Қоғам • 04 Ақпан, 2025

Пәтер жалдаудың түйткілдері

388 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өз үйіне қолы жетпей, тірнектеп тапқан табысын пәтер жалдауға зорға жеткізетін отбасылар көбейіп барады. Қазір жер сатып алып, үй тұрғызу да оңай шаруа болмай тұр. Кейінгі деректерді аңғарсақ, елде 1,3 миллион жас баспанасыз жүр.

Пәтер жалдаудың түйткілдері

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жастарға арналған қандай бағдарламалар бар?

Бүгінде елімізде экономикалық әл-ауқаты күшті мемлекеттердің жұрты секілді пәтер жалдап тұру қалыпты жағдайға айналды. Ұлттық статистика бюросының былтырғы дерегіне қарасақ, тұрғын үйді жалға алудың орташа құны 4,2%-ға өсіп, шаршы метрі үшін 4,4 мың теңгені құрады. Ең қымбат жалға берілетін пәтер­лер – ірі мегаполистерде.

Мәселен, Алматыда жалдау құны – бір шаршы метрге 5,5 мың теңге, Астанада 4,5 мың теңгені құрайды. Осы­лайша, ауданы 50 шаршы метр болатын екі бөлмелі шағын пәтерді жалға алу үшін алматылықтарға ай сайын шамамен 264 мың теңге, астаналықтарға 230 мың теңге төлеу қажет. «Оlx», «Крыша» секілді жарнамалық онлайн платформаларды бағдарласақ, тұрғын үй орналасқан жеріне, ішкі сиқына қарай 350-500 мың теңгеге жалға беріледі, тіпті одан да қымбат пәтерлер бар. Ал елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 мың теңге.

Бүгінде елімізде жастардың бас­паналы болуына көмектесетін «7-20-25», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Жас отбасы», «Отау», «Наурыз», «Ұмай» және әр өңірде іске қосылған бағдарламалар бар. Ал бұл 35-ке дейінгі отандастарымыз үшін қаншалықты қолайлы?

«7-20-25» 2018 жылы іске қосылған. Бағдарламаның шарттары бойынша, тұрғын үй несиесінің мөлшерлемесі 7%-ды құрайды. Бастапқы жарна – 20%, ал қарыз 25 жылға дейін болуы мүмкін. Мұндай шарттар тек тұрақты табысы бар жас отбасылар үшін тиімді. Десек те, бастапқы жарнаны (шамамен 3-5 млн теңге) төлеу көп азамат үшін қиындық туғызып отыр.

«Бақытты отбасы» – көбіне әлеу­меттік жағынан осал топтарға, оның ішінде көпбалалы және толық емес от­ба­сыларға, мүмкіндігі шектеулі бала­лары бар жанұяларға арналған. Несие мөлшерлемесі 2%-ды құрайды, бас­тапқы жарна – 10%. Алайда аталған бағдар­ламаға белгілі бір санаттағы отандастарымыз ғана өтініш бере алады.

«Шаңырақ», «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Мұнда да бастапқы жарна – 10%, ал жылдық пайыздық мөлшерлеме – 5%. Бір әттеген-айы, үміткерлер бірнеше жыл тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне алдын ала қаражат жинап, кейін ғана несиеге өтініш береді.

Былтыр жаңадан іске қосылған «Отау» бағдарламасы да кейінгі 5 жылда атын­да баспана болмаған азаматтар­ға ар­­нал­ған. Бағдарлама ірі қалаларда жаңа үй, ал басқа өңірлерде кез келген на­рық­тағы тұрғын үйді сатып алуға ық­пал­дасады. Тағы бір жоба шарты – Алматы мен Астана қалаларынан үй ала­­тын жағдайда осы шаһарларда тұрақ­­ты тіркеу болуы міндетті. Жылдық па­йыздық мөлшерлеме – 9%, алғашқы жарна 20%-дан басталады.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы – рес­ми табысы бар, жұмыс істейтін нәзік жан­дарға берілген мүмкіндік. Оңтайлысы бағдарлама бойынша пәтерді жөндеу жұмыстары үшін 3,7 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Жобаға қатысу үшін кірістің максималды сомасы – 900 мың теңгеден аса сомаға дейін ұлғайтылды. Яғни шамамен осы сомаға дейін табысы бар тұлғалар бағдарламаға қатысады. Бастапқы жарна – 20%, жылдық мөл­шерлемесі – 14,4% (жылдық тиімді сый­ақы мөлшерлемесі 15,4% бастап), кейін 3,5-5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ 3,6% бастап).

