
– «Сатираның сырқаттанып қалғанына біраз болды. Өзі болғанымен, сөзінің қуаты кеміді, қазір тіпті хал үстінде жатыр», дейді баз біреулер. Жұрттың айтып жүргені қаншалықты рас?
– Әлдекімдер айтқандай, сатира шын мәнінде, реанимацияда жатқан болса, палатаға шығатын күні де жақын. Қазақ барда қазақы қалжың барда, оны тым ерте «жерлеп» қойғанымыз жараса қоймайды. Рас, кеңес заманында азуын айға білеген «Ара» журналы бар еді, басылым біткеннің соңғы бетінде сын-сықақ бұрыштары тұрақты жүргізілетін. Сондықтан болар, әр өңірден әзіл-сықаққа бейімі бар авторлар тырнақалды шымшымаларын редакцияға жолдайтын. Ал қазір заман басқа, «Ара» журналы жабылып, «Айқын» газетінің ішінен «Ара» қосымшасы шығып келеді. Бұған да шүкір. «Көз тиіп кетпесін» деп түкіріп қоюға болады. «Қазақ әдебиеті» газетінде сатиралық шығармалар жүйелі беріліп жүр. «Egemen Qazaqstan»-ның сын-сықақ бұрышы өз алдына. Осыған да шүкіршілік етуіміз керек. Бұған кедір-бұдырлы болса да, әлеужелідегі әзілдерді қосыңыз. Жастардың дені ғаламтордағы жазбаларды көп оқиды. Әсіресе әзілмен әрленіп, сатираның қышқылы қосылған дүниелерді қалт жібермейді. Сондықтан бас-аяғы жұп-жұмыр, қысқа да нұсқа сатира жазуға құмбылмын.
– Сөзіңізден мақтаныштан гөрі шүкіршіліктің лебі көбірек сезіледі. Соған қарағанда әділетсіздіктің «соққысы» болған сатираның өз жоқшысы болмай тұрған секілді?
– Бұл туралы ойласам, отыра қалып жылағым келеді, «Неге олай?» деп бәрінен сұрағым келеді. Көңіл бөлгісі келмейтіндердің құлағынан бұрағым келеді. Көркем проза мен поэзия, аударма, балалар әдебиетіне қатысты бәйгелер жиі жарияланып, алақаныңды ысқылап қойып, көзіңді уқалап жіберіп оқи қалсаң, ішінде сатираға қатысты ештеңе жоғын көресің де, көңілің көң астында қалғандай болады. Сықақ жанрын жолатпайды немесе «ұмытып» кете береді. Төрт түлік сапында жоқ шекшек ата баласынша шетқақпай көріп келеді. Жастарды сатираға ынталандыру, іс-шаралар өткізіп, марапаттау жағы кемшін соғып жатыр. «Могиканның соңғы тұяғы» сияқты бұл жанрдың өкілдері тым аз, көп те емеспіз. Аз болатын себебі, сатираға «үшінші сортты ұн» сияқты қарап, кәдімгідей көңіл бөлінбейтіндігінде.
– Сатира туралы сөз қозғала қалса, таяқтың бір ұшы әзіл-оспақ отаулары мен комедия театрларына тиеді. Бүгінгі сахнадағы, кинодағы сатира туралы ой-пікіріңіз қандай?
– Сахнадағы сатира ұсақталып кетті. «Шаншар» шаршады. Авторлармен жұмыс істей білмейді. Кеңес заманындағы дүркіреген «Тамашаның» бас режиссері Лұқпан Есенов ағамыз қандай еді? Авторлармен қоян-қолтық араласып, бермесіңді «тартып» алатын. Бірде Лұқпан аға телефон соғып: «жаңа жылға бір апта ғана қалды. Тоғыз интермедия жазып берсең? Қаламақыңды береміз. Саған ғана сенеміз!» деді. Ойланбастан келісім беріп, Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде жатып, екі күннің ішінде «Массаж», «Қайыршылар», «Рэкеттер», «Қиқарлар» – барлығы тоғыз дүние жазып қолына ұстатқанымда, марқұм Лұқаңның қуанғанын көрсеңіз. Қазіргі әзіл-сықақ театрының басшылары авторларды көрсе, әуелі ыржияды, сосын тыржияды. Өйткені олар қалталарынан қырық тиын шығарғысы келмейді. Орыс, өзбек, қырғыз сатирасынан ұрлап, тіпті әлеужелідегі сатирамның идеясын жымқырып жіберіп, жымиып жүре береді. Ал кинодағы сатираның бәрі бидай былжырақ. Олар (кино түсіретін «данышпандарды» айтамын) комедияның теориялық мән-мағынасынан мақрұм. Комедия – күлдіру ғана деп ойлайды да, бүлдіріп жатады. Сосын, көрермен деңгейі де төмендеп кеткендей. Болмашы нәрсеге тырқылдап күледі дейсің. Соған қарап, кино түсірушілер тал түсте талып қалады. Бізде «Тақиялы періште» дәрежесіне жететін кинокомедия әлі жоқ.
