
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Иә, «Қыз Жібектің» ең әуелгі табысы – түсірілім жұмыстары маңайына Ғабит Мүсірепов, Нұрғиса Тілендиев, Сұлтанахмет Қожықов, Қадыр Мырза Әлі, Гүлфайруз Ысмайылова, актерлерден – Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды кіл мықтылар топтастырылғандығында. Екіншіден, туындының әрбір деталіне дейін жіті мән беріліп, фильмнің көркемдік элементтері жеке-жеке жетілдірілгендігінде дер едік.
Мәселен, кинокартинадағы көп құлағында жатталған Жібектің бір ғана «Гәкку» әнін алайық. Дәл осы әннің орындаушысын табу түсірілім тобын біраз әбігерге салса керек. Бас кейіпкердің ішкі жан сыры мен мұңын, болмысы мен табиғатын жеткізу жолында аталған әннің тұтас драматургиясын һәм ондағы үн әсемдігін жеткізетін лайықты әнші табу үшін, тіпті, кастинг те жарияланады. Деректерге сүйенсек, Қыз Жібектің партиясын орындауға 80-ге жуық әнші шақырылыпты. Олардың ішінде белгілі театр солистері мен танымал әншілер де болған. Бірақ фильмнің композиторы Нұрғиса Тілендиев пен режиссері Сұлтанахмет Қожықов ел арасында аса танымал емес, алайда сол кезде халықаралық ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгерген белгілі опера әншісі Мунира Матабайқызы Ижанованы лайық көреді. Тіпті әншіні өздері арнайы іздеп келіп, қолқа салады. Ол сәтті әншінің өзі былай деп еске алады:
«Маған өнер анамның сүтімен дарыса керек, 5 жасымнан бастап ән айттым. Ағам да дәстүрлі әнші болатын. Егістікке барып ән салатынбыз. Бойжетіп, арман қуып Семейден Алматыға консерваторияға түсуге келдім. Бір күні құрбым екеуміз көшеде бірнеше балмұздақты қатар жейміз деп, тамағым ауырып, оқуға түсе алмай қалдым. Есесіне сол кездегі ЖенПИ, қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне түсу қиын болмады. Оны бітірген соң, сонда мұғалім болып қалдым. Өз бағымды сынап, түрлі байқауға қатысып, ортаға таныла бастадым. Байқауларда Нұрғиса Тілендиевтің «Ақ шағала» әнін орындап жүрдім. Бір күні әйгілі композитордың өзі режиссер Сұлтан Қожықовпен бірге мені іздеп институтқа келді. Жылылыққа толы амандық-саулықтан соң: «Мунира Уанбаева деген қыз сіз бе?» деп сұрады. Қыз күнімдегі тегім осылай болатын, кейін тұрмысқа шығып Ижанова болдық қой. Содан Нұрғиса аға көп кідірмей бірден күйсандыққа отырып құлаққа таныс әдемі әннің әуенін ойнай жөнелді. Осылайша, тамаша бір тандемде он бес шақты әнді бірге орындадық. Кейін Сұлтан аға екеуі мені киностудияға шақырды. Әлбетте, бірден келістім. Қатты қобалжығаным да жасырын емес. Сөйтіп, киностудияға барсам, Бибігүл Төлегенова мен Нұр-аға екеуі «Гәккуді» айтып жатыр екен. Бибігүл Ахметқызы орындап болған соң, мені күйсандығының қасына шақырды: «Айналайын, қарындасым, осы әнді айта аласың ба?» деп сұрады. «Иә!» дедім ойланбастан. «Гәккуді» орындап болған соң Нұр-аға бір айдан кейін өздері хабарласатындарын айтты. Арада 30 күн өткенде киностудияға қайта шақырылдым. Ағалар әнімді ұнатқан болуы керек, фильмге бірден бекітті», дейді әнші.
Міне, осылайша Мунира Матабайқызының үні әйгілі фильм арқылы бір-ақ сәтте күллі қазақ еліне, тіпті, кеңес одағынан асып шартарапқа жетті. Қыз Жібектің «Гәккуі» әншіні ғаламат танымалдылыққа ғана жеткізіп қойған жоқ, сондай-ақ түсірілімде жүріп сұлу үнді бойжеткен өмірілік серігі фильмнің музыкалық аспаптар оркестрінің примашысы атыраулық Досқали Ижановпен көңіл жарастырады. Бір-бірін ұнатқан қос ғашық шаңырақ құрып, кейін Атырауға көшіп кетеді.
«Ол бір қызық кез еді ғой. Бірде фильмге кеңесші болып жүрген профессор ағамыз мені қасына шақырып алып: «Айналайын, Жібекжан, бері келші. Анау көзілдірікті жігітті көрдің бе, сол жігіт сізді жақсы көреді» деді. Әуелде абдырап қалған мен қапелімде аузыма сөз түспей: «Жақсы көрмей-ақ қойсын. Маған қазір ештеңе керек емес, дауысым бұзылып кетеді», деппін сасқанымнан. Кейін ойланып қарасам, ол ойым бекер болған екен. Төлегенім қасымда жүріпті», дейді әнші сағынышқа толы сағым сәттердің әсеріне елітіп.
Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында ұзақ жылдар ұстаздық етіп, зейнетке шыққан Мунира Матабайқызы бүгінде 83 жасқа аяқ басты. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, әнімен жүректерге жол салған сұлу жан әлі де бабында. Ал «Қыз Жібек» фильміндегі көп көңілінде жатталған әншінің мөлдір даусы жылдармен бірге ғасырларға жалғасары сөзсіз.