«Наурыз» бағдарламасының биыл­дан бастап талабы өзгерді. Енді жобаға қатысу үшін депозитте кемінде 2 млн теңге болуы керек. Ипотекаға осы жылы 300 млрд теңге бөлінеді. Жылдық мөл­шерлемесі халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – 7%, ал өзге тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған аза­маттарға – 9%. Максималды заем сомасы Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңге болса, басқа өңірлерде 30 млн тең­геге дейін беріледі.

«Жас отбасы» бағдарламасы да жас­тарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама бойынша бас­тапқы және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға немесе жеке үй салуға болады. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 6%, алғашқы жарна 20%-дан басталады.

«Елорда жастары», «Алматы жастары», «Алатау жастары» және сол секілді өңірлік бағдарламалар жас мамандар мен отбасыларға тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін береді.

– «Елорда жастары» бағдарламасы ­аясында еңбек шарты жарамды жастар­­ға, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, әлеуметтік қорғау, поли­ция , т.б. салаларда жұмыс істейтін ­35 жасқа дейінгі азаматтарға басым­дық беріледі. Негізгі шарт – Астанада тұрақ­ты тіркеудің болуы, кейінгі бес жыл­да жылжымайтын мүліктің болмауы және тиісті табыс. Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге, бастапқы жарна – ­10%, жылдық мөлшерлеме 5%-ды құрай­ды. Осыдан бес жыл бұрын Астанада жұ­мыс істейтін жастарға сатып алу құқығы жоқ алғашқы жалға берілетін тұр­ғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Бұл мыңдаған қала тұрғынына бес жыл ішінде өз үйіне ақша жинауға мүмкіндік берді. Олар енді осы «Елорда жастары» бағдарламасы негізінде пәтерін сатып ала алады, – деді елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолғанат.

2019 жылдан бері жұмыс істейтін жас­тарға арналған бағдарламаға қатысуға 17 мыңға жуық жас өтініш білдірген. Осы аралықта оларға 3 мыңнан аса пәтер беріліпті. «Отбасы банкінің» был­тыр­ғы есебінде де жоғарыда аталған бағ­дар­ламалардың көмегімен 35 жасқа де­йін­гі 24 705 жас қоныстойын тойлаған. Олар тұрғын үй құрылыс-жинақ жү­йесі шеңберінде жалпы 414 млрд теңге ­сомасына заем алған.

 

Арзан несие арман ғана

Шыны керек, бұл қабылданған бағ­дар­ламалар мәселені түпкілікті шеше алмай келеді. Бұған басты себеп – лайықты жұмыс пен баспананың болмауынан халық ірі қалаларға қоныс аударып жа­тыр. Салдарынан тұрғын үй проб­лемасы ірі мегаполистерде өткір тұр. Ке­йінгі 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Мұн­дай қарқын әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады.

Екіншіден, көп жағдайда жас отба­сыларға арналған бағдарламалар олар­дың балаларының санына немесе әлеу­меттік осал топқа жатуына байла­нысты жеңілдіктерді қарастырады.

– Жалпы елде кез келген жеңілдік не көмек болсын, алдымен халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз тұсына беріледі. Бұл – әрине, құптарлық іс. Астанада жұмыс істеп жатқаныма үш жылдай уақыт болды. Бағдарламалар талап ете­тін алғашқы жарнаны әлі жинап үлгер­медім. Соның өзінде мемлекет ұсын­­ған мүмкіндіктерді қалт жібермейін деп конкурсқа қатысып жүрмін. Егер өтсем, қарызға алсам да ақшасын табамын деп тәуекел етудемін. Алайда бағ­дарламалар отбасылы жастарға басым­дық береді. Меніңше, банк отбасы­­лы азаматтардың ортақ табысы бол­ған­дықтан, несиені төлеу қабілеті бар деп есеп­тейді. Біз секілді жастарды кім ойлай­ды? Қашанғы пәтер жалдап жү­реміз? – деді қала тұрғыны Нұрлан Темірбеков.

Үшіншіден, ауыл жастары былай тұр­сын, облыс орталығында тәуір қыз­метте жүрген қыз-жігіттердің өзі бас­пана алудың талаптарына сай келмей жатады. Бірінің тұрақты табысы, енді бірінің тұрғылықты тіркеуі жоқ, тағы бірінің бастапқы жарнаны жинауға жағдайы келмейді. Содан ипотека, несие алып немесе қосымша табыс көзін тауып қол жеткізуге тырысады. Әйтпесе, баспана сатып алуға қажетті қаражатты қазіргі қара­пайым еңбек адамының қалтасы көтермейді. Оның өзінде мемлекетке масыл болуды емес, тек тиімді мемлекеттік бағдарламаларды көбейтуді сұрайтын жастар қатары көп. 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше