыруға толық негіз бар. Қазірдің өзінде Атай Аятханұлы бастаған жанашырлар аймақ көлемінде қолында бүркіт ұстап отырған 170 бүркітшіні тізімдеп, осылардың 100-деп астамын мүшелікке қабылдапты. Сонымен қатар сарай жанынан шығармашылық топ құрып, өлке құсбегілерінің тәжірибесін жинап, әдістемелік кітап жазуды да бастапты.