Спорт • 05 Ақпан, 2025

Татами теңдессіздері

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық дзюдо федерациясы өткен жылдың қорытындысы бойынша «IJF Judo Awards 2024» жүлдесін иеленген балуандардың есімдерін жариялады. Ерлер арасында «Ең үздік дзюдошы» атағынан үміткерлердің бірі Елдос Сметов еді. Бірақ бұл аталымда топ жару бақыты даңқты жерлесімізге бұйырмады.

Татами теңдессіздері

Таңдау Хидаят Гейдаровқа түсті. Әзербайжан дзюдошысы үшін де қуанған жөн. Себебі ол бізге бөтен емес. Хидаят 1997 жылғы 27 шілдеде Қарағандыда дүниеге келген. Бала кезінде ата-анасымен бірге тарихи отанына оралды. Каспий теңізінің жағалауында жаттығып, көптеген биік белестерді бағындырды. Былтырғы жылғы табысы тіптен керемет болды. 73 кг салмақ дәрежесінде белдесетін Х.Гейдаров бір маусым аралығында үш бірдей дүбірлі додада дара шығып, требл жасады. Атап айтсақ, сәуірде Загребте Еуропа біріншілігін ұтты, мамырда Абу-Дабиде әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді, тамызда Парижде Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Сол себепті, бұл атаққа Х.Гейдаров әбден лайық.

Әйелдер арасында Криста Дегучи дара шықты. Жапонияда туып-өске­німен, Канаданың намысын қорғап жүрген 29 жастағы сақа спортшы 57 кг салмақта Париж Олимпиадасында алдына жан салмады.

«Ең білікті бапкер» аталымында Рихард Траутман мен Марко Шпитка озды. Екеуінің де ұлты неміс. Бірі – Әзербайжанның ерлер құрамасын баптаса, екіншісі Өзбекстанның әйелдер командасын жаттықтырады. Кезінде екеуі де бір уақытта күрескен. 55 жастағы Рихард ГФР-дың Мюнхен қаласында дүниеге келген. Есейе келе 1992 жылы Барселона, 1996 жылы Атланта Олимпиадаларында қола жүлдені қоржынға салды. 1993 жылы Гамильтонда ұйымдастырылған әлем чемпионатында да дәл сол межеден көрінді. Былтыр Траутманның екі бірдей шәкірті – Хидаят Гейдаров пен Зелим Коцоев әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарында алтын тұғырға көтерілді.

53 жастағы Марко ГДР-дың Дрез­денінде дүниеге келді. Ол – Атланта Олимпиадасы мен Париждегі әлем чемпионатының қола жүлдегері, құрлық біріншілігінде бір алтын, бір күмісті олжалады. Шпитка баптаған өзбек қыз­дары арасынан Диёра Келдиёрова Францияның бас шаһарында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтыннан алқа тақты. Ұлттық командалар бапкерлері арасынан Франция құрамасының бас бапкері Баптист Леруа ең мықты деп танылды.

Былтырғы Олимпия ойындарының финалында даңқы аспандаған Фран­цияның алыбы Тедди Ринер Оңтүстік Кореяның оғыланы Ким Минджонның аяғын көктен келтіріп, кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізген еді. Міне, сол таза жеңіс «Жыл иппоны» деп танылды. 52 кг салмақ дәрежесінің алғашқы айналымдарының бірінде өзбек қызы Диёра Келдиёрова атағы алысқа жайыл­ған Жапонияның жұлдызы Уто Абэні қос жауырынымен жерге қада­ғанын көзіміз көрді. Сол көрініс «Жыл сәті» деген аталымында жеңіп шықты. Жалындап өсіп келе жатқан жас дзюдошылар арасынан таңдау Жоан-Бенджамин Габаға түсті. 73 кг салмақта күресіп жүрген 24 жастағы Францияның сайыпқыраны Париж Олимпиадасында екі жүлде алды. Жекелеген сайыста күміс, командалық бәсекеде алтын ме­дальді мойнында жарқыратты. Бір айта кетерлігі, Габа командалық жарыстың финалында Олимпиаданың екі, әлемнің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Хифуми Абэден айласын асырды.