
Соғыс туралы сыр шертетін қариялар үшбұрыш хаттарды сағына, сарғая тосатынын айтушы еді. Көз көріп, құлақ естімеген алыстағы майдан даласынан құстың қанатындай болып жететін үшбұрыш хаттар үміт отын жандырып, көкіректеріне қуаныш ұялататынын айтушы еді. Дорбасын арқалаған пошта тасушының қарасын көргенде екіұдай сезім билейді екен. Майданда жүрген жарының немесе баласының аман-есенін жеткізетін, қолыңа ұстағанда ыстық лебімен алақанын өртейтін үшбұрыш хат бола ма, әлде мұздай суық қара қағаз келе ме? Ал үшбұрыш хаттар тым-тым қымбат еді.
Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде майдан даласынан жазылған үшбұрыш хаттар сақталған. Жалғыз хат қана емес, көптеген майдангердің өмірдерегі, жорықты жолдардағы ерен ерлігі хатталыпты. Мына бір хаттарды 1941 жылы Ақмола облысы Молотов ауданының әскери комиссариатынан аттанған Саршат Айтпаев жазған екен. Бір жақсысы, майдангер туралы біршама дерек те бар. Алдымен сол жайында айта кетелік. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған Саршат Қастоллаұлы Украина, Белоруссия, Латвия аймағын басқыншы жаудан азат етуге қатысқан. Қорда сақталған көне жазбаларды да оқыдық.
Майдангердің балалық шағы Көкшенің жусанды даласының төсінде өткен. Зайыры бала болып балкүлкілі күндерін бақыт құшағына шомылып өткізе алмаса керек. Әкесі Қастолла мен анасы Бинардың шаңырағында 12 бала өмірге келген. Ата-анасы бауыр еті балаларын аман-есен өсіреміз деп қаншама талпынғанымен, аузын арандай ашып келген аштықтың шеңгелінен құтқара алмапты. Аман қалған соңғы ұрпағы – Саршат ата. Майдангер былай деп сыр шертіпті: «Сол тұстағы көптеген құрбым тәрізді мен де жарты құрсақ болып, иінім жартылай жалаңаш өмір сүрдім. Әрине, ата-анамның махаббаты мол еді. Әйтсе де біз еркелеп көрген жоқпыз. Бір уыс бидайдың өзі баға жетпес байлық болды. Өзек жалғар нәпақа табу үшін қабырғамыз қатып, буынымыз бекімей жатып жұмысқа араластық. Ауыр-жеңілін таңдаған жоқпыз».
1941 жылы майдан даласына аттанған, өзі ғана емес, әкесі де бір-бірін бес жылдан кейін соғыс біткен соң ғана көрген. Сұм соғыс ерте есейткен. Майдангердің өзі шайқас даласын былай суреттепті: «Біреудің ажалы оқтан болса, енді біреулер тұс-тұсымыздан жарылған бомбадан өліп жатты. Тіпті үйдің қабырғасы немесе құлаған ағаш басып мерт болғандары қаншама. Ал аштық ше? Жаумен бірге жағадан алған дұшпан сол еді. Әбден дәрменіміз құрып, қолымыздағы қаруды көтеруге күшіміз жетпей қалатын. Сызды окоптың түбінде аштан бұратылып жаттық. Ондайда тіпті көзің қарауытып кетеді екен. Бірде әлдебір деревняны азат еттік. Бала кезімнен жұрттың азық-түлігін қайда сақтайтынын білуші едім. От-жалынға оранған үй түгел жанып болған соң жертөлесін тауып алып, жартылай жанған қақпағын ашып жіберсем, іші картопқа толып тұр екен. Ат басындай алтын тапқандай қуандық. Міне, жаратқан иенің сыйы. Сол жартылай күйген картоп талай өзегі талған қаруластарыма ырыздық болды. Әлі күнге дейін дәмі аузымнан кетпейді».
Майдангерді қаруластары «сені ажал оғы ала алмайды» деп қанаттандырады екен. Шынында да, майдан даласында әлденеше рет жараланған. Риганы басқыншы жаудан азат етерде дәл жанынан бомба жарылыпты. Майдангер жарылыс екпінімен ұшып кетіп, қазылған орға күмп ете түскен. Бар денесі сіресіп қалыпты. Дес бергенде жанынан өтіп бара жатқан медицина қызметкері көріп қалып, топырақты аршып, құтқарып алған. Әуелі кеудесінде жаны бар ма, жоқ па, соны көрсе керек. Жүрегі соғып жатқанын аңғарған соң емдеу бөліміне жеткізген.
Жеңісті Берлинде қарсы алыпты. Сол сәтте жазған хаты да сақталған. Туған жерін сағынған майдангердің сағыныш сезімі әбден сарғайтып жібергендей сап-сары. Кім білсін, бәлкім көз жасы да сіңген шығар.
Майдан даласынан оралған соң еңбекке араласқан. Айтпақшы, Саршат келе жатыр деп естіген ауылдастары ебіл-дебіл жылап, әйелдер жағы көз жастарына ерік беріп, қарсы алған. Құшақтарына басқан. Аймалап сүйген. Оның алдында кеше көз алдында майданға аттанған азаматты танымай қалса керек. Бір кездегі ұзын бойлы, қою қара шашты, күлімсіреп тұратын бозбаланың орнында бет-жүзін әжім басқан, жүзін күйік шалған тіпті ересек адам тұр.
Майдан даласынан оралғаннан кейін ағаш ұстасы болып еңбек еткен. Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген. Атамыздан тараған ұрпақтың бойында үшбұрыш хаттың ішінде тұнған махаббат лебі бүгінге дейін жүрген шығар-ау.
Көкшетау