Жоспар бойынша 2014-2015 жылдарға 492 нысан көзделген, оның ішінде 160 нысан сатылып, 122-сі сауда-саттықта тұр. Сондай-ақ, 210 нысан бағаланып, үстіміздегі жылдың соңына дейін сатуға шығарылады.
Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жекешелендірудің екінші толқыны 2014 жылғы шілдеде басталған болатын, деді вице-министр. Осы бойынша қорытынды баяндамасын жасай келе, Р.Дәленов өткізілген 160 нысанның 88-і қазіргі бірлесіп иелік етушілерге 22,4 млрд. теңгеге, ал 39-ы жеке тұлғаларға 1,2 млрд. теңгеге сатылғандығын айтты. Сонымен қатар, 32 нысанды инвестор компаниялар 6,2 млрд. теңгеге сатып алғандығын хабарлай отырып, тағы бір нысан «KEGOK» АҚ-тың «Халықтық IPO» бойынша 13,1 млрд.теңгеге халықтың қалың тобына бұйырды, деді.
Олардың жалпы сату сомасы 42,9 млрд. теңгені құрағандығын айтқан Р.Дәленов, оның 730 млн.теңгесі республикалық бюджетке түскендігін атап өтті. Және де вице-министр жергілікті бюджет 745 млн. теңгеге толықты, 2,9 млрд. теңге әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға, ал 38,6 млрд. теңгесі холдингтерге түсті дегенді қоса айтты. Нысандар ішінде ең қымбат болып тұрған «KEGOK» АҚ екендігі мәлім. Ал бұдан әрі «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың 5 нысаны бар екендігіне тоқталған Р.Дәленов олар туралы да айтып өтті. Жалпы, ұсынылған әртүрлі салалардағы 160 нысанның саны бойынша қызмет көрсету саласы алда келеді. Өнеркәсіптік нысандар ең көп соманы – 25 млрд. теңгені береді, деді вице-министр.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».