
- Конькиден еліміздің жасөспірімдер құрамасының мүшесі Алина Дауранова Италияның Коллабальбо қаласында жалауы желбіреген Әлем кубогінің кезеңдік сайысында алтыннан алқа тақты. 1 000 метрлік қашықтыққа мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Күміс, қола медальды италиялық Мэйбрит Вигль мен норвегиялық Инна Накен еншіледі. Құрамында Алена Лифатова, Алина Дауранова, Арина Ильященко сынды бұрымдылары бар еліміздің командасы спринтте де алдына жан салмады. Екінші, үшінші орында – Италия мен Норвегия құрамалары. Келесі күні Алина өз жанкүйерлерін тағы да қуантты. 500 метрлік бәсекеде мажарстандық Ханна Биродан ғана қалып қойып, күміс медальды мойнында жарқыратты.
- Канаданың Вал-Сент-Ком курортында фристайл-могулдан Әлем кубогінің кезеңдік бәсекесінің шымылдығы түрілді. Жарыста Анастасия Городко өте жақсы өнер көрсетті. Жартылай финалда Францияның мақтанышы, Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің бес дүркін чемпионы Перрин Лаффонды артқа тастаған 19 жастағы жерлесіміз шешуші тұста АҚШ аруы, Бейжің Олимпиадасы мен әлем чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері Джейлин Кауфке есе жіберді. Юлия Галышева 9-орынға тұрақтаса, Аяулым Әмренова 13-сатыға табан тіреді.
- Футзалдан 2026 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде еліміздің құрамасы ойда жоқта Даниядан ұтылып қалды. Сённерборгте өткен бәсеке 3:2 есебімен аяқталды. 27-минутта Адам Фогт алаң иелерін алға шығарса, 31-минутта Нарун Серіков таразы басын теңестірді. 34, 38 минуттарда Мохаммед Юссеф қатарынан екі рет нысананы дәл көздеді. Матч аяқталар тұста Дәурен Тұрсағұлов есеп айырмашылығын қысқартты. Қазірде жерлестеріміз жарыс кестесінде екінші орында тұр. Қоржынымда – 4 ұпай. 7 ұпай еншілеген Армения көш басында, Албания мен Данияда 3 ұпайдан бар.
- Астанада Дэвис кубогі әлемдік тобының плей-офф кезеңі аясында Қазақстан – Пәкістан құрамалары күш сынасты. Бұл бәсекеде еліміздің теннисшілері айқын басымдық танытты. Жекелеген сайыста Александр Шевченко Музамиль Мұртазаға (6:2, 6:1) шаң қаптырса, Бейбіт Жұқаев Хузайф Абдул Рехманнан (7:5, 6:0) басым түсті. Келесі күні жұптық сында Александр Шевченко/Тимофей Скатовтың Акел Хан/Музамиль Мұртазадан (6:4, 7:6) мерейлері үстем болды. Сөйтіп, Пәкістанды 3:0 есебімен ұтқан жерлестеріміз аталған жарыстың І Әлемдік тобына қайта жолдама алды.
- Бұл күндері спорттық гимнастикадан еліміздің құрамасы Қатардың бас шаһары – Дохада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Биылғы маусымның тұсаукесер турнирі 20-23 ақпан аралығында Германияның Котбусінде өтеді. Одан кейін наурыз айындағы Әлем кубогінің кезеңдік сайыстарын Баку мен Анталья қабылдайды. Алғашқы екі додада Милад Карими, Дмитрий Патанин, Ілияс Әзизов, Зейнолла Ыдырысов өнер көрсетеді. Үшінші кезеңде олардың қатарына Нариман Құрбанов қосылады. Олимпия ойындарының күміс жүлдегері қазіргі кезде Прагада жеке бағдарламамен дайындалып жатыр.
- Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф сайыстарының жеребесі тартылды. Үздіктер санатына қосылу жолында мына клубтар өзара шеберлік байқасады: «Брест» – «ПСЖ», «Монако» – «Бенфика», «Ювентус» – ПСВ, «Фейеноорд» – «Милан», «Манчестер Сити» – «Реал», «Селтик» – «Бавария», «Брюгге» – «Аталанта», «Спортинг» – «Боруссия». Жалпы кезеңде 1-8 орындарды иеленген «Ливерпуль», «Барселона», «Арсенал», «Интер», «Атлетико», «Байер», «Лилль», «Астон Вилла» бірден 1/8 финалға жолдама алды. Жаңа форматта өтіп жатқан доп додасында сәтсіз ойнаған «Динамо» (Загреб), «Штутгарт», «Шахтер», «Болонья», «Црвена Звезда», «Штурм», «Спарта», «Лейпциг», «Жирона», «Зальцбург», «Слован», «Янг Бойз» жарыс жолынан шығып қалды.
- Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакинаны енді италиялық маман Давиде Сангвинетти жаттықтыратын болды. Бұл ақпаратты ғаламтор арқылы еліміздің бірінші ракеткасының өзі таратты. 52 жастағы Апеннин түбегінің өкілі 1993–2003 жылдар аралығында түрлі турнирге қатысты. АТР рейтингінде 42-орынға дейін көтерілді. 1998 жылы Уимблдонның ширек финалында өнер көрсетті. Кейіннен бапкерлік қызметке ауысып, Винсент Спейди, Го Соэда, Динара Сафина сынды танымал ойыншыларды жаттықтырды.