Таным • 07 Ақпан, 2025

«Кәрі жезделер» хақындағы фельетон

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама жанның тағдырын талқандады. Мұндай деректер хақында сол кездегі газеттер де аз жазбаған. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» («Egemen Qazaqstan») газетінің 1943 жылдың 7 қыркүйегіндегі №184 санында белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Кәрі жезде» атты фельетоны жарық көріпті. Ол фельетонда ері жоқ қоғамда қоразданған шалдар келіншектерді де місе тұтпай, жас қыздарға үйленіп жатқаны сыналған.

«Кәрі жезделер» хақындағы фельетон

Соғыс біреуге – қайғы, біреуге – «жайлы» болғаны анық. Тепсе темір үзетін жас жігіттер майданға алынып, көбі шейіт кетті. Елде жетімдер мен жесірлер көбейді. Сұм соғыстың кесірінен үріп ауызға салғандай жап-жас келіншектер шал-шауқанның етегін ұстауға мәжбүр болды. Біз сөз етіп отырған фельетонда тіпті есік көрмеген жас қыздар да «кәрі жезделердің» құрбанына айналғаны айтылады.

Автор жолы түсіп Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына барғанын, ұжымшар басшыларының бас­қосуымен жиын өткенін, бастық­тардың бәрінің жасы егде екенін, солар­дың бірін отырғандар:

«Болсаң да алпыстағы кәрі жезде

Қартаятын түрің жоқ әлі жезде,

Сақал-мұртың сапсиып жас қыз алып,

Сонда шыққан мүйізің қане, жезде?» деп қағытқанын жазады.

Асқар Тоқмағамбетов «Әңгіменің сырын алғашқыда білмесек те, кейін білдік. Сөзден сөз туып, Дәнекең жөніндегі әзілдің беті ашылды. Ол туралы бір өлең де табылды. Мазмұны мынандай екен» деп бір өлең жариялаған. Онда автор:

«Сақал-мұртпен қосыла шаш та алынды,

«Енді есіме алайын жас шағымды» –

Деген ойға кірді де, қыз көрінсе

Баяғыдай бастады қас қағуды», дей келіп, Дәнекеңнің үстіне шайы көйлек тіктіріп, қалтасына әтір салып, қолына сағат тағып, жас жігіттей сыланып шыға келгенін, жас қызға құда түсіп үйленгенін мысал етеді.

Ел аузындағы әлгі өлең «Қыбын тапты, алдады, қызға үйленді» дей келіп:

«Сөйтіп, біздің Дәнекең дәндеген шал,

Жасадым-ау демейді бір жасқа обал.

Арсыздықпен кезеңді пайдаланып,

Салтты бұзған шығып жүр

Дәндібайлар!»

деп тәмамдалады.

Әрине, айтқан ауызға жеңіл бол­ғанымен, бұл фельетоннан заман­ның ащы зары естіледі. Бердібек Соқ­пақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романында да Нұрәлі деген ұжымшар басшысына майдан жайлы болып, жас келіншектің басын шыр айнал­дырып, тоқалдыққа алып, төсек жаңғыртпаушы ма еді? Халықтың басына қайғы бұлты үйірілгенде қара басының қамын күйттейтін Дәндібайлар қай заманда да болған. Өкініштісі сол, біз шал-шауқанға өмірін қор етіп жүрген қазіргі замандағы қыздардың тағдыры хақында айтуды һәм жазуды ұмыт қалдырғандаймыз.

Кәрі жезделер әлі де кәріне мініп жүрген жоқ па осы?

Соңғы жаңалықтар