
Қандастарымыздың арасынан Мадияр Данияров пен Руслан Абдуллаевқа тең келер ешкім табылмады. 63,5 кг салмақта күш сынасып жүрген Русланның есімі қалың жанкүйерге жақсы таныс. Қарақалпақстанда дүниеге келген дарынды боксшы кезінде еліміздің туы астында өнер көрсетуге құлшынып, жастар арасындағы ел біріншілігіне қатысты. Жартылай финалда Сабыржан Ақхалықовтан ұтылып, қола медальды қанағат тұтты. Содан кейін қайта Өзбекстанға оралды. 2021 жылы чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ең үздік боксшыға тиесілі «Руфат Рыскиев кубогін» иеленді. 2022 жылы Азия чемпионы атанды. Аммандағы жарыстың 1/8 финалында Санатәлі Төлтаевқа сан соқтырды. Финалда Үндістанның үздігі Шива Тхапаны тізе бүктірді. 2023 жылы Ташкентте барлық қарсыласын сыпыра ұтып, төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Күні кеше ғана аяқталған Өзбекстан чемпионатының жартылай финалында Руслан «Елорда кубогінің» жеңімпазы Дилшод Абдумуродовты жеңсе, финалда Азия чемпионы Адхамжон Мухиддиновтен басым түсті.
60 кг салмақ дәрежесіндегі Мадияр Данияров биік белестерді әлі бағындыра қойған жоқ. Десек те Ташкентте өзінің мықтылығын мойындатты. Жартылай финалда Асадбек Раджабовты жеңіп, финалда Шохрух Абдумаликовтің «екі аяғын бір етікке» тықты. Сөйтіп, ұлттық команданың сапына қабылданған Мадиярдың әлем, құрлық чемпионаттарына қатысуына даңғыл жол ашылды.
Қазақтың екі өрені финалда ұтылды. Әлем чемпионатының қола, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Дүниежүзілік әскерилер ойындарының жеңімпазы Мадияр Сайдрақымов (92 кг) шешуші тұста жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері Турабек Хабибуллаевқа жол берді. Сайдрақымов 2021 жылы Белградтағы әлем чемпионатының бастапқы бәсекелерінің бірінде Айбек Оралбайдан айласын асырған еді. Есесіне 2022 жылы Аммандағы Азия біріншілігінің финалдық сынында Айбек Мадиярды ұтып, есесін қайтарды. Алыптармен айқасқан Арман Маханов (+92 кг) финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Джахонгир Зокировтің осал тұсын таба алмады.
Ташкент рингінде тағы екі қандасымыз қола медаль иеленді. Олар – Сабыржан Тастанов (54 кг) пен Саят Ілиясов ( 63,5 кг). Сабыржан Өзбекстанның даңқты боксшысы, Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Баркер кубогінің иегері, әлем чемпионы Хасанбой Дусматовтың туған інісі Фарёзбек Дусматовтан жеңілсе, Саят тәжірибелі Асадбек Раджабовтан ұтылды.
Қазбек Есенгеллиев, Ғанибек Мұратқасымов, Машрап Әбдуқайым, Асылхан Анарбаев, Айдос Тағайбаев, Амантай Шаланов, Иманғали Жайлауов, Сүндет Мұратов, Нұрислам Абдоллаевтың биылғы жарыста жолдары болмады.
2025 жылғы Өзбекстан чемпиондары: 48 кг – Шодиёржон Меликузиев, 51 кг – Асилбек Джалилов, 54 кг – Шахзод Музаффаров, 57 кг – Хужаназар Нортожиев, 60 кг – Мадияр Данияров, 63,5 кг – Руслан Абдуллаев, 67 кг – Мужибилло Турсунов, 71 кг – Икболжон Холдаров, 75 кг – Джавохир Умматалиев, 80 кг – Фазлиддин Эркинбоев, 86 кг – Акмалжон Исроилов, 92 кг – Турабек Хабибуллаев, +92 кг – Джахонгир Зокиров.