Спорт • 06 Ақпан, 2025

Жарыс күнделігі

43 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

23 ақпанда Чер­ногорияның Петровац қаласында шахматтан 20 жасқа дейінгі ойыншылар арасында әлем біріншілігінің шымылдығы түріледі. Екі аптаға созылатын бәсекеде еліміздің намысын Дүниежүзілік шахматшылар Олимпиадасының күміс жүлдегері Әмина Қайырбекова мен бірқатар халықаралық турнирде топ жарған Даниял Сәпенов қорғайды.

Жарыс күнделігі
  • Сербияның астанасы Белградта бокстан халықаралық турнир басталды. 62-мәрте ұйымдастырылып отырған жарыста елі­міздің 15 боксшысы күш сынасады. Олар – Нұрғиса Тұрабеков (48 кг), Рамазан Нұрлыбаев (51 кг), Бексұлтан Боранбек, Нұрсұлтан Ал­тынбек, Кенже Мұратұлы (54 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Бекзат Мағжан (63,5 кг), Илья Калинин, Нұрбек Мұрсал (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг), Бақберген Әлиасқаров, Санжарәлі Бегалиев (75 кг), Ілияр Әшіров (80 кг), Дәурен Мамыр (86 кг), Нұрасыл Асылхан (+92 кг).
  • 22–23 ақпан аралығында Бакуде батут пен тамблингте секіруден Әлем кубогінің жалауы желбірейді. Жарыста осыдан екі жыл бұрын дара шығып, былтыр Париж Олимпиадасына қатысқан Данил Мұса­баев та өнер көрсетеді. Данилден бөлек, Никита Тимаков, Роман Барков, Ерлан Тасмағамбетов, Виктория Бутолина (батут), Александр Ромаховқа (тамблинг) сенім артылып отыр.
  • Нидерландта шахматтан «Tata Steel Chess Tournament 202» турнирі аяқталды. «Challengers» санатына енетін жарыс­та Қазыбек Нөгербек тағы екі мемлекеттің өкілімен бірге 6–8 орынды өзара бөлісті. Бас жүлдені үндістандық Прагнанандха Рамешбабу олжаласа, оның отандасы Гукеш Доммараджу күміс медальді иеленді. Қола жүлде өзбекстандық Нодирбек Абдусатторовқа бұйырды.
  • Бокстан әлем, Азия чемпионы Милана Сафронова кәсіпқой рингте жұдырықтасуға бел буғанын ресми түрде жария етті. 33 жастағы Қарағанды облысы, Саран қаласының тумасы осыдан бірер күн бұрын ғана Таиландта жаттығып қайтты. Қазірде Мәскеуде өзінің алғашқы жаттықтырушысы Захар Рутенбергпен бірге алдағы жекпе-жекке дайындалып жатыр.
  • Мадридтің «Реалы» бір маусымда 1 миллиард еуродан аса пайда тапқан тұңғыш футбол командасы ретінде тарихта қалды. Нақтылап айтсақ, корольдік клубтың 2023–2024 жылғы табысы 1,046 млрд еуроны құрады. Одан кейінгі сатыларға мына командалар жайғасты: «Манчестер Сити» (838 млн), ПСЖ (806 млн), «Манчестер Юнайтед» (771 млн), «Бавария» (765 млн), «Барселона» (760,3 млн), «Арсенал» (717 млн), «Ливерпуль» (715 млн), «Тоттенхэм» (615 млн), «Челси» (546 млн). Бұл ақпаратты «Deloitte» деп аталатын халықаралық аудиторлық компания таратып отыр.
  • УЕФА Еуропа ли­гасының плей-офф са­йыс­тарында мына ко­мандалар өзара күш сы­насады: «Ференц­варош» – «Виктория (Пльзень)», «Твенте» – «Будё-Глимт», «Сент-Жил­луаз» – «Аякс», «АЗ Ал­кмаар» – «Гала­таса­рай», «Порту» – «Рома», «Фенербахче» – «Андерлехт», ПАОК – «Стяуа», «Мидтьюлланн» – «Реал Сосьедад». Кезеңдік жарыста алғашқы сегіз орынды иеленген «Лацио», «Атлетик», «Манчестер Юнайтед», «Тотенхэм», «Айнтрахт», «Леон», «Олимпиакос», «Рейнджерс» бірден 1/8 финалға шығып отыр.
  • Ұлыбританияның GiveMeSport порталы ең көп жалақы алатын футболшылардың тізімін жариялады. Көш басында – Криштиану Роналду. «Әл-Насрдың» сапында жасындай жарқылдап жүрген португалиялық сұрмерген аптасына 3,231 млн фунт-стерлинг алады. Екінші орында Сауд Арабиясының чемпионатында өнер көрсетіп жүрген тағы бір жұлдыз – Кәрім Бензема. «Әл-Иттаханың» капитанының табысы – 1,607 миллион. Үздік үштікті Роберт Левандовски түйіндеп тұр. «Барселонаның» беткеұстарының апталық жалақысы – 538 мың. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарына мына теңбіл доп шеберлері енді: Эрлинг Холанд – 525 мың, Килиан Мбаппе – 502 мың, Айвен Тони – 412 мың, Харри Кейн – 404 мың, Александр Митрович – 404 мың, Джон Дуран – 322 мың, Душан Влахович – 314 мың.