
«Қатарыңның алды бол» дейді баталы сөзде. Талап, талантымен көпті тәнті еткен Сая қазір қатарластарын басып озып, үлкендердің өзіне үлгі болып жүр. Алғыр қыз ағылшын тілін тез үйренудің тетіктерін алты жасында меңгеріп, небәрі тоғыз жасында өзгелерге шет тілін үйрете бастаған. Ал он төрт жасында ол екі бірдей оқу орталығын ашқан.
«Биыл 11-сыныпты тәмамдаймын. Одан соң бірден оқуға түспеймін. Бір-екі жыл өзімді танып, бағытымды айқындағым келеді. Әрине, жоғары білім аламын. Бірақ асығыстық танытудың қажеті жоқ. Болашақта әлемнің бірнеше мемлекетінде өз мектебімді ашу жоспарда бар. Ал «IELTS» емтиханы туралы айтатын болсақ, адамның қабілеті мен мүмкіндігі ғаламат. Тек өз бойындағы сол бөлекше қасиетті дұрыс жүйе арқылы ұдайы жетілдіре білу керек. 14 жасыма дейін ұялы телефон қолданбайтынмын. Зейінім тек оқуда болды. Абай атамыз Отыз сегізінші қарасөзінде «Ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» дейді ғой. Сондықтан шет тіліне қызығушылығымды оятқан анама алғыс айтқым келеді», дейді Сая Қыдырәлі.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын 3,5 миллионнан астам адам «IELTS» емтиханын тапсырады. Ал ең жоғары 9 балға үміткерлердің небәрі 0,5 пайызы ғана қол жеткізе алады. Сондықтан Саяның бұл жетістігі расымен таңдай қақтырарлық. Үйренуден жалықпайтын, үйретуден аянбайтын жанға тек сәт-сапар тілейміз.