Өшпес даңқ • 07 Ақпан, 2025

Майдангерді еске алды

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәкен Төрегелдиннің есімі Ұлытау аймағына жақсы таныс. Оны 16 жасында Қаныш Сәтбаев өзі басқаратын геологиялық барлау партиясына коллектор етіп жұмысқа қабылдайды. Соғыс басталғанда еріктілер қатарында майданға аттанып, Сталинградты жаудан азат етуге қатысады. Жауынгерлік ерлігі үшін I, II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталып, еліне аман-есен оралған.

Майдангерді еске алды

Елге оралған соң қатар­дағы мұғалімнен аудан­дық партия ко­­ми­тетінің бірінші хатшысы­на дейінгі жолдан өткен М.Төрегелдин халықтың шынайы құрметіне бөленді. Ол зейнет жасына шыққан соң әзірге Орта Азияда теңдесі жоқ тау-кен және балқыту ісі мұражайын ұйымдастырды. Майдангер Мәкен көптеген орден, медальмен марапатталды, Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының құр­метті азаматы, Жезқазған уни­верситетінің құрметті профессоры, Мәдениет қайраткері атақтарын иеленді.

Ұлытау облысында Же­ңіс­тің 80 жылдығына орай өткен алғашқы іс-шара Мәкен Төрегелдинді еске алуға арналған «Ғибратты ғұ­мыр» кешінен бастау алды. Бұл облыстық кітапханада ұйымдастырылды. «Тарихқа табан тіреген тарлан» бейне­көр­сетіліммен ашыл­ған кешке қатысушыларды Ұлы­тау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин құттықтады.

Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов өз естелігінде М.Төрегелдиннің соғыста қаза тапқан жауынгер досының ата-анасын арада 30 жыл өткенде тауып, Ресейдің бір деревнясына іздеп барғанына тоқталды. Олар «екеуміздің біріміз өліп, біріміз тірі қалсақ, әке-шешемізге қалай өлгенімізді айтып береміз» деп уәделескен екен.

ро

– Сонда әлгі кісілер: «Қазақ деген неткен керемет халық едіңдер. Соғыста осыдан отыз жыл бұрын берген уәдем бар еді деп бізді сонау қиырдан іздеп келіп отырсың. Ал менің сол баламның құрдастары осы деревняда тұрып, бізге келіп сәлем беруді де білмейді», деп ризашылығын білдірген екен. Сөйтіп, Мәкең өзінің асқан парасатының арқасында ұлтымыздың атын асқақтата білген ағамыз еді, – деді Сағындық Үсенұлы.

Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Өтеш Ахметов Жезді ауданында Мәкен ағамен қыз­меттес болған.

– 1983 жылы 60 жасқа толуына байланысты ағаға қос қаламсап салып қоюға арналған шағын кәдесый әзірледік, құттықтау лебізімізді ойдырып жаздық. Жеме-жемге келгенде басқа сыйлық берілді де, бұл қалып қойды. Бірақ «ағаға арналған сыйлық еді ғой» деп лақтырып тастауға қимай осы кезге шейін үйде сақтап келіп едім. Ендігі жерде Мәкеңнің музейін толықтырып тұрсын, – деген ол арада 42 жыл өткенде шағын кәдесыйды Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайының директоры Зейпін Қазанбаеваға табыстады.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің орындауындағы Рамазан Еле­­баевтың «Жас қазақ» әні тыңдағандарды тебірентпей қоймады. Кеш соңы «М.Төре­гелдин. Менің парызым» атты жылжымалы көр­мені тама­­­шалауға ұласты.

 

Ұлытау облысы