
Мектепті орыс тілінде тәмамдағанымызбен, қатарластарым ана тілін терең меңгеруде, қазақ әдебиеті жауһарларын өз күшімен оқып, зерделеп, түсінуінде айтарлықтай қиындыққа кезіге қойған жоқ. Бала кезімізде қанатын кеңге жайған ауылдар қазақылықтың нағыз қайнап тұрған ордасы мен ортасы болғаны мәлім. Кешке көрпешенің үстіне жата қалып, тапжылмай кітап парақтаймыз. Ол кезде оныншы білте шамның жарығы бүгінгі электр шамынан кем емес еді біз үшін. Апта сайын кем дегенде бір кітап ауыстырамыз. Сөйтіп, білімді орысша алсақ та әдеби кітаптарды қазақша оқып, ұлттық рухани нәрмен сусындадық.
Қазіргі жас өрендер кезіндегі біз сияқты қазақы ауыл тәрбиесін көріп өсіп келеді деп айта алмасақ керек. Өйткені бүгінгі жаһандану дүбіріне қосылған ауылдың өзі қазақылықтан ажырап бара жатқандай. Оның үстіне, бүгінде елді мекендерде біз көрген деңгейдегі ақсақалдарды кездестірудің өзі қиындап барады. Сондай-ақ ауылға айына кем дегенде бір соғып, адалдықты, тазалықты, ірілік пен азаматтықты дәріптейтін жыраулар төбе көрсете ме қазір? Әрине, жоқ! Бүгін уылжып тұрған, санасына не құйсаң да со бойда сіңіріп алар мектеп жасындағы өрендерге жол көрсетіп, бағыт сілтер ақылман ата-әженің де жоқтың қасы екені ащы да болса шындық.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазіргі қоғамның басты міндеті – бала мен жасөспірімнен нағыз ұлтжанды қазақ азаматын тәрбиелеп шығару болуға тиіс. Білікті маман, білгір жұмысшы даярлау ісі содан кейін тұрғаны жөн. Өйткені ұлтын сүймеген жастан елі мен жеріне жаны ашитын азамат өсіп шықпайды.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы университеттің профессоры
ҚЫЗЫЛОРДА
Осы біз не жеп, не ішіп жүрміз?
Осыдан біраз уақыт бұрын Петропавлда бір үйдің екі баласы бірдей дүкеннен алған шұжық пен тұшпараны жеп көз жұмғаны туралы ақпарат тарады. Осы орайда мені үйіне тапсырыспен тамақ алдырып ішетіндер таңғалдырады. Ол астың адалдығына, тазалығына сенім бар ма? Көкөніс пен жемісті ас содасымен жуу керек дегенді естіген соң, осыны тексеру үшін солай жасап көрдім. Сонда мейіз бен жаңғақты жуған су еден жуған судай қап-қара болды.
Қоғамдық тамақтандыру орындарының бәлен кило болатын азық-түлік түрлерін ас содасымен, одан соң тұзды сумен (микробтарды өлтіру үшін) жуып жатқанына үлкен күмәнім бар. Ол тағамдардағы еттің нендей жануардың еті екенін кім біліпті. Саудагерлер табыс табу үшін неше түрлі айла-шарғыға барып жатады. Олай болса, тапсырыспен ас алдырып ішудің қауіпті екенін түсіну керек-ақ. Оның үстіне, дүкендердегі, базарлардағы колбасалар, біздіңше шұжықтар жүннен, теріден, ұнтақталған сүйектен, соядан жасалып, бояғыштар мен дәмдеуіштер қосылады деген сөз ертеден айтылып келеді. Мыңғырған мал болған кеңестік заманда колбаса тапшы болып, кейде арнайы талонмен берілетін. Бүгінде колбасаның түр-түрі толып тұр.
Осы орайда мынадай бір жайтты айта кеткім келеді. Көкөніс пен жеміс-жидек жесең, дәруменге жарисың дейді. Біздің шағын ғана ауылдан 94-96 жасқа келіп дүниеден өткен 4-5 адамды білемін. Ал 85-87-ге келгендер одан да көп. Ең қызығы, сол кісілер ешқашан көкөніс те, жеміс-жидек те жеген емес. Өйткені біздің жақта өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін жеміс тапшы болды, тіпті қияр мен қызанақтың өзі бола бермейтін. Себебі жергілікті халық оларды өсірумен айналысқан жоқ, одан да мал баққанды дұрыс көрді. Сөйтіп, ет жеп, қымыз, айран, құрткөже ішті, жент жасап, құрт қайнатты. Қазіргі дәрумен деп жүргендеріміздің толған нитрат екенін ескерсек, көкөністің пайдасынан зияны көп болып шығуы да әбден мүмкін.
Менің бір орыс көршім «дүкеннен қызанақ алмаймын, ол – резеңке», дейді. Сонда біз не жеп, не ішіп жүрміз өзі?
Арман ДҮЙСЕНБИН,
қаржыгер
Қостанай облысы
Шалағай шешімнің зардабы көп
Қазақстанның күртконтиненталды елдер қатарына жататыны белгілі. Ауаның температурасы жазда +40 градусқа, оңтүстік өңірлерде тіпті одан да жоғары көтерілсе, қыста солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс өңірлерінде –40 градусқа дейін төмендейтін кездер болып тұрады. Байқасаңыздар, айырмашылық жер мен көктей, яғни 80 градусқа дейін барады. Кейбір мәселеде осыны ескермейтініміз өкінішті-ақ!
Бұл жерде көлік қыздыратын уақытқа 5 минуттық шектеу қоятын заңға наразылық білдіргіміз келеді. 5 минутта –40 градус тұрмақ, –15-20 градустың өзінде көлік жеткілікті деңгейде қызып үлгермейді. Мұны техникадан хабары бар кез келген адам біледі. Бізде мұндай заң бұдан 20 жыл бұрын қабылданса да, осыған дейін қалың көпшілікке белгісіздеу болып келгені таңғалдырды. Шынымызды айтсақ, өзіміз де елімізде осындай заң қолданыста екенінен бейхабар екенбіз.
Ал жақындағы ел аумағын қамтыған аязды күндердің бірінде қарағандылық «экология жанашырларының» бірі көршісінің көлігін 5 минуттан артық қыздырғанын ерінбей-жалықпай бейнежазбаға түсіріпті. Сөйтіп оны діттеген жеріне жеткізгеннен кейін бұл заң жалғанның жарығына жарқ етіп шыға келіп, бүкіл ел құлағдар болды. Алдағы кездері мұндай белсенділердің көбейіп кетпесіне кім кепіл?
Біздіңше, айыппұлы айтарлықтай бұл заңның қабылдануының өзі дұрыс емес. Қазақстанды қысы май тоңғысыз Еуропа және басқа елдермен еш салыстыруға болмайды. Кейбір осы заңға бастамашылық танытқандар кезінде Алматы мен бас қаладағы, өзге де ірі елді мекендердегі көлік кептелістері экологияға анағұрлым көп зиян келетінін неге ойламаған?
Данияр БАЙМҰРАТОВ,
такси жүргізушісі
Шығыс Қазақстан облысы