– Неге екенін қайдам, кейінгі кезде баспасөз бетінен фельетон, памфлет секілді өткір жанрлардың қарасы көрінбей кетті. Соның себебін немен түсіндірер едіңіз?
– Шынында, фельетон, памфлет деген жанрлар әлдеқашан «қайтыс» болған. Ертеде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бұрышында апта сайын фельетондарым жарияланатын. Кейіпкерімді тірідей ірейтінмін, тұздайтынмын, шайнайтынмын, сарказм қылбұрауларымен байлайтынмын, оқиғаны өрбітіп, дірілдеткіш диалогтермен өріп, рақаттанып жазатынмын. Шындықты шырылдатып, екі өкпесін сырылдатып фельетон жазып көрші. «Өзің кінәлі, жала жапқан» болып шыға келуің ғажап емес. Бір жылдары «Алақаны қыши береді» атты фельетон жазып, басым пәлеге қалды, балалар бақшасының меңгерушісі сотқа берді. «Алақаным қышымайды, дәлелдеп берсін, кешірім сұрасын!» дейді. Ішіп-жеп қойғанын, алаған қолының «қышып тұратынын» сатиралық тілмен жазғанымды, дәлелді құжаттарымның бір папка екенін айтсам, сот та, ол да түсінбейді. Ақыры газетке: «Пәленшиеваның еш жері қышымайды» деп кешірім сұрап жаздық. Осыдан кейін тілшілер «тілімізге тікен кіріп кетер» деп ойлайды. Ең басты себебі, сынға сықсиып қарайтындардың бел омыртқасын майыстырып жіберетіндей тегеурінді идеология жоқ.
– Осы ғасырдың сатиригі қандай болуы керек?
– О-о, ол оңай шаруа емес. Қазіргі сатирик заман көшіне ілесе білуі керек. Ілесе алмай, ілдебайлап жүріп, бұрқ етіп, құм үстіне құлап, қолын созып: «е-ей, тоқтаңдар, сатира қымызынан беріңдерші, шөлдедім!» деп жүріп, көштің соңында қалғанша, жазбай-ақ тыныш жүрген абырой. Қазіргі заманның сықақшысы компьютерді, әлеуметтік желіні жетік меңгеріп, тақырыптардың өзін тақыр жерден тауып алғандай сөз сойылын ойната білуі қажет. Тәуелсіздіктен кейін тұңғыш рет «Супер сүмелектер», «Ұрының қатыны», «Мистер Лиам немесе отыз еркек» сынды сатиралық романдар жазып бітірдім, «Біздің ағай тамаша» сатиралық повесімнің соңғы нүктесін қойдым. Демеуші табылып жатса болды деймін қиялымды қиярдай турап отырып. Мұны айтпағым, қазіргі заман сатиригі еңбекқор болуы керек, айналаң толы тақырып, оқиға, рақаттанып сүйкей бер, сүйкей бер...
– Сатираның салмағын арттыру үшін қандай ұсыныс айтасыз?
– Ең әуелі сатира «әншейін жанр» деген көзқарастан шығып, өзге жанрлармен иықтас екенін мойындайтындай көзқарасқа көшкеніміз жөн. Сатиралық роман, әзіл-сықақ әңгімелерге бәйгелер ұйымдастыруды қолға алу сатираның салмағын арттыра түседі. Бірінші сәуір – Күлкі күні ғана еске алатын тілшілер сияқты болудың қажеті шамалы. Телеарналарға сатириктер жиі шақырылып, олардың шығармаларын насихаттау, тіпті шоу ұйымдастыру – өмір талабы. Басылымдарда сатиралық әңгімелерге бәйге жариялап, бірінші сәуір – күлкі күні «Жыл сатиригі» атағымен марапаттау сатириктердің көңілін көтеріп, шығармашылық биіктерге жетелер еді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен –
Бекзат ҚҰЛШАР,
«Egemen Qazaqstan»