
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Біз тарихқа және оны қалыптастыруға қатысқан азаматтарға әділ қарауымыз керек. Ақыр соңында, мұның бәрі ұлттың болашағы үшін қажет. Егер біз өткенімізді саралап, оны адал әрі объективті бағалай алмасақ, онда алға сенімді қадам жасай алмаймыз», дегені белгілі. Осы сөзді негізге алған сарапшылар кеңестік және тәуелсіздік кезеңдегі арнайы әдебиеттерде 1926–1933 жылдар аралығындағы кезең әртүрлі аталатынын еске алды. «Кіші қазан», «Ауылдағы Кіші қазан» делінгенімен, қазақтілді әдебиет пен ғылымда «Ашаршылық» термині кеңінен қолданылды.
Мемлекеттік комиссия жинаған материалдарға сүйене отырып, ғалымдар мен сарапшылар бұл күрделі кезеңге «Қазақстандағы Кіші қазан» деп атау бергенді жөн санайды. Себебі бұл үдеріс тек ауылдарды қамтып қоймай, бүкіл қазақ халқының өмір сүру салтын түбегейлі өзгертуге бағытталған зорлықшыл «кеңестендіру» саясатын жүзеге асырды. Қазақ жерін қайта бөлу шараларымен шектелген жоқ, кеңестік биліктің зымиян мақсаттарын көздеді. Мұндай халыққа қарсы бағдарлама тек Қазақстанда жүзеге асырылды. «Қазақстандағы Кіші қазан» саясаты жергілікті халықтың барлық әлеуметтік топтарын жаппай басып-жаншу мен кеңестік билікке толық бағындыруға бағытталды.
Кез келген революция сияқты, «Қазақстандағы Кіші қазан» саясаты қазақ қоғамында кеңестік билікті орнатуды көздеді. Соның кесірінен жергілікті халықтың дәстүрлі өмір сүру жүйесі күштеп жойылды, экономикалық негіздері әлсіреп, көшпелі елдің тіршілік көзі – азық-түлік ресурсы түгесілді. Бұған қарсы көтерілген халықты басып-жаншып, жаппай саяси қуғын-сүргіндер және олардың салдары ретінде басталған ашаршылықтан миллиондаған адам қаза тапты.
Бұл туралы «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр
Қасымов:
«Бұл қайғылы кезең мен оның құрбандары туралы ғалымдар мен публицистердің әртүрлі, тіпті қарама-қайшы пікірлері бар. Олардың көпшілігі сенімсіз деректерге негізделген. Біреулер бұл оқиғаны геноцид, классоцид немесе этноцид деп санайды, ал басқалары кеңестік тұжырымдамаға сүйене отырып, оны «кейбір асыра сілтеулермен жүргізілген революциялық реформа» дейді.
Сондай-ақ жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының нақты санына қатысты да пікірлер әркелкі. Біреулер қаза тапқандар саны 1,5 миллионнан 2 миллионға дейін десе, енді біреулер 2,5 миллионнан 4 миллионға дейін деп көрсетеді.
Тіпті Тәуелсіздік жылдарында да «Қазақстандағы Кіші қазан» жан-жақты зерттелмеді және ол жүйелі түрде жоспарланған, нақты стратегиялық және тактикалық саяси мақсаттарды көздеген «революциялық» науқандар кешені ретінде қарастырылған жоқ.
Бұл – ғылымның кінәсі емес. Кеңес заманында (тіпті тәуелсіздік кезеңде де) зерттеушілерге «Қазақстандағы Кіші қазан» тақырыбы бойынша тек жекелеген аспектілерге қатысты диссертация қорғауға ғана рұқсат етілді. Оның өзінде, тақырыптар шартты түрде бекітілді. Сол себепті, жаппай қуғын-сүргіндер мен олардың салдарын, сондай-ақ репрессиялық іс-қимылдардың перманентті және өзара байланысын толық көлемде зерттеу мүмкін болмады.
Сондықтан, бүгінгі басты міндетіміз – барлық ақпаратты зерттеу, қайта қарастыру, барлық мүмкін фактілер мен құрбандардың нақты санын анықтау. Тек осыдан кейін ғана ғылыми тұжырымдар жасауға болады. Ол үшін, ең алдымен, білікті ғалымдар мен мамандар қажет. Екіншіден, зерттеушілерге Қазақстан Республикасы Президентінің архиві және басқа да мемлекеттік, арнаулы архивтерге ешқандай кедергісіз қолжетімділік берілуге тиіс.
«Қазақстандағы Кіші қазанның» барлық құпиясын ашу – біздің перзенттік және азаматтық борышымыз», деп атап өтті.
Семинар барысында 1926–1933 жылдар аралығында «Қазақстандағы Кіші қазан» аясында жүзеге асырылған оннан астам мемлекеттік науқан туралы пікір айтылды. Бұл «науқандардың» барлығы халыққа қарсы мемлекеттік зорлық-зомбылықпен және жазықсыз азаматтарға қарсы бағытталған жаппай саяси қуғын-сүргіндермен қатар жүрді.
Әрбір отбасы осы «советизацияға» қарсы күрестің құрбаны болған туысының естелігін сақтап келеді. Большевиктік-сталиндік билік жүзеге асырған бұл әрекеттер Қазақстанда жаппай толқуларға, халық наразылықтарына және көтерілістерге алып келді. Оның салдары – миллиондаған мәжбүрлі босқындар мен орны толмас ұлттық қасіретке айналды.
Семинарға қатысқан елімізге белгілі профессорлар – И.Борчашвили, Қ.Балтабаев, Е.Абайділдинов және басқа да ғалымдар «Қазақстандағы Кіші қазан» мәселесін зерттеу барысында халықаралық құқықтық нормаларға сүйенудің маңыздылығына назар аударды.
Ғалымдар бұл тақырыпты адамның табиғи және ажырамас саяси құқықтарының бұзылуын анықтау тұрғысынан, халықаралық құқық призмасы арқылы, диалектиканың заңдары мен қазіргі заманғы саяси антропология әдістері негізінде талдауды ұсынды.
Жобаны жүзеге асырудың логикалық қорытындысы ретінде жаңа нормативтік-құқықтық актілер қабылдануға тиіс. Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді заң жүзінде бекітуге, сондай-ақ «Қазақстандағы Кіші қазан» саясатының нәтижесінде қаза тапқан миллиондаған большевиктік-сталиндік биліктің құрбандарын толықтай ақтауға мүмкіндік береді. Олардың қатарында халыққа қарсы жүргізілген саясаттың, жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтан опат болғандар, сотсыз және тергеусіз атылғандар, заңсыз сотталғандар мен күштеп жер аударылғандар бар.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым, Абзал Құспан, Еркін Әбіл және басқалар жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша ғылыми зерттеулерді – Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында жалғастыруды қолдады.
Бұл ғылыми жобаның негізгі міндеті – осыған дейін анықталған жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі санаттарын терең әрі іргелі ғылыми зерттеу. Атап айтқанда, А.Құспан кеңестік билік жүргізген зорлықшыл «мәдени революция» ұлттық құндылықтарға, халықтың санасы мен руханиятына орасан зор зиян келтіргенін, ұлттық менталитетті бұрмалап, дәстүрлі өмір сүру нормаларын түбегейлі жойғанын атап өтті.
Алдағы екі жыл ішінде жоба қатысушылары бұрын бұрмаланған «Қазақстандағы Кіші қазан» тарихын әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған әдіснамалық қағидаттар негізінде жан-жақты зерттеуге тиіс.
Назым ЖҰМАНОВА,
журналист