
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Теміржол саласының инфрақұрылымын жақсартуға кейінгі жылдары мемлекет тарапынан тиімді жағдай жасалып жатыр. «ҚТЖ» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев экономикалық ахуалды ұлғайту мақсатында 185 локомотив және 143 жолаушылар вагоны сатып алынғанын хабарлады. Алдағы үш жылда жолаушылар вагондары толығымен жаңартылып, жасақталмақ. 2025 жылдың II тоқсанында «Штадлер Қазақстан» зауытында жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. Үкімет 2029 жылға қарай 1 200-ге жуық жолаушылар вагонын сатып алуды көздеп отыр. Нәтижелі болған жағдайда вагондардың тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді.
Ұлттық компания қазір үш ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруды бастап кетті. 5 мың шақырымнан астам темір жол торабы 2030 жылға дейін салынып, 11 мың шақырым шойын жол жөнделеді деп жоспарланған. «Достық–Мойынты» теміржол желісінің жобасы Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал мүмкіндігін жеделдетуге бағытталған. Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші жолдардың құрылысы жүріп жатыр. Жер төсемін нығайту жұмыстары 99 %-ға аяқталған. 92 көпірдің 78-і салынды. 550 шақырымға жуық жолға жаңа рельс пен шпал торлары төселген. Алдағы уақытта «Мойынты–Балқаш» және «Бескөл–Достық» бағыттарында уақытша пойыз қатынайды деген жоспар да қарастырылған.
«Достық–Мойынты» теміржол учаскесіне екінші жол салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан көршілес қытай еліне жоспар бойынша тасымалдау белгіленген мерзімнен бұрын нәтижелі орындалды. 2023 жылмен салыстырғанда өсім 12%-ға артты», дейді «ҚТЖ» ҰҚ «Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы» филиалы директорының орынбасары Әліби Төлегенов.
Алматы стансасын айналып өтетін айналма теміржол тармағының құрылысы жоспарға сай жүзеге асып жатыр. 75 шақырымды құрайтын жаңа желінің ұзындығы «Қазыбек-бек» және «Жетіген» стансаларын байланыстырады. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында 125 шақырым жол төселген.
«Жетіген» стансасының базасында 40 шақырым рельс-шпал торын төсеуге дайындық жүргізілді. Бұл жобаның маңыздылығы айналма теміржол желісі Алматы стансасын айналып өтіп, жүк ағынын «Жетіген–Қазыбек бек» жаңа теміржолына қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Алматы торабына түсетін жүктеме 40% азаюға тиіс. Сондай-ақ діттеген жерге жүк қысқа мерзімде жеткізілмек.
«Жоба бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр. Жетіген стансасының базасында көлемі 4,8 млн текше метрден астам қазба және басқа да жұмыстар жүргізілді. 32 су өткізгіш құбыр және 3 көпір орнатылды. Құрылыс жұмыстары 2025–2026 жылдары аяқталып, қолданысқа беріледі», дейді Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбуғанов.
Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық байланысты нығайтуға негізделген «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол құрылысы – маңызды жобалардың бірі. Жаңа теміржол желісінің құрылысы жүк тасымалын қазіргі Сарыағаш–Ташкент учаскесінен жаңа желіге ауыстыруға, сондай-ақ «Сарыағаш» стансасының жұмысын едәуір жеңілдетеді деп жоспарланған. Өңірлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында аталған жоба алдағы уақытта Өзбекстанға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бермек.
203 шақырым жолдың 100 шақырымына рельс-шпалды төр төселіп, қазір 9,5 млн текше метр қазу жұмыстарының 15%-ы орындалды. Құрылысқа қажетті материалдар жергілікті өндірушілерден жеткізіледі. 70-тен астам жұмысшы, 46 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған инфрақұрылымдық жоба 2027 жылы аяқталады. Құрылыс кезеңінде 3 400 уақытша жұмыс орны, қолданысқа берілген уақытта 500-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.