Медицина • 04 Ақпан, 2025

Мәміле де, мәселе де бар

78 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев: «Мін­детті әлеу­меттік медициналық сақтандыру жүйесін рефор­­малауды жалғастыру керек. Соны­мен қатар бірқатар заң­на­малық шара қабылдау қажет. Үкімет Парла­мент­пен бірге мін­детті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін же­тіл­­діру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құ­жат­ осы сессияның соңы­на дейін қабылдануға тиіс», деп атап көр­сетті.

Мәміле де, мәселе де бар

Кейінгі бірнеше жылдың беде­рінде билік әлеуметтік сала­ға барынша басымдық бе­ріп келеді. Алайда бес жылдан астам уақыт бұрын қолға алынған міндетті әлеу­­меттік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселесі әлі де болса жетілдіре түсуді қажет етеді. Айталық, басы ауы­рып, балтыры сыздаған кезде ақ халат­ты абзал жандардың алдына баратын өңір тұрғындары МӘМС жүйесіне толық тіркелген бе? Жалпы, бұл мәселе жергілікті жерде жылына екі рет таразыланады. Мәселен, өткен жылдың ба­сындағы деректерге зер салсақ, жүйеге тір­келмегендер саны 200 мыңнан асып жығылған болатын. Жыл соңында көр­сеткіш өзгерді ме?

Облыс әкімдігінің баспасөз қыз­меті келтірген дерекке жүгінсек, өңір хал­қының 81,6 пайызы міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру жүйе­сімен қамтылған. Жүйеден сырт қа­лған­дар­ саны 259 584-тен 216 373-ке­ азайған. Нәтижесінде, жүйеге тір­кел­­­ме­гендер­дің қарасы 17,6 пайызды құ­рап отыр. Жергілікті халықтың 4%-ы ем­ха­наға тіркелмеген. Көрсеткіштің 16,6%-ға­ тө­мен­­дегені көңіл қуантқанымен, тұр­ғындардың 216 мыңнан астамы жүйеден тыс қалғаны кімді де болсын ойландырмай қоймайды.

Өңірде «Oтбасының әлеуметтік сала­маттылығын айқындау әдістемесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес айқын­далған, А, В, С, D, E санаттары бойынша емханаға тіркелген тұрғындарды есептегенде, сақтандырылмаған халық­тың саны 216 373-ті құрап отыр. Оның ішінде Е санатындағы халық саны ­21 806 болса, D санатындағылар 69 523, С санатындағылар 76 044, В санатындағы­лар 44 838, А санатындағылар 4 162 адамды құрайды. Алдыңғы жылдардың дерек­терімен салыстырғанда оң динамика бар. Нақтырақ айтсақ, сақтандырылмаған азаматтардың саны 34314-ке азайған.

«Цифрлық отбасы» картасы бойынша сақтандырылмаған азаматтар үлесі жоғары өңірлердің қатарында Қордай (21,7%), Меркі (21,6%), Шу (21,2%) аудандары бар. Жоғарыда көрсетілген дерек­тегі 200 мыңнан астам сақтандырылма­ған азаматтардың 14,9%-ы 12 айда ешбір төлем жасамаған», дейді «Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ облыстық филиалының д­иректоры Ғайни Аймағанбетова.

Дерекке жүгінсек, Оқу-ағарту министр­­лігі ұсынған тізімде өңір­дегі 34 774 білім саласы қызмет­кер­лері­нің­ сақ­­тандыру мәртебесі болмаған. Әйт­­кенмен, өңірлік деңгейдегі штаб атқарған жұмыстың арқасында жүйеге енбеген қызметкерлердің саны кеміп, 31 274 адамның сақтандыру туралы мәртебесі қалпына келтіріліпті. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын 947 азаматтың сақтандыру мәртебесі бол­ма­ған. Жүйелі түрде атқарылған жұмыс­ нәтижесінде мәртебесі қалпына келтірілгендердің саны 856-ға жеткен.

Ғ.Аймағанбетованың айтуынша, жарна­ны тұрақты төлемегендер де бар. Әл­бет­те, атқарылған жұмыстардың нәти­же­сінде жүйеге тіркеліп, мәмілеге келгендер де жеткілікті. Дегенмен МӘМС төңіре­гін­де толған­дырар мәселенің аз еместігі де бай­қа­­лады.

Қалай алып қарасақ та, міндетті әлеу­­меттік медициналық сақтан­дыру жүйесіне тіркелуді уақыттың өзі міндеттеп отыр. Алайда жыл қорытындысындағы көрсеткіш көңіл көншітеді деуге келмейді. Өйткені жүйеден сырт қалғандар саны 200 мыңнан асып жығылған. Осы тұрғыда Қордай, Меркі секілді бірқатар аудан­дардың атқамінерлері МӘМС мәселесін реттеуге қатысты ауқымды жұмыс атқарғаны жөн. Көрсеткішті қалыпқа келтіруге қатысты мүдделі барлық тарап атқаратын жұмыстың сапалы болғаны ләзім. Ресми дерекке жүгінсек, жыл қорытындысында өңірде 49 мыңнан астам азамат халық тіркелімі тізімінде болмаған. Оларды емдеу мекемелеріне есепке алу үшін мәртебесін анықтау керек. Бұл да барынша ауқымды жұмыс екені анық. Әлбетте, уақыт өткен са­йын көрсеткіш біршама өзгере жатар. Алайда толыққанды жақсарады деуге әлі ертерек.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше