Спорт • 07 Ақпан, 2025

Жарыс күнделігі: Футзал

109 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Еуро-2026 додасының іріктеу турнирінде еліміздің құрамасы Астанада Данияны қабылдады. Осыдан бірер күн бұрын ғана жерлестеріміз сырт алаңда осы командадан ойда-жоқта 2:3 есебімен ұтылған еді. Бұл жолы жігіттеріміз жарады. Бәсеке барысында Дуглас Жуниор дубль авторы атанса, Дәурен Тұрсағұлов, Ақжол Дәрібай, Азат Валиулин, Дамир Қайырбай бір-бір реттен нысананы дәл көздеді. Тағы бір голды даниялықтар өз қақпасына соқты. Есеп – 7:3. Осы жеңістен кейін еліміздің футзалшылары 7 ұпаймен жарыс кестесінде көш бастады. Екінші орындағы Арменияның да 7 ұпайы бар. Одан кейінгі сатыларға Албания (3 ұпай) мен Дания (3 ұпай) жайғасты.

Жарыс күнделігі: Футзал
  • 5 сәуірде Астанадағы «Барыс-Аренада» кәсіпқой бокс кеші өтеді. Жарыстың басты жекпе-жегінде орта салмақтағы WBO, IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) Анауэль Нгамиссенгемен жұдырықтасады. Анауэль Конгода туып-өскенімен, қазіргі кезде Францияның туы астында өнер көрсетеді. 3 ақпанда 29 жасқа толған спортшының кәсіпқойлар арасында күш сынасып жүргеніне бес жылға жуықтады. Осы аралықта 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 9 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бұл жарыстан әлемге әйгілі ESPN арнасы тікелей репортаж жүргізеді.
  • Әбу-Дабиде WTA 500 турнирінің тұсауы кесілді. Еліміздің екі теннисшісі де жүлде қоры 1 064 510 долларды құрайтын жарысты екінші айналымнан бастады. Өкінішке қарай, Юлия Путинцева (№21 ракетка) әлемдік рейтингте өзінен 16 саты төмен тұрған Маркета Вондроушоваға (№36) есе жіберді. Есеп – 2:6, 3:6. Елена Рыбакина (№5) АҚШ-та тұрып жатқан украиналық Кэти Волынецпен (№68) шеберлік байқасты. Бұл бәсекеде еліміздің бірінші ракеткасы басым түсті – 2:6, 6:4, 6:4.
  • «Астана» велоклубы Парсы шыға­нағында өтетін екі бірдей дүбірлі додаға қатысады. Атап айтсақ, бүгін Оманда «Масқат классикасы» ұйымдастырылады. 8-12 ақпан аралығына «Оман турын» тамашалаймыз. Аталған жарыста «Астананың» туы астында Антон Чармиг, Макс Кантер, Хенок Мулюбырхан, Ваут Пулс, Диего Улисси, Давиде Тонеатти, Николя Винокуров сынды велошабандоздар өнер көрсетеді.
  • Футболдан 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында еліміздің құрамасы 23 нау­рызда сырт алаңда Уэльске қарсы ойнай­ды. Күні кеше ғана Англияның Премьер-лигасында өнер көрсететін сол коман­даның екі бірдей белді ойыншысының жарақат алып, алдағы матчтарға қатыса алмайтыны белгілі болды. Атап айтсақ, «Тоттенхэмнің» шабуылшысы Бреннан Джонсон жіліншігін жарақаттап алған, «Фулхэмнің» форварды Харри Уил­сонның аяғы сынған.
  • Үндістанның Ченнай қаласында АТР-дің «Челленджер» санатындағы турнирі басталды. Тұсаукесер кездесуде Тимофей Скатов чехиялық Гинек Бартонмен кездесіп, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екінші кезеңде ол ресейлік Аслан Карацевпен күш сынасады.
  • Испанияның Аликанте қаласында бокстан «Boxam Elite-2025» турнирінің шымылдығы түрілді. Алғашқы жарыс күні Бағлан Кенжебек (54 кг) словакиялық Эрик Кантонаны, Жасұлан Тілеумбек (57 кг) палестиналық Васим Абусалды, Бейбарыс Жексен (60 кг) мажарстандық Роланд Верешті, Жандос Қыдырәлиев (63,5 кг) пен Дулат Бекбауов (67 кг) Испанияның қос өкілі – Ойер Ибаррече Конде мен Йерай Георгевич-Барруэконы (Испания), Диас Молжігітов (75 кг) португалиялық Диогу Семедуді, Мақсат Өтегенов (75 кг) украиналық Юрий Заха­реевты ұтса, Бекнұр Батырбек (86 кг) румыниялық Андрей Арэдоаемен жұдырықтасудан бас тартты. Гүлжайна Үббіниязова Румынияның тағы бір өкілі Клаудия Нечитадан жеңілді. Сондай-ақ соқыр жеребе еліміздің қос өрені Елнұр Сүйінбай мен Аман Қонысбековті (71 кг) тұсаукесер кездесуде жолықтырды. Бұл тартыс Елнұрдың пайдасына шешілді.