Спорт • 05 Ақпан, 2025

Жарыс күнделігі

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жапонияның RIZIN промоуше-нінде күш сынасып жүрген 31 жастағы Қар­шыға Дәуітбек өзінің келесі жекпе-жегін 30 наурызда жергілікті файтер Чиниро Судузукиге қарсы өткізеді. Осыған дейін 20 рет октагонға шыққан қазақ спортшысының 17 мәрте мерейі үстем болды. Бір кереметі, соңғы тоғыз кездесуінде жеңіске жеткен ол жеті қарсыласын бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Судзукидің шердогі – 18 кездесу, 13 жеңіс, 7 нокаут. Сондай-ақ Күншығыс елінің өкілі кикбокс­тан да өнер көрсетеді. Бұл ретте 13 мәрте рингке көтеріліп, тек бір рет қана ұтылды, 10 қарсыласын нокаутқа жіберді.

Жарыс күнделігі
  • 25 ақпанда Алматыда PWL 8 турнирі өтеді. Сол жарыста 86 кг салмақтағы қазақтың белгілі еркін күрес шебері, екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпио­ны Азамат Дәулетбеков Магомедхабиб Кадимагомедовпен күш сынасады. Екеуінің де жасы 30-да. Магомедхабиб Дағыстанда дүниеге келгенімен, Бела­русьтің намысын қорғап жүргеніне бірер жылдың жүзі болды. Ол – Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Әлем кубогінің қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Бірақ бір айта кетерлігі, бұл табыстарына Кадимагомедов 74 кг, 79 кг салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген кездерінде қол жеткізді.
  • Халықаралық Шахмат федерация­сы өз рейтингін жаңартты. Үздіктер санатында еліміздің бірнеше өкілі бар. Әйелдер арасында Бибісара Асаубаеваның (2 494 ұпай) аяқалысы қуантады. Еліміздің ең үздік ойыншысы классикалық шахматтан 13-орында тұр. Рапидте 9 (2 446 ұпай), блицте 6 (2 441 ұпай) сатыға жайғасты. Қыз­дардың рейтингінде Меруерт Кама­лиденова (2 355 ұпай) 10, Әмина Қайыр­бекова (2 336 ұпай) 13, Алуа Нұрман (2 336 ұпай) 14-орынды еншіледі. Сондай-ақ Меруерттің рапид (4-орын, 2 368) пен блиц­­тегі (5-орын, 2 324) нәтижелері де тәуір.
  • 14–16 ақпан аралығында Әзербай­жанның бас шаһары – Бакуде өтетін Grand Slam турнирінде еліміздің үш дзюдошысы белдеседі. Олар – Әділбек Берікұлы (66 кг), Ислам Тоқтасын (81 кг), Қуаныш Ратаев (100 кг).
  • 27 жастағы кә­сіпқой боксшы Садрид­дин Ахмедов (15-0, 13 КО) өзінің келесі кездесуін 19 сәуірде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Коммерс қа­ласында «Латын баласы» деген бүр­кеншік есіммен танылған 34 жастағы Мексиканың мар­қасқасы Элиас Эспадасқа (23-6, 16 КО) қарсы өткізеді. Бұл сол кештің басты жекпе-жегі болмақ.
  • Абу-Дабиде WTA-500 турнирі бас­талды. Жүлде қоры 1 064 510 АҚШ долларын құрайтын дүбірлі додада еліміздің екі теннисшісі бақ сынайды. Олардың екеуі де жарысты екінші кезеңнен бастайды. Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 68 орында тұрған америкалық Кэти Волынецпен кездеседі. Юлия Путинцева чехиялық Маркета Вондроушева мен ұлыбританиялық Эмма Радукану ара­сындағы бәсекенің жеңімпазымен шеберлік байқасады. Роттердамдағы турнирде Александр Бублик бақ сынайды. Тұсаукесер кезде­судегі оның қарсыласы – Чехияның өкілі Якуб Меньшик. Доданың жүлде қоры 2,5 миллион доллардан асады.
  • 13–18 ақпан аралығында Талдықор­ғандағы «Жастар» спорт сарайында 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында ел чемпионаты ұйымдастырылады. Жекпе-жектер 13 салмақ дәрежесінде өтеді. Жарыста алдағы уақытта ұлттық құрама команданың сапына қабылданатын резерв қарастырылады. Бір айта кетер­лігі, бұрын-соңды елімізде осы жас ерек­шелігі бойынша жарыс өтпеген. Бұл жоба жаңадан тағайындалған аға жаттықтырушы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен жүзеге асып жатыр.
  • Кувейттің Эль-Кувейт қаласында стенд атудан еліміздің құрамасы оқу-жаттығу жиынын бастады. Оған ұлттық команда сапындағы 42 мерген қатысып жатыр. Жиын 13 ақпанда аяқталады.