Банктер үшін КТС-тің тиімді мөлшерлемесі 15% болған, ал әдетте компаниялар үшін ол 20%-дан асады. Бұл мемлекеттік бағалы қағаздардан (МБҚ) түсетін табыстың (оларға салық салынбайды) салық жеңілдігіне байланысты. Енді 2026 жылдан бастап сол жеңілдікті алып тастауды жоспарлап отыр. Өйткені ол жеңілдік салық түсімін төмендетіп қана қоймай, нақты секторды несиелеуге деген ықыласты да кемітеді. Өйткені салықтық артықшылыққа байланысты МБҚ-ның тиімді кірістілігі номиналдыдан 20%-ға жоғары. Мысалы, МБҚ мөлшерлемесі 15% болса, онда салық әсерін ескере отырып, ол 18,75%-ға теңесер еді, бұл оларды несиеге қарағанда тиімдірек етеді.
Жеңілдетілген түрде банктің жұмыс схемасы келесідей: депозит және басқа да құралдар арқылы клиент ақшасын тартып, банк оны несие, құнды қағаз, Ұлттық банктегі депозит және басқа да қаржы активтеріне айналдырады. Базалық мөлшерлеме ақша құнының төменгі шегін қалыптастырады, алайда тәуекелсіз активтерде салық жеңілдігі болса, онда оның құны ұлғая түседі. Банк нарыққа шығармаған ақшасын Ұлттық банкке қайта қаржыландыру мөлшерлемесімен минус 1%-бен салады. Мәселен, 15,25% базалық мөлшерлеме кезінде мұндай салымдардың кірістілігі 14,25% болады. Ал валюталық қалдықтар маржаны алып тастағанда ФРЖ ставкасына орналастырылады, бұл қазір шамамен – 3,5%.
2024 жылы банктердің жалпы пайыздық кірісі 7,41 трлн теңгені құраған. Банктердің басты табыс көзі – нарықтық құннан әлдеқайда төмен бағада қаржы тарта алуында. Басты себеп – қадағалаушылық шектеулер. 2018 жылы Ұлттық банк ағымдағы шоттарға пайыз есептеуге тыйым салды. Бұл – азаматтардың карта шоттарында, компания мен бюджеттік ұйымдардың есептік шоттарында сақталатын ақша. Өткен жылы мұндай қаржының орташа көлемі 9,2 трлн теңге болған. Оның 5,6 трлн теңгесі – теңгемен, 3,6 трлн теңгесі – шетел валютасымен сақталған. Банк мұндай қаржыны тегін тартады және оны Ұлттық банк пен ФРЖ-ға мөлшерлемемен орналастырады.
Қарапайым есептеу: Теңгемен: 762 млрд теңге (5,6 трлн × 13,61%); Шетел валютасымен: 126 млрд тенге (3,6 трлн × 3,5%). Нәтижесі: 888 млрд теңге ағымдағы шот есебінен келген. Сонымен қатар валюталық депозит бойынша мөлшерлемені шектеу де (жылдық 1%) қадағалаушылық арбитражды тудырып отыр. ФРЖ мөлшерлемесі нөлге тақау болған кезде соншалықты рөл ойнай қойған жоқ. Алайда ол өскеннен кейін банктер тәуекелсіз арбитражға ие болды (2,5%). Сөйтіп, 6,4 трлн теңге шетел валютасындағы депозит 160 млрд теңге қосымша табыс әкелді. Осылайша, қадағалаушылық арбитраж былтыр банктердің 1,048 трлн теңге таза пайда табуына мүмкіндік берді. Оның 449 млрд теңгесі – бюджеттің толық алынбаған кірісі, өйткені заңды тұлғалар арасындағы ағымдағы шоттардың негізгі ұстаушылары – бюджеттік ұйымдар.
Қазір КТС-ты 5%-ға көтеру талқыланып жатыр (бюджетке 150 млрд теңге әкеледі деп). Алайда қадағалаушылық арбитражды да жою қосымша 1 трлн теңге алып келер еді. Сонда бұл ақша тек бюджетке емес, халық пен бизнеске де оралады. Шешім: ағымдағы шоттарға пайыз есептеуге салынған тыйымды алып тастау; валюталық депозит бойынша мөлшерлемелерге шектеуді алып тастау; банктер арасында бәсекені күшейту. Мұның бәрі олардың экономикаға белсенді түрде кредит беруіне жағдай жасайды.
Арбитраждың жойылуы салдарынан банктер табыстың жаңа көздерін іздеуге көшеді. Демек, кірістілікті сақтап қалуға тырысатын акционерлер банкке несие көлемін ұлғайтуды тапсырады. Бұл өз кезегінде несие нарығын кеңейтіп, экономикаға оң әсер етеді.
Әрине, бұл орайда банк секторы несие бойынша мөлшерлеме өсіп кетеді дегенді алға тартып, мұндай өзгеріске қарсы шығады. Алайда жоғары бәсеке мен мемлекеттік бағдарламаларға шектеу несие пайызының өсімін тоқтата алады. Ең бастысы – банктер тиімсіз реттеуден артық пайда табуды тоқтатады, бұл бүкіл экономикаға пайда әкеледі.